Діни буквализм дегеніміз не? | arainews.kz

Діни буквализм дегеніміз не?

271

Жуырда елімізге белгілі теолог Асқар Сабдин facebook парақшасында дін саласындағы негізгі үш тенденцияның күн санап көбейіп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, бүгінде: «неоxариджиттік буквализм, неосопылық сакрализация мен мистика, жалпы орта ғасырлардан әдет болып кеткен догматизммен формализм күшейген. Олардың үшеуі де тобырды манипуляцияға ұшыратуға өте ыңғайлы құрал, үшеуінің де жемісі радикалды теократ фанаттар». Осы орайда  біз «дін саласындағы буквализм дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.  Белгілі исламтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы буквализм – сәләфизмнің негізгі идеясы дейді. Діни буквализм бар жерде адамның сыни ойлауы шектеліп, айналасында болып жатқан дүниелерге шаблонды көзқараспен ғана баға бере алады. «Сәләфизмнің негізі, оның идеологиясы буквализмге негізделген. Буквализм дегеніміз – аят-хадистердің мән-мазмұнын тереңінен үңіліп-түсінбей, үстінен желіп өтіп, құдайлық мақсатына, адамға пайдасына қарамай, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен шарттарды ескермей, тура мағынасында ұғынуға талпыну. Олардың идеологиясы осы – буквализм. Бұл болған жерде ақыл-есті шектеу бар. Өйткені, сәләфтар дінді басқаша кең ойлауға мүмкіндік бермей, «Олай ойлануға болмайды, бұл – философия, дінді ақылмен түсінген дұрыс емес» деген секілді әр түрлі қағидаттарды ойлап тапқан. Сол арқылы адамды ойландырмай, догмалық жағдайға әкеліп тіреп тастайды. Осының салдарынан теріс ағымға ерген жастар ойланбайтын күйге түседі», — дейді Қайрат Жолдыбайұлы. Қазақы дәстүрді мансұқтап, ата-бабаларымыздың сеніміндегі ғұрыптарды «ширк» деп санаушылар діндегі кей мәселелерде  «кім, қашан, қайда?» деген сұрақтарды қойып, оған жауап іздеушілерді «тозақтық» деп санайды. Осы тұста Қайрат мырза еліміздегі жат ағымның жетегінде кеткен жастардың көпшілігі осындай буквалистік көзқараста жүріп, адасып жатқанын жасырмады. «Ал жаңадан дінге келген адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, ондай білімі де жоқ. Аят пен хадисті түйсінген болады, бірақ, қарсы шығуға үкімінен қорқады. Содан кейін ол аят пен хадисті сәләфтар сіңірген, ұғындырған қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды «тозақтық» деп сенеді. Осыдан соң, «сәләфтардың жолы дұрыс, айқын екен» деген пайымға барады. Қоғамда болып жатқан кейбір түсініктемесі бар мәселелерді олар түсініктемесі жоқ, қате құбылыс сияқты түсіндіреді де, өздерінікін дұрыс етіп аят-хадистермен шегелеп айтады. Аят-хадиспен «айқындалған» соң, көптеген жастарымыз сол ұққан пікірінен айнымай, сәләф болып кетіп жатыр. Ханафи мәзһабы болсын, басқа мәзһабтар болсын, дінге кең қарағандықтан, оның түсіндірмесін қандай да бір ережелерге байлап барып жеткізетіндіктен, күрделілеу көрінеді, аздап ойлануды талап етеді. Пайымдауды, тұжырымдауды қажет етеді. Міне, біз пайымдап, тұжырымдап, саралап түсіндіреміз деп жүргенде, олардікі төте жол болып шыға келеді. Осылай тікелей тартқандықтан, көптеген жастарымыз аят-хадистердің алдына көлденең тұра алмай, бастапқы пікірлерінен, ұстанымдарынан қорқып, айнымайды», — дейді Қайрат Жолдыбай. Ал аталған тенденцияның күннен күнге күшейіп бара жатқанын жазған Асқар Сабдиннің ойынша, буквализмге бой алдырушылармен күресте  – рационалды ойлай жүйесі ғана көмектесе алады. «Фанатты буквализмнің профилактикасы адам ойына  – рационализмді егу. Құранның (улиль-альбаб, кальб, фуад және т.б) ақыл-ой иелеріне арналған 40 аяты, сонымен қоса  ойлауға,  түсінуге, көру мен зерттеуге (татафаккарун, та`кылюн, тубсырун, лияддаббаруу және т.б.) берілген 100-ден аса аяттар. Бұл әдістердің әрқайсысын бөлек-бөлек талдауға болады»,- дейді ол. Сондай-ақ, теологтың сөзінше біздің буквалистерге жүйелілік жетіспейді. Мұндай көзқараста жүрген сәләфиттер өз іштерінде алауыздыққа бой алдырып, сырттай бір-бірін қаралауға құмар. «Буквализмнің тағы бір салдары сәләфиттер арасындағы ауызбіршіліктің жоқтығы мен өз көшбасшыларының соңынан соқыр сенімге (тақлид) ерулерінде деп айтуға болады. Егер мешіттерді бақылайтын болсаңыз, ханафиттер бір-біріне айып тағып, бірін-бірі қаралап жатқан жоқ. Ал сәләфиттерге келсек олардың «жамағат» деп аталатын форумдары бір-бірін муржилер, мадхалито-джамизм, джархизм, куссасизм (өтірікшілер), хариджизм, хизбизм-ихванизм сынды тағы да басқа нәрселерде айыптап, кейбіреулері бір-бірінің сәлемдерін алмайды. Мәзһабшылық — усуль аль-фикх ұғымында жүйе ретінде исламның түпнегізі. Біздің буквалистерге жүйелілік жетіспейді, олар құдды бір «Колумб» сынды, бұған дейін өздеріне белгілі болмаған аяттар мен хадистерге кездескенде  жаңадан Америка ашқандай болып жатады. Шариғат бойынша Құран мен сүннетті түсіну методологиясы нақты мәзһаб туралы түсінікке ие — усуль аль-фикх білімінде. Рационалды ойлай алатын дәстүрлі мәзһаб өкілдері радикализм мен терроризмге ұрынбайды. Ал буквализм о бастан ақидада абстрактілі атрибуттарды қорғауға негізделіп, фиқхқа (ислам құқықтануына) айналып, біздің жастар батып жатқан бірінші дереккөздің катализаторы болып жатыр», — деді Асқар Сабдин.

Айжан Қалиева, журналист

kazislam.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.