Тараз қаласындағы арнаулы орта білім беру саласындағы көшбасшы саналатын Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз химия-технология колледжі бірікті.
Заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған, өңірдегі арнаулы кәсіптік білім беру ісіндегі үздік оқу орындарының қосылуына Үкімет басшысының колледждерді ірілендіру, оларды базалық тірек етіп қалыптастыру туралы тапсырмасы негіз болған. Іле-шала облыс әкімі Асқар Мырзахметов салалық басқарма басшыларына өңірдегі арнаулы оқу ордаларының мүмкіндігін зерделеп, тірек колледжін ұйымдастыру мәселесімен мықтап айналысуды тапсырды. Таңдау еліміздегі ең үздік 10 колледждің қатарына енген Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Тараз химия-технология колледжіне түсті.
– Облыс әкімі А.Мырзахметов 14 қыркүйек күні Жамбыл политехникалық жоғары колледжін қайта ұйымдастыру туралы қаулыға қол қойды. Оған дейін облыс әкімдігі білім басқармасының мамандарымен колледждерді қосу жолымен қайта ұйымдастыру мүмкіндігі зерделенді. Екі колледждің де маман даярлау бағытында ешқандай айырмашылық жоқ. Қазіргі таңда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде 2 500-ге жуық студент білім алады. Ал Тараз химия-технология колледжіндегі студенттердің жалпы саны 800-ге жуық. Айта кету керек, олардың қосылуынан студенттер мен педагогикалық ұжымға ешқандай кедергі болмайды. Екі колледждің де студенттері өз корпустарында білім алады. Сәйкесінше, ұстаздар да қысқартуға ұшырамайды. Білім беру саласындағы стандарттарға сай оқу ордасындағы оқытушылар құрамы студенттердің санына қарай бекітіледі. Қысқарту колледждің әкімшілік-басқару корпусында ғана болуы мүмкін. Ал, колледж директоры конкурстық негізде тағайындалады. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту мен ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын қаржыландыру көлемі еселеп артады, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Шынында, қос колледждің қосылуын облыстағы арнаулы орта білім беру саласының жаңа тынысын ашудың мүмкіндігі деп қарастыруға болады. Өйткені, қосылу жолымен қайта ұйымдасқан оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығая түспек. Қазірдің өзінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжі химия өнеркәсібі саласы мамандарын даярлауда ең үздік оқу зертханаларын пайдалануда. Болашақта мұнда робототехника, механотроника салалары бойынша да орта буын мамандарын оқыту жоспарлануда. Демек, қосылудың есебінен қабілеті мен қуаты еселеп артқан оқу орнының ендігі кезекте еңбек нарығына бәсекеге қабілетті маман даярлауға мықтап көңіл бөлетіндігі де күмән туғызбайды.
Шынболат Күзекбаев