Ер есімі – ел есінде

Тараз жұртшылығы Кеңес Одағының батыры Ақәділ Сухамбаевтың  ерлік жасаған күніне орай, еңселі ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етті, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Соғыс – зұлмат азапқа толы тарихи қасірет. Сол майданда қаншама ер азамат жанқиярлықпен қаза тапты. Оның ішінде Кеңес Одағының батыры Ақәділ Сухамбаевтың есімі ерекше. Ол  Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. 1944  жылдың шілде  айында поляк деревнясын азат ету үшін болған ұрыста пулеметтен оқ шашқан дзотты кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты. Осы ерлігімен артында өшпес із қалдырды.

– Ағаділ атамызды артында қалған ұрпақтары жиылып, жыл сайын еске алып тұрамыз. Елі үшін, Отаны үшін өмірін қиған батыр бабамыздың рухына құран бағыштау дәстүрімізге айналған. Ұлы Отан соғысы кезінде өзге жауынгерлерге рух сыйлаған ерен ерлік көрсеткен қазақтың жаужүрек ұлының ұрпағы болу – біз үшін үлкен мақтаныш. Сұрапыл соғыстың зұлматын көрген барша халық Ағаділ батырдың ерлігін ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын, – деп батырдың немересі Өмірзақ Сухамбаев жиында ағынан жарыла сөйледі.

Батырдың есіміне берілген ескерткіш маңына облыс жұртшылығы жиылып, құшақ-құшақ гүл қойды. Сонау қаһарлы заманда кеудесін оққа тосып, мерт болған жауынгердің ерлігі мен есімі  мәңгі ұрпақ жадында.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.