Қонақүйдегі ерекше музей | arainews.kz

Қонақүйдегі ерекше музей

171

Кеше Тараз қаласындағы «Жамбыл» қонақүйінде «Кеңес кезеңіндегі «Жамбыл» қонақүйі» атты шағын музей ашылды. Салтанатты шараны алғы сөзімен ашып берген облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова соңғы жылдары туристердің музейлік туризм саласына қызығушылық танытатындығын атап өтті.

– Алғашқы тұтынушыларын 1961 жылдан бастап қабылдаған қонақүй жарты ғасырдан астам уақыт ішінде түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Оның алғашқы 30 жылы кеңестік дәуірмен тұспа-тұс келді. Осы аралықта мұнда Кеңес Одағына танымал мемлекет қайраткерлері, өнер жұлдыздары, ақын-жазушылар аялдады. Дәл осы тарихи сәтті есте қалдыру мақсатында қонақүй жанынан музейдің ұйымдастырылуы құптарлық қадам. Қазіргі туристер тарихи орындармен танысуға құштар. Осы орайда, біздің өңірге ат басын бұрған туристер енді қонақүйде аялдап қана қоймай, тұтас бір дәуірдің шежіресіне қаныға алады, – деді Қарлығаш Әмірқызы.
Шара барысында сөз алған «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков тарихи деректермен бөлісіп, «Жамбыл» қонақүйі мен бұрынғы көк базар маңындағы Жамбыл ескерткішінің ақынның 115 жылдығына орай бір күнде ашылғанын атап өтті.
Келесі сәтте қонақүй жанындағы мұражайдың алқызыл лентасы қиылып, шара қонақтарына ондағы экспонаттар таныстырылды. Мұражай кеңестік үлгіде жабдықталған қонақүй бөлмесінде ұйымдастырылған. Мұндағы аспалы шамдардан бастап, төсек орындары мен жазу үстеліне дейін жарты ғасыр бұрынғы тарихтан сыр шертеді. Алдағы уақытта мұражай шетелдік туристер үшін қонақүй тарихы арқылы қаланың кеңестік дәуірдегі ширек ғасырлық тарихынан сыр шертетін орынға айналмақ.

Ш.Атыханұлы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.