Халық санағы қалай жүргізіледі? | arainews.kz

Халық санағы қалай жүргізіледі?

313

Баршаға белгілі, биыл елімізде кезекті халық санағы өткізіледі. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында үшінші рет ұйымдастырылып отырған шара. Ең басты ерекшелік, санақ тұңғыш рет цифрлы технология бойынша инновациялық негізде іске асырылмақ.
Жалпы аталмыш шараға ел бюджетінен 8,8 миллиард теңге бөлу жоспарланса, бұл қаржының негізгі бөлігі санақ жүргізушілердің жалақысына және планшеттер сатып алуға жұмсалатын көрінеді.
Расында, халық санағын жүргізу өте күрделі әрі көп еңбек пен күшті қажет ететін шаруа. Сондай-ақ бұл ертеңін ойлаған ел үшін міндетті әлеуметтік, экономикалық және тарихи үрдіс болып табылады. Санақ қорытындысы өткен он жыл ішінде елде болған демографиялық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық және басқа да қоғамдық өлшемдердің даму дәрежесін көрсетеді. Әлбетте, халық санағы кейбіреулер ойлағандай демографиялық ахуалды ғана емес, сонымен бірге адами ресурстардың деңгейін, азаматтардың білімін, денсаулығын, тұрмыстық ахуалын, мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін айқындайды.
Осы орайда 2009 жылы жүргізілген санақтың қорытындысына тағы бір мәрте көз жүгіртіп көрсек. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, он жыл бұрын еліміздегі халық саны 16 миллион 96 мың адам болған. Яғни, 1999 жылдан бері бұл көрсеткіш 6,9 пайызға артып, қазақстандықтардың саны 1 миллион 28 мың адамға көбейгенін аңғаруға болады. ҚР Статистика агенттігінің 2018 жылғы 1 қарашадағы дерегіне сәйкес, республикамыздағы халық саны 18 миллион 356,9 мың адамды құраған.
Әрине, мәні терең, маңызы ерен шарадан Жамбыл облысы да тыс қалмайды. ҚР Статисти­ка комитеті облыстық статистика депар­та­мен­ті­нің келтірген мәліметтері бойынша 2009 жылы тұрғындардың саны 1 022 129 адамды құраған. Он жылда мәдени-экономикалық тұрғыда дамудың оң белгілерін танытып келе жатқан аймақта өсудің бар екендігі көзге көрінеді. Мысалы, 2018 жылдың 1 жел­тоқ­са­нын­­дағы ақпар бойынша өңірде 1 124 559 адам тұра­­тын­дығы анықталған. Соны­мен бір­ге он жыл бұрын жүргізілген санақ нәти­же­­­сінде Тараз қаласы халқының саны 320 634 адамды көрсетсе, өткен жылы бұл көр­сет­­кіш 357 198 адамға жеткен. Облыс орта­лы­ғында халық санының бұлайша өсуінің негізгі себе­бін Жамбыл ауданындағы бірқатар елді мекен­дер­дің қала аумағына қосылуымен түсіндірсек бола­ды. Мәселен, Жамбыл ауданында он жыл бұрын 84 882 адам болса, қазіргі таңда онда 82 863 тұрғын ғұмыр кешуде. Яғни, 2 мыңға жуық адам­ға азайған. Өзге аудандарды алып қарай­тын болсақ, халық саны жөнінен кему емес, өсу бар. Оның ішінде демографиялық дүмпу жасап келе жатқан Қордайда 2009 жылы 124 684 адам тұрып жатқан болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 143 726 адамға жеткен. Сондай-ақ облыс орталығына жақын орналасқан аймақтың бірі Байзақ ауданында да айтарлықтай өсім бар. Бұл ауданның халқы он жылға жуық уақыт ішінде 82 784 адамнан 105 874 адамға артқан. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Дегенмен өңірдің демографиялық өсімін алдағы қоңыр күзде өтетін санақтан нақты білетін боламыз.
Енді елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған цифрлық санақ жүргізудің ерекшелігі неде? ҚР Статистика комитеті облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Инга Шевцованың айтуынша, бұл реттегі негізгі жаңашылдық санақ жүргізу жұмыстарын толық компьютерлендіру болып отыр екен. Яғни, арнайы интернет-портал ашылып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті жолдайтын болады. Сонымен бірге санақты өткізу 2 кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі ағымдағы жылдың маусым-шілде айларына жоспарланып отыр. Ол уақыттарда мамандар тұрғын үйлерді аралап, халық санын анықтау жұмыстарын жүргізеді екен. Ал екінші негізгі кезең қазан-қараша айларында өткізіліп, санақ кезінде үй шаруашылығының құрамына енетін, елімізде тұрақты, сондай-ақ уақытша тұратын және келуші респонденттер есепке алынатын көрінеді. Сонымен қатар шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары туралы деректер де толықтай зерделенбек.
– Биылғы халық санағы жаңа технология­лардың қолданылуымен және шараны өткізу кезеңінің бір айға дейін ұзартылуымен ерек­шеленеді. Бұл науқан заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқылы екі әдіспен іске асырылмақ. Атап айтқанда, интернетті және портативті есептегіш құралдарды (планшет) пайдалану арқылы жұмыс жүргізілетін болады. Интернет-сауалнаманы әрбір азамат арнайы сайтқа кіріп, өзіне және отбасы мүшелеріне толтыра алады. Бұл сауалнама санақтың негізгі кезеңі басталған уақыттан 10 күнге дейін жал­ға­сады. Интернет-сауалнама «SANAQ – 2019» веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеуді жеке куәлік, ЖСН және ұялы байланыс нөмірлерін енгізу арқылы жүргізу жоспарлануда. Респондент телефон номерін енгізген соң SMS-хабарлама арқылы растау кодын алады, – дейді Инга Анатолийқызы.
Тағы бір айта кетерлігі, санақ парақшалары халықаралық БҰҰ, ЕЭК және ТМД статистикалық комитеті ұсынған негізгі және қосымша ұсыныс­тарды ескере отырып дайындалған. Онда тұрғын үй жағдайы, респонденттің жеке мәліметтері, этномәдени сипаттама, білім және сауаттылығы, еңбекке тартылуы сынды деректер қамтылатын болады. Сондықтан да цифрлы технология негізінде өткізілетін халық санағы ашық та дәйекті болады деп күтілуде.
Ендеше, халық санағынан қалыс қалма, ағайын!

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.