«Құқықтық көмек»: Тұрғындарға тегін құқықтық көмек берілді | arainews.kz

«Құқықтық көмек»: Тұрғындарға тегін құқықтық көмек берілді

78

Бүгін Тараз қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету бөлімінде ұймдастырылған мобильді қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан құқықтық сауалдарына жауап алды.«АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және заңгер мамандармен бірлесіп келушілердің өтініштерін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, тұрғын үй мен жер учаскесін алу, мүгедектік тағайындау, несие мәселесі, мүлікті жекешелендіру бойынша мәселелер көтерді. Сонымен қатар, алаяқтарға алданғандарға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Айжан Аманжолова мұрагерлік құжат рәсімдеуде кедергілерге тап болғанын айта келіпті. Оның бүгінде тұрып жатқан үйі осыдан бірнеше жыл қайтыс болған әкесінің атында екен.

– Осыған дейін мұрагерлік рәсімдеу бойынша бірнеше мекемеге бардым. Бүгін де халыққа қызмет көрсету бөліміне келген болатынмын. Дегенмен «АМАNАТ» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында заңгерлерден тиісті кеңестер алдым. Жасыратыны жоқ, заңгерлер мұндай кеңеске айтарлықтай қаржы алады. Сондықтан қала тұрғындарына тегін кеңестер ұйымдастырып отырған «АМАNАТ» партиясына алғысым шексіз, – дейді Айжан Аманжолова.

«АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловкелушілерге тегін кеңес беріп, сауалдарына жауап берді.

– «Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әлсіз тобына құқықтық көмек беру мақсатында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша заңгер, адвокат, медиатр мамандар халыққа тегін құқықтық көмек беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Еліміздің барлық өңірінде апта сайын тұрақты түрде аталмыш жоба аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріледі, — дейді Дауыл Ынтықбайұлы.

Айта кетерлігі, жоба аясында 2023 жылы 81 қабылдау өтіп, онда 178 адамға тегін құқықтық кеңестер берілді. Ал, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 51 қабылдау өткізіліп, онда 163 тұрғынның өтініші қаралып, тиісті заңгерлік көмектер көрсетілді.

 

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.