Креативті идеялар алаңы

167

Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Қазақстандық­тар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген болатын. Мемлекет басшысы әрқашанда жастарды қолдап, олар ұсынған саналуан бастамалардың іске асуына жол ашып келеді.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы түрлі тақырыптар төңірегінде тың бастамалар, ұтымды ойлар, қызықты пікірлер айтылатын жастардың алаңын құру мақсатында еркін форматтағы кездесулер өткізуді бастады. Әр жұма сайын облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасындағы коворкинг орталықта ұйымдастырылатын мұндай бейресми басқосуға қоғамдағы көптеген мәселелерге қатысты айтар ойы, тұшымды пікірі бар түрлі саладағы азаматтар қатыса алады.
Өткен екі жұмада партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенді азаматтар еркін форматтағы жиынға қатысты. Түрлі тақырыптарды жан-жақты талқылап, кездесуде болған жастар серпін алатын, санасына ой түйетін әңгімелер қаузалды.
Олардың арасында еріктілер ұйым­дары­ның жұмысы, вандализммен және қабырғаларға сайттарын жазып, есірткіні насихаттап жатқандармен күрес жолдары, мемлекетке салық төлемдерін түсіретін фискалды чек талап ету туралы мәселелер қызу талқыланды.
Сонымен қатар, елді мекендердегі тұрғындарға ағылшын тілін үйретудің жеңіл жолдарын табу туралы да қызықты идеялар сөз болды.
Келесі кездесулерге осы мәселелерге жауапты сала басшылары да шақырылмақ.
Жалпы, түрлі идеялар,баянды бастама­лар­дың ұшқыны қылаң беретін креативті ойлар ортаға салынатын мұндай алаңның қоғамға пайдасы зор болары сөзсіз.
Осы жұмадағы кездесу тақырыбы – еріктілер ұйымдарын дамыту және фискалды чек талап ету мәселелеріне арналмақ.

Нұржан ТУҒАНБАЙ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.