Елдің еңсесі тіктеліп, шаруасы шалқып келеді | arainews.kz

Елдің еңсесі тіктеліп, шаруасы шалқып келеді

254

Кең байтақ қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау, ұлттың тұтастығы мен өсіп-өркендеу және өзге де мақсат етілген биік белестерді бағындыру жолында үлкен үлесі бар өңірдің бірі –Жамбыл ауданы. Елді мекендері таяқ тастам жерде орналасқан тұрғындардың облыстың бас шақарымен алыс-беріс, барыс-келіс жасауына өте қолайлы. Аудан орталығы – Аса ауылы да қала іргесінде тиіп тұрғандықтан, тынымсыз тіршілік еш толастаған емес. Бұл ауданның халқы әртүрлі ұлт өкілінен құралғанымен, татулық туын өз биігінен түсірген емес. Адал еңбек жолында қолы қабарған нағыз еңбек адамы да, қолына қаламын алып, ұрпақты ұлылар жолына жетелеген ардақты ұстаз да, қырағылығының арқасында қылмысқа жол бермеген  тәртіп сақшысы да, науқастың дертіне дауа тапқан абзал жан мен өз ісін өзгеге үлгі ете алған кәсіпкер де, тентегін тиып, әр ошақ түтінінің түзу шығуына ат салысқан абыз ақсақал да осы ауданға тән.

Негізгі мақсатымыз өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттырып, адамның өмір сүру сапасын жақсарту болғандықтан, өңірде қолға алған шаруалар жетерлік. Әсіресе, өңірдің өнеркәсіп саласын, кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруашылығын өрістету бағытындағы өрелі істер, инвестициялық ахуалды қалыптастыру секілді басты бағыттар бірізділендірілген. Ауданның табысын еселеуге бірден-бір септігі бар өңірдің жалпы шығарылған өнім көлемі биыл 35 миллиард 998,3 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 126,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп саласында 11 миллиард 134,5 миллион теңгеге өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 220,6 пайызды құрады. Соның ішінде «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 6 миллиард 398,3 миллион теңгеге 49,9 мың тонна өнім шығарды. Осы тектес «КнауфГипсТараз» ЖШС, «БиномСтройДеталь» ЖШС, «Суперфарм» ЖШС, «КазУпакТрейд» ЖШС секілді кәсіпорындардың табысты өнімі көңіл қуантқаннан бөлек, олардың өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын айта кетуіміз керек.

Экономиканы әртараптандыру және шикізат экспортына тәуелділікті азайту үшін индустрияландыру бағытындағы бағдарламаларға барынша басымдық беру қажет екені белгілі. Сондықтан, биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту картасына 2 жоба енгізуді жоспарланған. Соның ішінде Айшабибі ауылдық округіндегі «СуперФарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысын іске асыру жобасының құны шамамен 3,5 миллиард теңгеге жуықтайды. Жер көлемі – 1,5 гектар. Жоба жүзеге асқанда 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қараша айында толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жоба бүгінде облыстың индустрияландыру картасына енгізілді.

Қысы-жазы еңбектенуді қажет ететін, бейнетіне сай табысқа жетелейтін негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл салаға тоқталсақ өңірде 2 389 агроқұрылым жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 3 өндірістік кооператив, 25 ауылшаруашылық кооперативі және 2 361 шаруа қожалығы бар. Олардың өнімінің жалпы шығарылымы – 9 миллиард 249,7 миллион теңге. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 116,7 пайызды құрап отыр. Өсімдік шаруашылығы бойынша 1 миллиард 987,4 миллион теңгеге өнім өндірілді. Ал мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 7 миллиард 251 миллион теңгеге жетті.

Қазіргі уақытта күн тәртібіне қойылған басты мәселенің бірі – жер игеру. Себебі жер бос жатпауы керек. Мәселен  ауданның жалпы жер көлемі 430 954 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 244 999 гектар. Елді мекен жерлері – 28 258 гектар. Жалпы егістік жердің көлемі 64 189 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдалануға жарамды егістік көлемі 59 163 гектар. 1 638 гектар көп жылдық екпелер болса, 9452 гектар шабындық, 339 315 гектар жайылымдық, 16 360 гектар бөгде жер учаскелері. Соңғы екі жыл көлемінде 8 805,05 гектар жер мемлекеттік жер қорына алынып, 7 866,5 гектар жер конкурс арқылы қайта айналымға қосылды. Бұл бағытта да жүргізілген жұмыс жандану үстінде.

Қазақ мал шаруашылығына ертеден бейім халық. Ата кәсіпті арда тұтқан ауылдықтар бұл саланың дамуына еселі еңбегімен үлес қосуда. Соның арқасында биыл мал мүйізді ірі қара саны 44 806-ға жетті. Қой-ешкі – 250 631 болса, жылқы – 19 244. түйе – 118, үй құстарының – 343 533-ті құрады. Аудан көлемінде 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңдары және 14 тауарлы сүт фермалары бар. Осы жылы  23 974,4 тонна сүт, тірі салмақта 4 489,2 тонна және сойыс салмақта 2 468,5 тонна ет, 40 036,6 мың дана жұмыртқа өндірілді. 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда сүт 102,9 пайызға, ет 105,2 пайызға, жұмыртқа 116,2 пайызға орындалды.

Жекелеген қосалқы шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктірудің тиімділігі де айрықша. Аудан бойынша қазір 3 ауыл шаруашылық кооперативтері жұмыс істеп тұр. Мәселен  «Аса Фермер» агроөнеркәсіп кешені мүйізді ірі қара бордақылаумен айналысады. «Алтын белгі» кешені сиыр сатып сүт дайындайды. Оның жинаған өнім көлемі – 163 тонна.  «Бес-Тур» АӨК-де ондағы бордақыланатын сиыр саны – 200. Сауын сиыр – 240. Жинаған өнім көлемі – 95 тонна.

Ағымдағы жылы жаңадан 7 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. Олар  егін және мал шаруашылығы бағытында шаруасын дөңгелетуде. Бұдан бөлек 90 жылыжай бар. Оның үшеуі Аса ауылдық округінде болса, қалғандары өзге елді мекенде.

Барлығы 1094,7 гектар егіс алқаптары жаңа су үнемдеу технологиясымен суғарылады. Оның ішінде 230 гектарға жаңбырлатып, 864,7 гектарға тамшылатып суару әдісі енгізілген. Шаруа қожалықтардың өз қаражаттары есебінен 5 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды мүлтіксіз орындауда құрылыс саланың да маңызы өте зор. Бұл саланың қарқын алуы емемлекеттің дамуы мен жұртшылықтың өмір сүру деңгейін анықтауға септігін тигізеді. Өңірімізде үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның табысты жүзеге асырылуына жыл сайын жаңа медициналық мекемелер мен білім беру нысандарының, балабақшалардың, мәдени ошақтар мен басқа да әлеуметтік нысандардың бой көтеруі дәлел. Десе де құрылыс нысандарының көлемі ғана емес, пайдалануға берілген нысандардың сапасы да басты назарға алынуда. Осы жылы 3 миллиард 277,5 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Аса ауылындағы «Байтерек» массивіне инженерлік инфрақұрылымы және абаттандыру құрылысына аудандық бюджеттен 27,5 миллион теңге бөлініп, есепті кезеңде 23,5 миллион теңгесі игерілді. Түрксіб ауылынан 140 орындық мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 500,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 55,5 ммиллион қаралды. Сол секілді Бірлесу-Еңбек ауылынан 140 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Айшабибі, Қаракемер, Қарасу ауылдарынан купка салынуда. Аса ауылы Абай көшесінен әмбебап залы бар спорт кешені құрылысына «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында республикалық бюджеттен 150,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 16,7 миллион теңге бөлінді. Ауданда тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы да қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен  жалпы алаңы 37 719 шаршы метрді құрайтын 276 жеке меншік тұрғын үй қабылданды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда – 120,6 пайыз. Негізінен өңірде тұрғын үй кезегінде 639 адам тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 99 бала мен әлеуметтік әлсіз топтағы 292 азамат, 138 көп балалы отбасы  және 110 мемлекеттік қызметшілерді баспанамен қамту өте өзекті. Бұдан бөлек, 9 568 адам жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға кезекте тұр.  Ауданда тіркелген 4 800 кәсіпкерлік нысандарында 7 534 адам жұмыс істейді. Барлық шағын кәсіпкерлік саласы бойынша есепті кезеңде 16 миллиард 296,5 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл ауданда жалпы шығарылған өнім көлемінің 45,2 пайызын  құрайды. Ағымдағы жылдың 7 айында бюджеттің игерілуі 97,7 пайызды құрады. Тұрғындардың орташа айлық жалақы көлемі 128 658 теңгені құрады.

Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтылуы жұртшылықтың өркениетке бір табан болса да жақындағанын білдіреді. Бұл бағытта атқарылған шаруа жүз ұяларлықтай емес. Өйткені аудандағы 42 елді мекеннің жартысынан астамы газбен қамтылған (57,1%). Осыдан екі жыл бұрын 13 елді мекенге (Рахат, Еңбек, Тастөбе, Көлқайнар, Қарасу, Шайдана, Қаракемер, Құмтиын, Жұма, Өрнек, Ерназар, Қаратау, Әулиекөл) магистралдық газ құбырларын жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған болатын. Жалпы жобаның құны – 4 миллиард 531,4 миллион теңге.

Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 300 миллион теңге және облыстық бюджеттен 33 миллион теңге бөлініп, газ тарату нүктесінен бастап қаражат көлеміне қарай магистралдық газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталды. Аталған нысан өтпелі болып, 2020 жылға республикалық бюджеттен қаражат толығымен бөлінген жағдайда магистралдық газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстарын толығымен аяқтау жоспарлануда. Елді мекендерге ауылішілік газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім берілді. Осыған сәйкес, ағымдағы жылы 5 елді мекеннің (Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек) ішкіжелілік газ құбырларының ЖСҚ дайындауға 40 миллионн 525 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қалған 8 елді мекен бойынша ЖСҚ-дайындауға 2020 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлу жоспарлануда. Жалпы 13 елді мекеннің тұрғындарын магистралдық және ішкіжелілік газ құбырларының құрылысын аяқтап, табиғи газға қосу 2021 жылға жоспарланып отыр.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында биылға жалпы сомасы 73 миллион 705 мың теңге бөлініп, 7 айда 60 миллион 437,7 мың теңге игерілді. Бұл қаражаттарға 17 ауылдық округке 8 ауылішілік жолдар, 2 көшенің тротуарларын жөндеу, 1 спорт алаңын және 3 шағын футбол алаңын орнату, 2 шағын футбол алаңын ағымды жөндеу, 1 балалар ойын  алаңын орнату, 1 ҰОС ескерткіштерін жөндеу және 3 ауылды жарықтандыру жұмыстары жүргізу көзделген.

Бұрын әр ауылдың тозып бара жатқаны, тұрғындардың жұмыс таппай сенделуі, олардың жаппай қала немесе облыс орталығының маңайына үдере көшуі бәрімізді алаңдататын. Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық қуаты артып, ауылдық жерлерді дамытуына мол мүмкіндік туды. Әр ауылда түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жұрт таза ауыз сумен қамтылып, елдің кәсіп игеріп немесе белгілі бір шаруашылықпен айналысуына жағдай жасалды. Бұған мемлекет тарапынан қабылданған әртүрлі бағдарламалардың септігі тигені анық. Бір айта кетер жайт,  «Ауыл – ел бесігі» жобасы әрбір елді мекеннің тіршілігін тіктеуіне ықпал етуде. Соның арқасында біздің өңірде де 35 жобаны іске асыруға жалпы құны 726 миллион 870 мың теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде  электрмен жабдықтауға 8 жобаға 86 миллион 005 мың теңге, сумен жабдықтау үшін 1 жобаға 14 миллион 757 мың теңге, білім нысандарын жөндеу мақсатында 3 жобаға 149 миллион 533 мың теңге, спорт нысандарын жөндеу бойынша 2 жобаға 175 миллион 809 мың теңге, жол жөндеу жұмыстары үшін 21 жобаға 300 миллион 766 мың теңге бөлінді.

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бойынша 3 жобаның құжаттары облыстық энергетика басқармасына ұсынылды. Қалған 32 жобаның ішінде біреуінің мемлекеттік сатып алу ұйымдастырушысы білім бөлімі, ал 31 жоба аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиесілі.

Ауданда тұрғындардың жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды көрсетуде. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың орта есеппен жан басына шаққанда 27 485 теңгені құрады. Биылғы кешенді жоспар бойынша 1 474 адам жұмыспен қамтылды. Жоспардың орындалуы – 53,3 пайыз. Жұртшылықтың кәсіппен айналысуына, жас мамандардың жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тұруы, кәсіпкерлік негізде оқу, қысқа мерзімді оқыту курсынан өту, шағын несие немесе грант алуы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Аудан көлемінде 140 әлеуметтік мекеме бар. Оның ішінде 56-і білім беру, 36-ы денсаулық сақтау, 48-і мәдениет нысандары. Аталған мекемелердің 74-і көмірмен, 65-і газбен жылытылады. Аудан бойынша 39 қазандықтың 22-сі «Жамбыл-Жылу» КМК-нің теңгерімінде. Барлық қазандықтар балама отын түрімен және резервтік қазанмен жабдықталған.  24 орта мектепте баламалы электр қуатын беретін генераторлар бар.

2018-2019 жылғы жылыту маусымына бюджеттік мекемелерге 3 009 тонна көмір сатып алу үшін 53 миллион 381 мың теңге бөлінді. Көмір аталған мекемелердің ауласына толығымен жеткізілді.

Аудандағы 19 485 жас өңірдегі жалпы тұрғындар санының 23,7 пайызын құрайды. Олардың 4 078-і студент болса,  биылғы жаңа оқу жылында 14 983 оқушы мектепте білім алуда. Оның ішінде 14-18 жас аралығындағы жастар саны 3 684 құрайды. Жұмысқа орналасқандар саны 526 адам.

Сөз соңында айтарым, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ел экономикасын өркендету үшін Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ауқымды міндеттер жүктеді. Ендігі межеміз  Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын, облыс әкімінің жоспарланған міндеттемелерін бұлжытпай орындап, жыр алыбы Жамбылдың атымен аталатын аудан тұрғындарының ауызбіршілігі мен еңбекқорлығын, бос даңғаза тірлікпен күн кешпейтін, әрбір азаматтың бәсекеге қабілетті екенін өзгеге үлгі ретінде көрсетуіміз қажет.

 Бақыт Қазанбасов,

Жамбыл ауданының әкімі.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.