Халықаралық автошеру Таразға табан тіреді

79

Биылғы 4 қыркүйекте Қытайдың Тынық мұхит жағалауындағы Жудонг қаласынан жолға шыққан табиғи газбен жүретін техникалардың халықаралық автошеруі Таразға табан тіреді.

Экологиялық таза мотор отынын танымал ету, сұйылтылған табиғи газ техникасын қолданып, маршрут жолдарын зерттеу, жол бойындағы инфрақұрылымды және транзиттік жүк трафигін ұйымдастыру жоспарларын коммерциялық емес түрде тарату мақсатында сапарлап жүрген автошеру мүшелерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған топ «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі маңынан күтіп алды. Мыңдаған жолды артқа тастап келе жатқан қонақтарды әулиеаталықтар қазақы салт-дәстүрмен қарсы алып, дәм ауыз тигізді. Мұнан соң аймақ басшысының бірінші орынбасары мұнай-газ саласын дамыту Елбасының ерекше назарында екендігін жеткізіп, инвестиция тарту үшін орасан жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Бүгінгі таңда табиғи газды автокөлік отыны ретінде пайдалануды насихаттайтын халықаралық автошеруді қарсы алып отырмыз. Бұл шеруге Жамбыл облысының қосар үлесі өте зор. Тараз қаласы табиғи газды автокөлік отыны ретінде пайдалануды 1984 жылдан бастаған. Бүгінде аталған үрдісті дамыту жолындамыз. Елімізде автокөлікке тауарлы газды сығындап құятын компрессорлық станциялар құрылысын салу және пайдалану жобасы қарастырылған. Бұл жоба Қазақстан Республикасының газ құбырлары бар өңірлерде жүзеге асырылмақ. Аталмыш жобамен автокөлікке газ құятын компрессорлық станциялар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің Қазақстан аумағында салынатын болады. Автокөлік үшін сығындалған табиғи газды пайдалану «Еуро-4» стандартын іске асыру жөніндегі тиімді техникалық және технологиялық шешім. Бұл жобаның қоғам үшін әлеуметтік маңызы өте үлкен. Себебі, бағасы қымбат дәстүрлі жанармайдың орнына автокөлік иелері арзан бағалы отынды пайдаланады. Бүгінгі таңда, сығындалған табиғи газ ең арзан мотор отыны. Оның бағасы 72 теңге немесе бензиннен 50 пайыз, дизель отынынан 60 пайыз арзан. Сонымен бірге, әрбір автокөлікке газ құятын компрессорлық станция жаңа 17 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы ауқымды жоба бойынша елімізде тиісті техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда, – деген Бекболат Серікбекұлы автошеру мүшелеріне жер бетіндегі экологияны жақсартуға қосып жатқан үлестерінің жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Мұнан соң автошеру басшысы Талғат Арыстанбаев жобаның тағы бір мақсаты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытында газ құю инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жасау екендігін тілге тиек етті. Бұл тұрғыда «Газпром» ЖАҚ, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының арасында ынтымақтастық орнатылған. Өз кезегінде «Куньлуньэнерджи» компаниясы бас директорының кеңесшісі Кан Фуюань, «ГазПром» ЖАҚ басшысының ішкі коммуникативтік бөлімінің басшысы Роман Канаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық филиалының басшысы Ермек Ысқақов шерудің маңыздылығына тоқталып, ыстық ықылас танытқан аймақ басшылығына алғысын білдірді.
Айта кетерлігі, автошеру құрамында автобустар, жүк және жеңіл көліктер, тракторлармен қатар криогендік ыдыста сұйылтылған табиғи газды тасымалдауға арналған екі жылжымалы техника құралы бар. Шеру мүшелері осыған дейін еліміздің Алматы қаласында болса, алдағы уақытта Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Жайсан бағыттарымен өтіп, Ресейдің Санкт-Петербург қаласына барады. Аталған қалада ұзақ сапарды қорытындылап, VIII Петербург халықаралық газ форумына қатыспақ.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.