Елордада «Мәңгілік ел идеясы: тарихы мен болашағы» атты конференция өтіп жатыр | arainews.kz

Елордада «Мәңгілік ел идеясы: тарихы мен болашағы» атты конференция өтіп жатыр

388

Елордағы Елбасы кітапханасында «Мәңгілік ел идеясы: тарихы мен болашағы» атты республикалық ғылыми конференция өтіп жатыр.

Жиынды ашқан ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, бұл конференция — кітапханада өткізілетін дәстүрлі және өте маңызды іс-шаралардың бірі.

«Біз небір тар жол, тайғақ кешуден, неше түрлі сыннан, қияметтің қыл көпірінен бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өткен елміз. Сондықтан барымызды бағалап, киемізді қастерлей білетін, ұлтымыздың бағына туған алыптарымызды ардақтап, қадірін түсінетін халықпыз. Ширек ғасыр ішінде асқар асулар мен биік белестерді бағындырып, еңселі елге айналуымыз Елбасының кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында екенін әр қазақстандық жақсы біледі. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын асыға күтіп, стратегиялық бағдарламалары мен жаһандық бастамаларының іске асырылуына әр ұжым, әр азамат өзінің қал-қадерінше атсалысуға тырысады», — деді ол.

Себебі, оның пайымынша, еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар барлық уақытта да Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты.

«Біз Президентіміздің «Мәңгілік ел» жолындағы дана саясатының арқасында бүгінде дамыған елдер қатарына жеттік. Халықаралық және әлемдік деңгейде абыройлы, беделді мемлекет атандық. Кең байтақ қазақ жері татулықтың үлгісіне айналып, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Енді егемен еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты», — деді Ә.Рахымжанов.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы — қоғамның рухани жаңаруы міндеттері мәнмәтінінде өткізіліп жатқан конференция жұмысына танымал отандық ғалымдар, докторанттар мен магистранттар қатысуда. Олар Мәңгілік ел идеясымен байланысты жұмыстардың тарихи, экономикалық, саяси, философиялық, мәдени, әлеуметтік, құқықтық және басқа да қырларын талқылап жатыр. Шара қорытындысында «Қазақстан жолы: мәңгілік ел» монографиясын шығару жоспарланған.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.