Елімізде салықтың 10 түрі енгізілген. Оны қарапайым халықтан бөлек кәсіпкерлер, экспорттаушылар мен өндірушілер де өтеуге тиіс.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі өндіріс ошақтары төлеген салық қазынаны қампайтуға сеп болған. Ең жомарт қала Алматы болып шықты. Мұнда 9 айда 1,3 трлн теңге салық төленіпті. Кезекте Атырау облысы. Үштікті Астана түйіндейді. Жиыны 766 млрд теңге салық түскен. Орталық, Батыс, Шығыс. Оңтүстік өңірлер де жақсы нәтиже көрсетті. Тек Жамбыл облысы мен Солтүстік Қазақстаннан аз түсім түскен.
Шағын несие беру ұйымдарының 9,9 проценті жұмысын тоқтатты
Қазақстанда 26 шағын несиелеу ұйымдары өз жұмысын тоқтатты. Бұл елімізде тіркелген 236 компанияның 10 пайызға жуығы. Мамандардың айтуынша, Алматы қаласында 50 несие беру компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұл жалпы нарықтың 21,2 пайызын құрайды. Сондай-ақ, Шымкент, Алматы облысы және Астана қалаларында белсенді ұйымдар жетерлік. Көрсеткіштерге сүйенсек, олар бөлген қарыздың жалпы сомасы 70,8 млрд теңге. Уақыт тезінен сүрінген ұйымдардың саны бірінші рет азайып тұрған жоқ, дегенмен жыл сайын бөлінетін берешек көлемі ұлғайып келеді.
АҚШ-тан құс етін тасымалдауды тоқтату ұсынылды
АҚШ-тан құс етін тасымалдауды азайту керек. Қазақстан құс өсірушілер одағының өкілдері ауылшаруашылығы министрлігіне осындай ұсыныс тастады. Жыл сайын елімізге Америкадан 140 мың тонна құс еті әкелінеді. Оның 128 мың тоннасы тауықтың сан еті, 12 мың тоннасы таза ет. Алайда бұл квота аясында жасалған мөлшер болатын. Бүгінде өз шаруаларымыз ұсынған құс еті ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтып отыр. Жиына 20-дан аса құс фабрикасы бар. Ал 2023 жылға қарай еліміздің құс өсірушілері 300 тонна құс етін өндіріп, сол арқылы ішкі нарықты түгелдей қамтуды көздеп отыр. 2027 жылы 740 мың тоннаға дейін жеткізіп, экспортқа шығара бастамақ. Қазақстандық құс өсірушілер қоғамының Президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, мақсат ауқымды, тек қолдау керек.
— Қазақстан АҚШ-нан 140 мың тонна ет өнімін алады. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарты осындай болды. Бұған дейін біз 110 мың тонна етті импорттап келдік. Біздің ойымызша, осы квотаны қайта қарастыру керек. Себебі екінші тараптың шарты біздің отандық өндірушілердің қанат жаюына қолбайлау болып тұр, — деді Қазақстан құс өсірушілер одағының Президенті Руслан Шәріпов.
Қазақстан әлемдегі бай елдер тізіміне енді. Мұндай нәтиже халықаралық валюта қорының 31 елдің қаржылық жағдайына жасаған сараптамасы аясында белгілі болды. Бұл үшін есептеудің жаңа тәсілдері қолданылған. Айта кету керек, аталған елдер әлемдік экономикалық өндірістің 61 пайызын құрайды. Оның нәтижесінде мемлекеттің байлығы жағынан Норвегия, Ресей және Қазақстан алдыңғы орынға шыққан.
kaz.zakon.kz