«ҚазМИЯның» өнімі Жапонияға экспортталуда | arainews.kz

«ҚазМИЯның» өнімі Жапонияға экспортталуда

223

Шу ауданының өндірістік саласы күн санап өрістеп келеді. Оған дәлел, аймақта түрлі инновациялық жобалармен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да көкжиегі кеңейіп келе жатқан кәсіпорындар аз емес. Соның бірі – «ҚазМия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл алғашқы өнімін Жапонияға жөнелтті.

Жалпы, аталмыш өндіріс орнының құрылысы осыдан төрт жыл бұрын қолға алынып, іске қосылу мерзімі түрлі себептерге байланысты шегеріліп келген болатын. Алайда, былтыр жапондардың орнатқан қондырғыларынан кейін кәсіпорынның тынысы кеңейе түсті.
«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында қолға алынған жоба 2014 жылы жанданып, жобалық құны 900 миллион теңгені құраған-ды. Зауыт жылына 2 500 тонна мия тамырын өңдейді деп күтілген. Осылайша жапондық инвесторлардың қаржыландыруымен өндіріс орнының жұмысы жолға қойылды. Серіктестік директоры Олжас Әбдешовтың айтуынша, биыл кәсіпорын маусым және тамыз айларында екі мәрте 22 тонна 800 келі көлеміндегі өндірілген өнімді Жапония мемлекетіне экспорттаған екен.
– Жалпы, зауытта 20-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың ішінен 3 инженерді сырттан шақырттық. Қызметкерлеріміздің дені «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында келуде.
Өндіріс орны мия тамырын ұнтақ түрінде шығарады. Одан бөлек, мия тамыры экстрактісінің қою түрі бар. Бұл қою экстракт еліміздің дәріханаларында жөтелге қарсы ем ретінде сатылып жатыр. Бірақ, біздің шығарып жатқанымыз ұнтақ түріндегі шикізат. Қою экстракт шығару үшін жапондықтар өнімді өңдейтін зауыттарын облысқа көшіру туралы 2015 жылы облыс әкімдігімен бір мәмілеге келген болатын. Алайда, екінші зауытты мұнда әкелу үшін, алдымен біріншісін аяғына тұрғызып алуымыз керек. Осы мақсатта қазір аянбай тер төгіп жатырмыз. Егер жоспарымыз жүзеге асып, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сынды дерттерге қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім өндіруге мүмкіндік туады. Әзірге келісілген меморандумға сай, жапондықтар шикізатымызды дәріге айналдырып, ел тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға уәде етуде. Одан кейін дәрі түрлерін өзіміз де шығаратын боламыз, – дейді серіктестік басшысы.
Әулиеата өңірінің әлеуетін арттыруға күш салып жатқан аталмыш кәсіпорынға билік тарапынан да көп көмек көрсетілген. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыстық қазынадан 60 миллион теңге бөлініп, инфрақұрылым жүргізуге оң септігін тигізген.
Осылайша Шудың «шөбі» Күншығыс еліне экспорт­та­луда. Бұл ел медицинасын дамытуға жасалған үлкен қадам екені анық.

Саятхан Сатылғанов

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.