Грузияда президенттік сайлауға қатысуға 46 үміткер ниет білдіріп, Орталық сайлау комиссиясына өтінішін жіберген.
Ел тарихында бұрын-соңды мұндай көп адам сайлауға қатыспаған. Алты рет өткізілген президенттік сайлауда ең көбі 20 үміткер тіркелген болатын. Айта кетері, Грузия президентін халық осы форматта соңғы рет сайлайды. Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша 2024 жылы президентті парламент сайлайтын болады.
Жалпы сайлауға қатысуға 25 үміткерге ресми рұқсат берілген. Сайлау науқаны қызу жүріп жатыр. Елдің бүкіл ірі қалалары сайлауалды үгіт пен жарнамаға толып кетті. Үміткерлер жалақыны өсіру, жұмыс орындарын арттыру секілді талай уәде беріп үлгерген.
Цицо Баирамашвили, Тбилиси тұрғыны:
– Сайлауға міндетті түрде барамын, әйтпесе дауысымды біреуге жазғызады. Вашадзе үшін дауыс беремін. Текті отбасынан шыққан, оның жұбайы – белгілі балерина Нина Ананиашвили. Ақылды кісі болғандықтан, елді дұрыс басқарады.
Сулхан Зарзмели, Тбилиси тұрғыны:
– Ешқайда бармаймын. Жасым жүзге тақап қалды, талайды көрдім. Олар жалған уәде беруден жалықпайды. Ал сайланғаннан кейін халықты мүлдем ұмытады.
Мариам Заалишвили, Тбилиси тұрғыны:
– Сайлауға барудың мәнісі жоқ деп санаймын. Президенттің мәселелерді шешетіндей билігі жоқ. Тұрмысымызды жақсартуға, жұмыспен қамтуға және зейнетақыны көтеруге уәде беріп жүрген үміткерлер бізді алдайды. Президенттің ондай құзыры болмайды. Бәрін Парламент шешеді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, Грузияда парламенттік билік. Президент лауазымы шектелген. Ол мемлекет басшысы әрі жоғарғы қолбасшы болып қалғанымен, бүкіл шешімдері бойынша үкіметпен келісуі керек. Сарапшылардың айтуынша, билік басындағы партия өз үміткерін ұсынбауының бір себебі де осында жатыр.
Вахтанг Маисая, саяси ғылымдардың докторы:
– Билік басындағы партияда білікті маман жетіспейді дер едім. Мамандар тапшылығы да осы шешіміне әсер етті. Сондай-ақ Саломе Зурабишвилиді қолдауы биліктегі партияға көп пайда әкеледі. Осылайша Грузияның еуропалық бағытын қолдап отыр. Саломе Зурабишвили Франция азаматы болғанын білесіз, оның Еуроодақ елдерінде беделі жоғары.
Жалпы президент болуға көптеген танымал тұлға ниет білдірген. Саясаткерлермен қатар, осы лауазым үшін белгілі режиссер Георгий Шенгелая, тіпті Грузия патриархы қорының мүшесі де күреседі.
Вахтанг Маисая, саяси ғылымдардың докторы:
– Әрбір грузин өзін патша санайды. Президент сайлауы өткен кезде үнемі көп шу шығатын. Өзін үлкен саясаткер санайтынның түгелі президент болуға тырысады. Сайлау науқанының басталуы демократиялық ережелерге сай болмай отыр дер едім. Себебі оппозициядағы Ұлттық қозғалыс пен Еуропалық Грузия партиясы үміткер Саломе Зурабишвилиге қарсы үгітті дөрекі түрде жүргізіп келеді. Тіпті азамат соғысын бастауға дайынбыз депті.
Грузияда президенттік сайлау 28 қазанда өтуі тиіс. Шетелде тұратын ел азаматтары да өз таңдауын жасай алады. Сайлау учаскелері әлемнің 40 елінде жұмыс істейді.