Елімізде сүт өндірісіне субсиядия қайта беріле бастайды. Бұл туралы бүгін Қазақстан сүт өндірушілерінің IV конгресінде мәлім болды.
Бүгін Елордада «Мал шаруашылығы бизнесіне табысты стратегияны енгізу арқылы максималды өнім алу» тақырыбында сүт өндірушілердің IV конгресі өтіп жатыр.
Конгресте сала мамандары қазіргі заманауи технологияларды қолдана отырып, оның ішінде малды байламай ұстайтын және ірі тауарлы сүт фермаларын құру арқылы сүт өнеркәсібін дамыту мәселесін шешу жолдарын қарастырып жатыр.
«Сүт өндіру шаруашылығы — елімізге көлемді табыс әкелетін ауыл шаруашылығы салаларының бірі. Осы мақсатта биыл министрлік саланы дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар қабылдады. Соның бірі — биыл сүт өндірісін қайта субсидиялай бастадық. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары белгілі себептермен оны тоқтатқан болатынбыз. Қайта субсидиялау өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, аталған саланы одан әрі жетілдіру мақсатында жақында министрлік ұзақмерзімді бағдарлама қабылданды. 10 жылға арналған бағдарлама бойынша сүт өндірісін 1 млн тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Оның айтуынша, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін бүгінде сүт өнімін арттыруға арналған 102 жоба пулы жасақталып, «ҚазАгро» холдингі тиісті қаржыландыруды жүргізіп отыр.
Сонымен қатар, министрлік өкілі отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты ұлғайғанын да айтып өтті.
«Бүгінде қайта өңделген тауарлардың сыртқы саудасы 13% артты. Оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Ал одан түскен табыс көлемі 1 млрд 600 млн долларға өсті. Мәселен, бидай Орталық Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие. Ал ет және ет өнімдерін сыртқа шығару көлемі жылына 5 мың тонна болатын, ал биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 20 мың тоннаға артты. Оның ішінде 11 мың тоннасы — сиыр еті», — деді ол.
Аталған шараға фермерлер, ет және сүт өндіру салаларының мамандары мен сарапшылар және серіктес компаниялардың 200-ден астам өкілі қатысып жатыр.