Қазақстандағы статистикалық деректер шындыққа қаншалықты сәйкес келеді | arainews.kz

Қазақстандағы статистикалық деректер шындыққа қаншалықты сәйкес келеді

152

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов Қазақстандағы статистикалық деректерінің шындыққа қаншалықты сәйкес келетініне қатысты сұраққа жауап берді.

Айта кетсек, бүгін Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік статистика туралы заңнама құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасын қорғаған Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, жаңа заң жобасы бірқатар міндеттерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша арқылы мемлекеттік статистика саласындағы құқықты реттеуді жетілдіру, мемлекеттік статистика органдары қызметінің ашықтық деңгейін арттыру, жиналатын деректердің сапасын арттыру және ресми статистика ақпаратының сапасын қамтамасыз ету, респонденттермен және пайдаланушылармен кері байланысты қамтамасыз ету, қайталанатын көрсеткіштерді жинау секілді жұмыстарды реттеу қарастырылған.

Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар еліміздегі статистикалық деректерінің шындыққа қаншалықты сәйкес келетініне қатысты сұрақ қойды. Комитет төрағасы атап өткендей, бұл мәселеге қатысты да сауалнама жүргізілген.

«Біз түрлі сауалнама жүргіземіз. Оған сенбеулеріңіз мүмкін, бірақ сауал жасаған адамдардың 88 пайызы статистикалық деректерге сеніп отыр. 88 пайызды — біз үшін жоғары көрсеткіш деп есептейміз. Дегенмен, цифрлық деңгейде қаншалықты дәл немесе дәл емес екенін мен нақтылап айта алмаймын. Жалпы алғанда, біздің барлық әдістемелеріміз стандарттарға сәйкес жазылған. Деректерді жинау тәртібінің бәрі нақты жасалған. Мамандарымыз бар. Осы уақытқа дейін күмән тудырарлықтай қатты жағдайлар болған емес. Бірақ, жасыратыны жоқ. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы статистика бойынша сигналдар болып тұрады (…) Бірақ, ол деректерді қолмен ұстамағаннан кейін біз дәлелдей алмаймыз», — дейді Нұрболат Айдапкелов.

Комитет төрағасының айтуынша, бүкіл әлемдегі статистика респонденттің өз еркімен жазылған, мөрі басылған, қолы қойылған есебіне сүйенеді.

«Сондықтан, нақты қателік немесе ауытқу бар деп айту қиын», — дейді ол.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.