«Қазақтың жаны – қара өлеңде» | arainews.kz

«Қазақтың жаны – қара өлеңде»

636

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

– Байбота аға, сөз өнері – қазақтың қанына сіңген қасиет. Сізді ақындыққа жетелеген кім немесе нендей жағдай? Адамның өнерге келуіне туған жер, өскен ортаның әсері бола ма?
– Кімге қалай екенін білмеймін, мен «ақындық – Тәңірдің тартуы, ол тектен беріледі» деген пікірлерді қолдаймын. Менің әкем де, шешем де өлеңге құмар, көне сөздерді көп білетін әңгімешіл жандар болды. Ақындық маған қай тектен келіп қонғанын дәлме-дәл айтып бере алмаймын. Ең үлкен әпкем жас кезінде домбырасын тартып отырып, өлең шығара беретін. Бірақ, ақындық жолға түскен жоқ. Өзімнен кейінгі балалардың бірқатары өлең жазатын. Кенжеғали деген інім ғана жолымды қуып, екі кітабын жарыққа шығарды. Басқасы ақын болған жоқ.
Алғашқы өлеңімді 1-сыныпты бітірер тұста мұғалімнің тапсырмасы бойынша жазғанмын. Оны бірақ, өлең деп айтуға болмайды қазір. Мұғалім менің өлеңімнен ұйқас тауып артығырақ мақтаған соң құлшынысым оянса керек, сөйтіп ақыл-есім толмаған кішкентай кезімнен өлең жаза бастадым. Мұның бәрі адамның өнерге келуіне туған жерінің де, өскен ортасының да әсері болатынын айғақтайтын шығар. Немістің ұлы ақыны Гете «Ақынды түсіну үшін оның еліне бару керек» деген сөзін тегін айтпаған. Ақын да тамырын тереңге жіберіп, жайқалып өскен шыбық секілді. Топырағынан нәр алып өскен шыбық та туған жеріне тартады ғой. Оған ғұмыр сыйлайтын да сол туған жер топырағының құнары деп ұқсақ болады.
– Бірқатар шетел ақындарының өлеңдерін қазақша сөйлеткеніңізді білеміз. Салыстырмалы түрде қарасақ, әр ұлттың әдебиетінде өзіне тән айырмашылықтар бар сияқты…
– Жалпы, кіндігі бір егіздердің өзінде әжептәуір айырмашылық болады. Дегенмен, адамдардың жаны ұқсас. Өзге ұлттан да жан дүниесі өзіңе ұқсас адамды тауып алуың ғажап емес. Оның үстіне әлемдегі ақындардың бәрі де бір анадан туған бала секілді. Әрқайсысы өз ұлтын жан-тәнімен сүйе тұра, тегі, түр-тұлғасы бөлек ақындар бір-бірін бауыр тұтады. Міне, сол бауырларды әдеби аударма қайта қауыштырып, бұрынғыдан бетер жақындастыра түседі. Жазушылар бір-бірінің ойын түртіп оятады, ақындар бір-бірінен өнеге алады. Аударма арқылы бір халықтың баға жетпес қазынасы келесі бір халықтың рухани байлығын еселейтіндігі сөзсіз.
Ал, ұлттық әдебиет дегеніміз ұлттың болмысынан туындайтын феномен. Ол – шынында да өзгені қайталамайтын құбылыс. Қазақтың кәсіби прозасы мен драматургиясының дүниеге келгеніне ғасырдан сәл-ақ астам уақыт өтті. Әдеби сынның да тарихы аса терең емес. Өлең болса қазақпен бірге жасасып келе жатқан жанр. Әр ұлттың әдебиетіндегі өзіне тән ерекшелікті айтып отыру үшін көп уақыт керек. Мұқтасарлап айтар болсақ, қазақтың жаны қара өлеңде. Оны араб, парсы әдебиетіндегі рубаилармен, ғазалдармен, жапон хайкуімен, батыс поэзиясындағы сонеттермен айырбастай алмайсың. Бірақ, өзге ұлттардың адамзат өркениетіне қосқан үлесі келесі бір ұлттардың игілігіне де жарап жатады. Сондықтан, бізге де жақсыны жат көрудің қажеті жоқ. Мәселен, опера, балет, театр өнері бұрын қазақта болған емес. Ол отырықшы батыс елдеріне тән өнер болатын. Қазіргі қазақтар бұл өнердің ешқайсысын жатсынбайды. Ұлттық опера, ұлттық балет, ұлттық театр өнері қалыптасып келеді. Уақыт талабына сай өнердің әр алуан түрі қазақ топырағында да дүниеге қайта келіп, өзінің ұлттық бет-бейнесін тауып жатады. Бұл әңгімені әдебиеттің түрлі салалары мен жанрларына қатысты айтсақ та болады. Сондықтан, әдебиет пен өнердегі томаға-тұйықтықты бұзып, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, ғаламдық өркениетпен үйлесудің жолдарын іздестіре бергеніміз абзал деп ойлаймын.
– Балаларға арналған туындыларға да қалам тербедіңіз. Баланың тілімен сөйлеу ересек ақын-жазушыға күрделілеу емес пе? Балдырған оқырмандардың көкейіндегісін дөп басуға сізге не көмектеседі?
–Негізі балаларға арнап студент кезімнен жаза бастадым. Бірақ, өзім балалы болған соң ғана әдебиеттің осы саласына шындап көңіл қою керек екенін ұғына түстім.
Өткен ғасырдың 80 жылдары Алматыда қазақ балабақшаларының аздығына байланысты үйде тілі қазақша шыққан балаларымызды орысша тәрбие беретін мекемелерге алып бардық. Зайыбым балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеді. Балабақшадан Агния Барто мен Ирина Токмакованың, Корней Чуковский мен Самуил Маршактың өлең-тақпақтарын жаттап келетін балаларымызға әйтеуір ретін тауып, қазақша кітаптар оқып беретінбіз. Кейде өзім олардың өресіне лайық өлеңдер жазып, жаттататынмын. Сөйтіп жүріп өз балаларымды кішкентай кейіпкерлеріме айналдырып алдым. Олармен бірге ойнайтын балалардың есімдері де менің өлеңдеріме енді. Бүлдіршіндердің іс-әрекеті мен мінез-құлқын зерттеуге шындап кірістім. Танымдық әдебиеттерді де көп оқыдым. Қысқасы, балаларыммен бірге қайтадан балалық шаққа оралдым. Бірақ, бұл кезең өзім бұрын бастан кешкен балалық шақ емес еді.
Орыстілді балабақшада тәрбиеленген балаларымызды Алматыдағы азғантай ғана қазақ мектептерінің бірінде оқыттық. Балдырғандар кішкентай кезінде естіп өскен тілді ешқашан ұмытпайды екен. Өйткені, олар естіген әр сөзін іштей қайталап үйренеді ғой. Сөйтіп олар қазақша да, орысша да еркін сөйлейтін деңгейге жетті. Екі тілде де емін-еркін оқи алатын болды.
Балалармен жақсы түсінісу үшін олардың жас ерекшелігіне сай бейімделіп сөйлесуге тура келеді. Жеткіншектер кесек-кесек сөйлейтін «данышпандардан» гөрі «қожанасырлау» адамды жақсы көреді. Сондай-ақ, ересек адамдарға қарағанда олардың өздері әлдеқайда фантазер. Кішкентай бүлдіршіндер адамзат ғасырлар бойы ашып келген жаңалықтарды өздері үшін қайтадан ашады. Балалардың өмір сүретін әлемі таңғажайыптарға толы. Сол әлемге ене алсаң, балалар сені «өз адамы» ретінде жақын тұтады. Сондықтан да ойынның өзінен өнеге алып өсетін баланың тәрбиесінде күлкіге кенелтетін, тапқырлыққа үйрететін, қоршаған ортаны тануға бейімдейтін қызықты дүниелерді ойлап табуға тырысу керек. Ол жазған туындыңда да көрініс табуға тиіс. Сонда ғана ол шығарма балаларды қызықтырады.
– Бүгінде бүлдіршіндерге арналған әдебиетке атсалысып жүрген қаламгерлер қатарын қалың деп айта алмаймыз. Балалар тақырыбында қалам тербейтін қазіргі ақын-жазушылардан кімдерді жоғары бағалайсыз?
– Балалар әдебиетінің қиындығы көп. Бойында дарын мен таланты бар кез келген қаламгер балалар жазушысы бола алмайды. Балалар әдебиетіне келу үшін дарын мен талантқа қоса, жоғары деңгейде педагог та бола білу керек. Ал, педагог дегеніміз белгілі бір әдістеме мен дидактикалық материалдарды меңгерген маман ғана емес, шынайы ұстаз, балалардың мінез-құлқын жақсы танитын психолог болмаса тағы болмайды. Оның үстіне энциклопедиялық білім қажет. Өзің ештеңе білмесең, өзгеге не үйрете аласың? Балаларға танымдық дүниелерді көркем тілмен ұсына отырып, оның тәлім-тәрбиелік жағына да мән беруді жадыңнан шығармауға тиіссің. Жас қаламгерлердің бойында осы қасиеттер толық болмағандықтан, балалар әдебиетіне келіп жатқан ақын-жазушылардың аз болатын себебін түсінесің.
Қазір қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің қартайып келе жатқаны жиі айтыла бастады. Оның шындығы бар. Бірақ, балалар әдебиеті жас ақын-жазушылармен толыға түседі деген үмітті жоюға болмайды. Өз басым жастардан күдер үзбеймін. Қуат Ахетов, Серікбол Хасан секілді ақындардан көп үміт күтемін. Әдина Жүсіп деген шебер ертегіші қызымыз бар. Әдинаның ертегілері өз оқырмандарын керемет баурап алады. Кішкентай бүлдіршіндер жас қаламгердің таңғажайып әлемінен шындық іздеп шыға алмай қалады. Марат Құлибайұлы, Бағдат Мәжитов, Есей Жеңісұлы сынды прозашы жастарды балалар әдебиетінің еңсесін көтеруге қауқары жететін дарынды жігіттер деп білемін. Мейіржан Жылқыбай деген жас жігіттің «Тауға саяхат» деген ертегі-хикаятын оқып, риза болғанмын. Осы туындысындағы тың ізденістерінен танбаса, Мейіржанның балалар әдебиетіне үлкен үлес қоса алатын қаламгер болып қалыптасатынына еш күмәнім жоқ.
– Ал, жас ақын-жазушылардан кімдерді оқисыз?
– Мен жас ақын-жазушылардың бәрін қадағалап оқи алмаймын. Шынын айтсам, уақытым да жетпейді. Дегенмен, әдебиетте өзімізден кейін қандай жас дарын өкшемізді басып келе жатқанын біліп отыруды естен шығарған емеспін. Ара-тұра кітап дүкендеріне кіріп, жас ақын-жазушылардың алғашқы кітаптарын сатып аламын. Олардың кейбіреулері інілік ізет көрсетіп, жарық көрген жаңа жинақтарын өздері тарту етеді. Әрдайым әлеуметтік желілерге кіріп, ізбасар іні-қарындастарымның аяқ алысына назар аударып отырамын. Прозашы қаламгерлер кештеу жетіледі ғой, ал ақындар ерте есейеді. Бауыржан Бабажанұлы, Нұргүл Маулина, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Мерей Қарт, Динара Мәлік, Қалқаман Сарин, Азамат Тасқараұлы, Аслан Тілеген, Құралай Омар, Нұркен Нұрғазы, Батырхан Сәрсенхан, Бауыржан Әліқожа, Жанат Жанқашұлы, Асылан Қуанышұлы, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Олжас Қасым, Абзал Сүлеймен секілді біраз іні-қарындастарымның жақсы өлеңдерін оқысам, қуанып қаламын. Мен толық тізім жасап отырғаным жоқ. Әуелі аузыма түскендерін ғана айтып жатырмын. Қазақ поэзиясының барар жері ұзақ екенін осындай дарынды жастарға қарап байқауға болады. Әрине, бұлар бірлі-жарымы болмаса бәрі дерлік отыз бен қырық жастың арасындағы азаматтар. Бірақ, мен олардан жастық қажыр-қайратты көріп, сезінемін.
– Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Әділдікті сүйген шыншыл адам өмір бойы жалаң қолымен шоқ ұстап жүргенмен бірдей» депті. Сіздің де болмысыңыздан адалдық, қарапайымдылық байқалады, кедергілерге көп жолығасыз ба?
– Өмір-даңғыл жол емес. Кедергіге кезікпейтін пенде болмайды. Әділеттің жолын әділетсіздік кеседі, әділетсіздіктің жолын әділет кеседі. «Дүние – кезек» деп бұрынғылар айтып кеткен ғой. Абсолютті әділеттілік те болмайды. Бірақ, мүмкіндігінше ақиқатты жалғандықтан арашалап, әділетке бүйрегің бұрылып тұрғаны өзің үшін де, өзге үшін де жақсы.
– Ақынның жаны жараланғыш келеді ғой, жабыққан сәттеріңізде неден жұбаныш іздейсіз?
– Жасырмай айтсам, жабығатын кездерім өте көп. Әлденені алданыш етіп, өтірік жұбана алмаймын. Өзім де періштемін демеймін, бірақ біле тұрып біреуге қиянат жасамаған шығармын деп ойлаймын. Соған қарамастан өзім өзгелерден қиянатты көп көрдім. Сондай жағдайларды бастан кеше отырып жабыққан сәттерімде Сүлеймен пайғамбардың жүзігінде жазылған «Бұл да өтеді!» деген сөзді іштей қайталағанмен, құрдан-құр қарап жатпай, іс-әрекеттен дауа іздеймін. Жазамын. Айтамын. Оқимын. Жұмыс істеймін. Әйтеуір әрекетсіз бүк түсіп жату маған жат.
– Өз балаларыңыздың ішінде әдебиетке жақындары бар ма?
– Менің алты балам бар. Алтауы да қыз бала. Бәрі де кішкентай кездерінде көркем әдебиетті оқып өсті. Бірақ, кейін әрқайсысы өзі таңдаған мамандықтары бойынша жоғары білім алды. Бірі – тарихшы, екеуі – психолог, бірі – банк қызметкері, бірі – дәрігер, бірі – дипломатия саласында аудармашы. Бала күндерінде бәрі де өлең жазды. Тіпті, бірқатарының алғашқы өлеңдері мектепте оқып жүрген кездерінде республикалық балалар басылымдарында жарияланды да. Мен олардың көркем әдебиетті оқып өскенін ұнатсам да, ақын болғанын іштей қалаған жоқпын. Бірақ, өз ойларын еркін жазуға бейім болғанын қаладым. Қолымнан келгенше бәрін де соған баулыдым. Әрқайсысы өз саласы бойынша мақала жазып үйренді. Ол жазбаларын мен мерзімді баспасөз беттерінде жариялауға көмектесіп, ынталарын ояттым. Жұрттың бәрінің әдебиетші болуы міндетті емес қой. Немерелерімнің арасында да өлеңге әуестері бар. Қазір жаза берсін деймін. Есейген соң алдында қандай таңдау тұрғанын қайдан білейік?..
– Қазіргі техника ғасыры кітап оқуға деген құштарлықты жоғалтып бара жатыр дейміз, расында солай ма? Егер солай болғанда, қалың жұртшылықтың кітапқа деген құштарлығын қалай арттыруға болады?
– «Техника ғасыры»… Әуелі техни­ка­ңыз­дың да тілі кітапта! Кітап оқымаған адам «техника ғасырында» өмір сүре ала ма?
Қазір ағылшын, испан, француз, орыс, қытай секілді көп халықтарда кітаптардың таралымы миллиондаған данамен есептеледі. Олар сонда «техника ғасырында» өмір сүріп жатқан жоқ па? Ал, біздің елімізде мектеп оқулықтарынан өзге әдебиеттің таралымы мүлдем көңіл көншітпейді. Кеңес өкіметі кезінде 30-50 мың данамен жарық көретін көркем әдебиет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында 1 000 данаға дейін құлдырады. 500 данамен жарық көрген кітаптар да бар. Қазір көркем әдебиеттің таралымы 5 мың данаға дейін өсті деп бөркімізді көкке атамыз. Қазақтардың саны 10 миллионнан асты деп тағы мәз боламыз. Сол 10 миллион қазаққа 5 мың дана кітап не болады? Сонда 9 миллион 995 мың қазақ кітап оқымай ма? Мектеп жасына дейінгі балалар мен төсек тартып жатып қалған қарт кісілерді шегеріп тасталық ал. Қалғандарының қолына бір-бір дана кітап ұстата аламыз ба?.. Бұл жеке адамдардың, баспагерлердің, ақын-жазушылардың ғана емес, мемлекеттің де бас қатыруға тиіс мәселесі.
Оның үстіне өзімізде қағаз өндіретін кәсіпорындар жоқ. Қоқыс тастайтын жәшіктерде қағаз қалдықтары шіріп жатыр. Ал, Қазақстанда целлюлоза дегенің жетіп артылады. Орман-тоғайларымыз бар. Өзендер мен көлдерімізді қамыс басып жатыр. Біз болсақ арзан қағазды қымбат бағамен Ресей мен Қытайдан сатып аламыз. Оның құнына жолкіре мен баж салықтарын қосыңыз. Содан кітаптарымыздың бағасы көкке шарықтап тұр. Қарапайым халықтың кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Ауылдарға қандай кітап болса да тегін алып барайықшы, талап әкетеді! Оқымаса, керек етпесе, не қылады ол кітапты алып?!.
Кітап оқылады. Оқитын кісінің қолына қолжетімді бағамен жеткізе алмай отырмыз. Электронды кітаптар қағазға басылып түптелген мұқабалы кітаптың орнын баса алмайтыны қазір әбден түсінікті болды.
Содан кейін жалқаулық пен енжарлықты «техника ғасырына» жаба беруге болмайды. Біз алдымен өз бойымыздағы енжарлықты еңсеріп, жалқаулықты жеңіп үйренуіміз керек. Әлбетте, оқу – ең қиын жұмыс. Ол жазудан да қиын. Демек, «қалың жұртшылықтың кітапқа деген құштарлығын» оның қиындықтарға қарамастан «білмекке құмарлығы» (Абай) арттырады.
– Оқырман әдеби шығармадан өзін немесе жанына жақын құбылысты тапқанда ғана шын түйсінеді. Туындыларыңыздан өзінің тағдырын көргенін айтып, хабарласқан оқырмандарыңыз болды ма?
– Мен лирик ақынмын. Менің өлеңдерімді іздеп оқитын оқырмандарым бар екенін сеземін. Тіпті, қолына қалам ұстаған көптеген жас ақындардан өз өлеңдерімнің әсерін байқаймын. Олардың бірі менің ойымды қайталайды, бірі алуан түрлі формалық ізденістерімнен үлгі алады. Қазір қазақ өлеңінде мен қалыптастырған бес буынды ұйқаспен жазбайтын ақын қалған жоқ. Тіпті, бұған баяғыдан келе жатқан үйреншікті көне дәстүр секілді қарайтындар бар. Демек, олар менің жырларымнан жанына жақындық тапты деп түсінуге болатын шығар.
Менің түрлі тағдырларға құрылған балладаларым да, поэмаларым да бар. Әсіресе, студент кезімде жазған «Бейтаныс қыздың хаттары» атты поэмамнан шынайылық көріп, өз тағдырларына ұқсастық тапқан бірнеше қызбен әңгімелескенім бар. Жалпы, қаламгер қауым адам жанының инженері деген сөз бар ғой. Әдебиеттің негізгі нысанасы да – Адам! Әдеби шығармалардан Адам іздейтін себебіміз де сол.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.