Көшпенділер ойынында көш бастадық | arainews.kz

Көшпенділер ойынында көш бастадық

234

Қырғызстан мемлекетінде өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны қыза түсті. Жарыстың алғашқы күндерінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары жеке-дара көш бастап тұр.

Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған көшпенділер ойынына жалпы саны 80 мемлекеттен 3 000 спортшы қатысуда. Олар 37 спорт түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салып жатыр. Қазақстан намысын 200 спортшымыз қорғап жатса, олардың қатарында жамбылдық жампоздар да аз емес. Атап айтсақ, көкпардан Болатбек Әлімбетов, Құрманбай Есжан, Тұрғанбек Құрманбек және Мәтжан Мейіржан ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Ал, құсбегілік сайысында Жалғас Әлімбеков пен Бақдәулет Бабажан ұлттық өнерді қаншалықты меңгергендерін көрсетпек. Асық атудан Еркебұлан Абдировқа ел үміт артып отыр. Құнан бәйгеде Нұрахмад Жангудаев ат жалында өскен қазақтың қайсарлығын танытатын болса, жамбы атуда Жарқынай Рахымбаева мен Абзал Тұлыбековтың дес бермейтініне сенім мол. Армрестлингтен даңқты спортшымыз Дмитрий Трубин бастаған Оксана Письменная, Вали Фараджов және Антонина Лисянская облыс абыройын асқақтату үшін барын салмақ. Мас-рестлингтен Алтын Ақылбек алтыннан алқа тағады деген үміт бар.
Міне, осы жампоздарымыз айтулы аламанда ел, облыс намысын қорғайтын болады. Әзірге саңлақтарымыздың өнері сүйсіндіріп отыр. Жарыстың алғашқы күндерінің өзінде спортшыларымыз 7 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, 80 мемлекеттің арасында жеке-дара көш бастауда. Ал, 5 алтын, 5 күміс, 8 қоламен турнир қожайындары екінші сатыдан көрініп отыр. 4 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль иеленіп үлгерген Түрікменстан үздік үштікте.
Естеріңізге сала кетсек, І Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында 28 медаль жиынтығымен Қазақстан қырғыздардан кейінгі екінші орынды алған болатын. Ал, ІІ Дүниежүзілік ойындарда ұлттық құрама спортшылары 39 медаль жеңіп алып, үшінші орынға табан тіреген-ді. Биыл отандастарымыз ә дегеннен көш тізгінін қолға алып отыр. Егер осы қарқынымыздан қайтпасақ, биыл бас жүлдені еншілейтін мүмкіндігіміз бар. Кеше жеткен тағы бір жағымды жаңалық, Жамбыл облысының 4 спортшысы 6 алтын, 2 күміс мадаль жеңіп алып отыр. Бұл біздің турнир кестесіндегі жағдайымызды тағы жақсарта түсетіні анық.
Осы сенбіге дейін жалғасатын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спортшыларымызға тек сәттілік жолдас болсын деп тілейік.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.