Қатігез «қуыршақтар» | arainews.kz

Қатігез «қуыршақтар»

Тұңғышбай әл-Таразидің «Дат!» театрының тұсауы кесілді

245

Өмір мен өнер өзектес, салмағы да, сыры да, салтанаты да сабақтасып жатқан егіз ұғым. Өмірдің құбылмалы құбылыстары, оның асау ағынына жіпсіз байланған адамзат баласы құздан да құлайды, жарға да соғылады. Бұл заңдылық. Ал, жан баласы оған тек құдіретті өнермен ғана тіл қатады. Міне, Тұңғышбай Жаманқұловтың «Дат!» театры тұңғыш рет тұсауын кескен жас драматург Қолғанат Мұраттың «Қуыршақтар» атты психологиялық моноспектаклі әрбір саналы тіршілік иесіне тән жандүниенің жанайқайына жауап іздейді.

Облыстық қазақ драма театрында сахналанған қойылымды бастан-аяқ актердің өзі (Тұңғышбай Жаманқұлов) орындап шықты. Бұған дейін “Шырмаудағы ғұмыр” (2013), “Шырғалаң” (2014), “Алмашы үміт” (2015), “Түнек” (2015), “Пони” (2016), “Cаусақ” ( 2016), “Бақыт кілті” (2016) атты бірнеше пьесаларымен көрерменнің жүрегін баурап, көңілін тебіренткен дарынды драматург Қолғанат Мұраттың «Қуыршақтар» атты бұл туындысы 2013 жылы жазылған екен. Жас жазушы-драматург бұл шығармасына тағдыр тәлкегіне түсіп, ашынған адамның азабы мен қасіретін арқау еткен.
Сондай-ақ, шындық пен аярлықтың күресіндегі қатыгездіктердің бетін ашуға да ұмтылыс жасалады. Қойылымда осы оқиғалардың бәрі басты кейіпкерді сомдаған актер Тұңғышбай әл-Тарази мен қуыршақ-адамдар арасында өрбіді. Қойылым режиссері – халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы-суретшісі – ҚР мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева. Моноспектакльдің бір ерекшелігі оған келген көрермендер залда емес, сахнада шеңбер жасап отырды. Қашанда қара жерден биік тұратын қасиетті сахнаның қақ төріне шаңырақ ілінген. Жанында тозығы жеткен сандық пен орындық орналасқан. Ортаға белгілі режиссер Қуандық Қасымов шығып, жаңадан құрылған Тұңғышбай әл-Таразидың «Дат!» театры жайлы, оның бір-ақ адам ойнап шығатын алғашқы қойылымы жөнінде ой бөлісіп, лебізін жеткізді. Мұнан соң сілтідей тынып, сахнаға жайғасқан жүзден астам көрерменнің алдына тағдырдан баз кешіп, рухы қасырет арқалаған егде жастағы адам (рөлде Тұңғышбай Жаманқұлов) шықты. Көрерменді жағалаған ол, бір сәтте ортадағы шаңырақты ұстап, театрды басына көтеріп жылады. «Мені де, өлім, әлдиле» деп өз-өзіне мұң шақты. Сосын ескі сандықты ашып, бірнеше көне қуыршақтарды шаңыраққа ілді. «Баяғыда қуыршақтар елінде қуыршақтар өмір сүріпті. Отбасын құрып, өніп-өсіпті. Бірақ, адамдар оларға зұлымдық жасай беріпті. Жас қуыршақтарды тартып алып, ата-анасына қайтармапты. Содан қуыршақтар басқа бір әлемге көшіп кетіпті. Ал, елде сәби өлімі көбейіпті. Шын қуыршақтар көшіп кеткен соң, адамдар жансыз қуыршақ жасайтын болыпты», – деп тебірене сөйледі бас кейіпкер. Және сандықтан қағаз қайықтарды шашып тастап, кимешек киген қуыршақтың біріне «Апа, апам келді. Апа!» деп жармаса кетті. «Апа, ертегілеріңді сағындым, апа… Апа, үйге қайтайықшы, апа!» – деп тізерлеп отырып, көзіне жас алды. Құдды бір сол қуыршақтардың барлығы мұның жан жарасын тырнағандай күйзелді. Бұл жерде қойылым балалық бейкүнә шақта барлық адам баласы Құдайдың бөлшегі екенін, «Сәби болғым келеді, сәби болғым, Ана сүті аузынан арылмаған» деп Мұқағали жырлаған, әрбір күні бақытқа толы риясыз балалық шақтың бал күндерін әспеттеді.
Есейген соң адам да қуыршаққа айналатын секілді. Себебі, өмірдегі сатқындық, имансыздық, арсыздық, арамдық пен әділетсіздік, қиянат секілді бұлыңғыр бұралаңдар оны еріксіз қуыршаққа айналдырады. Бұл о баста Адам ата мен Хауа ананың кезінен басталған. Жұмақта ғұмыр кешкен ол екеуі Жаратушыға берген уәдесінен тайып, рұқсат етілмеген жемісті жеп, жерге қуылғаннан бері күні бүгінге дейін адамзат баласы осындай жаман пиғылды әрекеттерінен арыла алмай келеді-мыс. Қойылым кейіпкері көрерменге осыны жеткізді. Ол да өзінің балалық шағында жасаған алғашқы қиянаттарын тізіп-терді. Қасиетті құс қасқалдақтың ұясын бұзып, балапандарын өлтіргенін, жәндіктерге жаналғыштай талай мәрте жасаған қиянаттарын саралады. Оның барлығы өсе келе алдынан шықты. Адал деп сенген достарының сатқындығынан абақтыға қамалды. Жазасын өтеп, отбасына оралуға асығып келе жатқанда үйіндегі газ баллоны жарылып, екі баласы мен жарының күлі көкке ұшты. Бауыр еті баласының бөлшек-бөлшек болған денесін көріп, есінен айырылып, жынданып кетті. Осы секілді әрбір қуыршақты өз тағдырының трагедиясымен байланыстырған ол жалғыздықтан жапа шеккендігіне өзінің күнәларын кінәлады. Қаншама досы болса да, жақыны жанында жүрсе де түптің түбінде әр адамның жалғыз екенін ашына жеткізді. Жер бетінде жалғыз қалған ол, отқа оранған отбасының артынан кетуге бел байлады. Қосауыз мылтықты алқымына тақап, шүріппені басып кеп жіберді. Сылқ етіп құлап түсті. Үстіне шаңырақ құлады. Жарық сөнді. Бәрі бітті. Кейіпкердің тауқыметке толы тағдыры да, қойылым да.
Дәрменсіз халде жарық жанғаннан кейін ол барлық көрерменмен қайта қауышты. Шаңырақты қайта тұрғызды. Моноспектакль аяқталды. Шығарма оқиғасына сай қоюшы-режиссердің түпкі шешімі де адамзат баласының жеке тұлға, саналы азамат бола тұра, қоғамдағы түрлі мәселелерге іштей қарсылығын, олармен шиеленіске түсер сәттерін, басынан кешер қиындықтары мен ауыртпалықтарын, шеккен қасіретін, ашынып, күйінуін, арпалыспен жүріп ғұмырдың аяқталуын сезбей қалуын, тағы басқа да қазіргі заманның «көлеңкелі» тұстарын ашып, көрсетуді нысана еткен. Көпшілік Тұңғышбай әл Таразидің актерлік шеберлігіне тағы да тәнті болып, зор ықыласпен қошемет көрсетті. Құшағы гүл шоқтарына толған актер осыдан 50 жыл бұрын осы қарашаңырақта алғаш рет актер болып еңбек еткенін, Нұрсифат Салықова секілді өнердегі ұстаздарын тілге тиек етіп, театрының алғашқы қойылымына қолдау көрсеткен әулиеаталық өнерсүйер қауымға алғысын айтты. Тұңғышбай әл-Таразидің туған жерінде тұсауы кесіліп, шындық пен ақиқаттың күресіндегі қатыгездіктің бетпердесін ашуға бағытталған қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.