Қазақстанда мал басы санағы неге жүргізілмей қалды | arainews.kz

Қазақстанда мал басы санағы неге жүргізілмей қалды

417

Қазақстанда соңғы 12 жылдың ішінде мал басының санағы жүргізілмей келеді. Оның себебін бүгін Сенат қабырғасында өткен отырыста ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов айтып берді.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік статистика туралы заңнама құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған отырыста сенаторлар комитет төрағасына Қазақстандағы мал басына неліктен санақ жүргізілмейтіні туралы сауал қойылды.

«Өте дұрыс айтасыз. Бұл санақты 2016 жылы біздің өткізуіміз керек еді. Бірақ, бұған Ауыл шаруашылығы министрлігі қарсы болды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы санағы он жыл сайын жүргізу мәселесі бұл біздің заңда ғана емес, ауыл шаруашылығы туралы заңда да көрсетілген. Соның өзінде қыруар қаржы кетеді деп, олар (АШМ — авт.) ақшаны одан да субсидияға береміз деп, 2016 жылы санақты блоктап тастаған. Сонымен санақ өткен жоқ. Қазір күнделікті мал басының саны немесе егін мәселесі де дұрыс емес дейді. Бүкіл әлемдік өркениетті мемлекеттердің бәрі де қанша жерде өзінің технологиясын дамытса да, он жылда бір рет нақтылау жұмысын жүргізеді», — дейді Нұрболат Айдапкелов.

Комитет төрағасының айтуынша, мысалы Ресейде он жылда бір рет ауыл шаруашылығы санағы жүргізілсе, бес жылда бір рет мал басының 30 пайызын қамтитын кішігірім санақ жүргізіледі.

«Біз одан қалып жатырмыз. Бізде соңғы ауыл шаруашылығы санағы 2006 жылы жүргізілген. Халық саны жағынан біз енді дұрыс бағытта келе жатырмыз. Цифрландыру жұмысы бойынша халық санағы келесі жылда бізде екі жолмен жүргізілетін болады. Біріншіден, интернет арқылы, екіншіден планшетке тіркеу арқылы өткізіледі. Ол да прогрес деп есептейміз», — дейді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік статистика туралы заңнама құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасын қорғаған Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, жаңа заң жобасы бірқатар міндеттерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша мемлекеттік статистика саласындағы құқықты реттеуді жетілдіру, мемлекеттік статистика органдары қызметінің ашықтық деңгейін арттыру, жиналатын деректердің сапасын арттыру және ресми статистика ақпаратының сапасын қамтамасыз ету, респонденттермен және пайдаланушылармен кері байланысты қамтамасыз ету, қайталанатын көрсеткіштерді жинау секілді жұмыстарды реттеу қарастырылған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.