Халық тұрмысын қосалқы шаруашылық жақсартады | arainews.kz

Халық тұрмысын қосалқы шаруашылық жақсартады

345

Тұрғындардың тұрмысын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағытта өңірде қолға алынып отырған ауқымды пилоттық жобаға старт беруге облыс сақадай-сай. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов баяндады.

Ашығын айу керек, ауылды жердегі халықты жаппай жұмыспен қамтудың бірден бір жолы – ол қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсетіп, дамыту. Осы орайда бұған дейін хабарлағанымыздай облыс әкімінің өзі бастаған жұмысшы топ өңірдегі барлық аудан, ауылдық елдімекендерге арнайы барып, 138 мың аула толық зерделенген болатын. Талдау нәтижесі көрсеткендей, салыстырмалы түрде тұрғындар қосалқы шаруашылықты тиімді табыс көзіне айналдыра алмай отыр. Себеп – тиісті ұйымдастыру жұмыстарының жоқтығы.

Осы тұрғыда зерделеу барысында тұрғындардың ұсыныстарымен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылып отыр. Олар: үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы (пайлық) жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру, қосалқы шаруашылықтарды жемісті жүргізуге қолбайлау-мәселелерді кооперативтер арқылы шешу және ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру. Бұл 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталып отыр. Нәтижесінде 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылып, 68 мың тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады деп күтілуде. Сол секілді, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34 пайызға ұлғайып, Сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артуы есептелген. Бұл әлбетте жалпы жұмыстың түпкі табысына айналмақ.

Әйтсе де, ә дегеннен пилоттық жобаның жемістілігіне көз жеткізу үшін әрі жұмыстың үлгі-бастауы ретінде облыстың он ауылдық округі таңдалып алынып отыр. Ол – жоспарлы жұмыстың алғашқы кезеңі болмақ. Асқар Исабекұлы Үкімет басшысына алғашқы кезеңде атқарылар жұмыстарды жан-жақты ақпарлады. Он ауылдық округ бойынша 7 мыңнан астам аула қамтылады десек, онда 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Шара барысында сол жерлерді ұтымды ұқсатудың жолдары нақты жүзеге аспақ. Бау-бақшалықтың тиімділігін есеслеуде жылыжайлардың, мал шаруашылығын көтеруде кооперативтердің маңыздылығы ескерілген.

Сондай-ақ, ол үшін сапалы тұқым, көшет, тыңайтқыштарды тауып, жеткізіп беру, тіпті, тапшы техника мен қажетті мамандармен қамту мәселесі де оңынан тарқатылмақ. Айта кетейік, зерделеу барысында мұндағы әр ауылдық округтың табиғаты, жері, суы ескерілген. Нақты нәтижеде өнімділіктің 2-4 есе өсіміне қол жеткізу жоспарланған. Пилоттық ауылдық округтерде қосалқы шаруашылықтан бөлек 137 шағын жобалардың тізімі жасақталып, жүзеге асырудың жол-жобасы бекітілген.

Өңір басшысы жобаны қаржыландыру шарасы әкімдікке кредит беру жүйесімен «Еңбек» бағдарламасы аясында іске асыру ұсынылатынын айтып, әкімдік, ары қарай сенім Агенті арқылы 2,5 пайыздық несие ретінде тұрғындарды, кооперативтерді қаржыландыратынын жеткізді. Бүгінде несие алушылардың алғашқы базасы түзіліп үлгерілген.

Жалпы, он ауылдық округ бойынша жобалардың іске асуымен 7 мың отбасы немесе 35 мың адам келесі жылдың қорытындысымен айына кемінде 104 мың теңге (өсім 2,5 есе) табыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 2229 өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлейтін кәсіпкерлерге айналмақ.

— Біз Жобаны іске асыруға дайынбыз. Әкімдікке қатысты барлық ұйымдастыру пысықталған. Соның ішінде бюджеттік әкімші болатын ауыл шаруашылық басқармасының штаттық саны 18 қызметкерге көбейтілді. Аудан, ауыл әкімдерінің арнайы жұмыс алгоритімі бекітілді, тиісті жұмыс топтары құрылды және жауапты мамандар оқытылды. Пилоттық ауыл округтерінде бірнеше кездесулер өткізіліп, кооператив төрағалары анықталды, — деді өз сөзінде облыс басшысы Асқар Мырзахметов.

Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, қолдайтынын білдіріп, тиісті шешімдердің дер кезінде рәсімделуін назарға алатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға пилоттық жобаның механизімін ұйымдастыруды тапсырды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.