Дәнекер | arainews.kz

Дәнекер

280

Ислам Жеменей Иранда туылып, сонда өскенімен, қаны да, жаны да қазақ, отаншыл азамат. Иранда ол ұстаздықпен қатар, осы жұрт қазақтарының салт-дәстүрін зерттеген жас ізденуші еді. Ол Иранда Пәрвиз Резаи, доктор Пәрвиз Рәжәби, доктор Жабер Әнсари, этнограф Мәнсұр Кияи сынды белгілі ғалымдармен достастығы арқылы Иран қазақтары туралы баспасөзде мақала жариялау, университетте лекция оқу, кино бойынша да қандастарын парсыларға таныстырып, насихаттады.
Елге оралған соң Ислам Иранда қолға алған ағартушылық және зерттеу жұмысының ауқымын кеңейте түсті. Содан күні бүгінге дейін ол жүйелі түрде шығыстану саласы бойынша аянбай тер төгіп келеді. Аз уақытта-ақ талантты, зерделі зерттеуші ретінде танылып үлгерді. Парсыша-қазақша, қазақша-парсыша іргелі еңбектерді үш том етіп жариялады. Сондай-ақ, түркілер мен парсы елінің мәдени-әдеби байланыстарын зерделеп, көптеген мақалалар мен кітаптар туындатты. Ол Қазақстан мен Иран елдерінің әдеби-мәдени байланыстарына елеулі үлес қосты. Талантты ғалымның «Қазақ әдебиеті мен тарихы» атты жаңа кітабының таяуда парсы тілінде жарық көруі оның ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының тағы бір айқын дәлелі.
Ислам Жеменей ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп келеді. Ол тарих пен әдебиетті бір-бірінен бөле-жара қарамайды. Ғалым «тарих әдебиетті тудырады, әдебиет тарихтың жаңғырығы» деген тұжырымға сүйенеді. Сондықтан, тарихи дәуірлерді анықтау әдеби шығармалар арқылы мүмкін деп есептейді. Өйткені, ол «Әдебиет саяси тарих негізінде халықтың қоғамдық – әлеуметтік сұраныстарымен ұштаса дүниеге келеді» дейді. Сол себепті әдебиетті зерттеу үшін оның тарихи дәуірлердегі атқарған міндеттерін тану қажет деп біледі. Міне, әдебиеттің осы тарихи бағыттағы міндеттерін анықтау үшін оған әуелі «Әдебиеттің тарихи дәуірлерін» айқындауға тура келді.
Ислам Жеменей «Түркі халықтарының әдебиет тарихы» атты кітабында тарихи дәуір сөзіне төмендегідей анықтама берген. «Дәуір – адамның қоғам һәм табиғатпен бетпе-бет келіп, белгілі бір заман кестесінде өзіндік ерекшеліктер тудырып, тұтасқан мерзім. Әр дәуір белгілі заман шеңберіндегі шындықтар көрінісі. Әр заманның шындық атаулысы сол заманда дүниеге келген тарихи, саяси, экономикалық, қоғамдық, тұрмыстық және адам болмысындағы психологиялық толқындарымен айшықталады. Әр дәуір іштей өзгерістерге сәйкес бірнеше кезеңді қамтиды.
Дәуір мен кезеңдер өмір тарихының болмыс-бітімімен белгіленсе, оның түйсігі ретінде әдебиет дүниеге келеді. Сол себепті, әдебиет әрбір дәуір мен кезеңнің жаңғырығы іспеттес. Сәбидің іңгәлауы ананың барлығын білдіріп жар салса, әдеби туындылар тарих анасының барлығын әлемге хабарлайды. Әрбір әдеби шығарма заман аясында өз дәуірінің, өз кезеңінің айнасы. Сол үшін тарих ақиқатын барлық дәуірде, барлық кезеңдерде әдеби туындылардан іздеуге талпыныс бар», – дейді ол.
Ислам Жеменей аталмыш кітабында әдебиеттің әр елдің келешек тарихындағы аса маңызды міндеті жайлы да өз пікірін білдірген. Онда: «Әдеби шығарма өз заманының жаңғырығы бола тұра, мазмұны адам болмысына тән күрделі құбылыс. Сондықтан да әдебиет ешқашан заманға бағынбайды. Әдебиет заманнан озық болғаны үшін заманмен бірге үзеңгілес бола жүре ұдайы алдан көрінеді. Адам баласын алдағы заманда күтеді» дейді.
Жоғарыда атап өткендей Ислам Жеменей әдебиеттің тарихи дәуірлерінің бастауы мен аяқталу мерзімін археоло­гиялық, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті негізінде анықтай отырып, ол әр дәуірдің ара — қашықтығын әдебиеттер мазмұнындағы саяси ұстаным, халықтың арман-мүддесі арқылы анықтауға болатынына тоқталған. Сондай-ақ, бүгінгі күні Орталық Азия деп аталатын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сияқты елдерді қамтитын кеңістік бұрындары Тұран және Батыс Түркістан деп аталған. Ондай атаулардың қандай дерек негізінде айтылғанына да Ислам көңіл бөлген. Осылайша, ол қазақ әдебиетін жеті тарихи дәуірге бөле қарастырған.
Қазақ әдебиетінің хандыққа дейін созылған бұл дәуірі маңызды һәм негізгі қайнар көз болды. 751 жылдан бастау алған ол 1465 жылғы қазақ хандығы әдебиеті дәуіріне дейін созылды.
«Жалпы, қазақ әдебиетінің түркілік дәуірі бүкіл түрік халықтарына ортақ. Аталған екі дәуірдің тарихи-саяси, мәдени-әдеби мұралары да барлық түрік халықтарының ортақ қазынасы», – дейді Ислам Жеменей «Түрік халықтарының әдебиет тарихы» атты еңбегінде. Осы ретте, қазақ әдебиеті тарихын б.з.д. VII-VI ғасырдағы Афрасиаб жоқтауынан бастауға не себеп деген сұрақ кесе-көлденеңдейді. Ислам ол жайында: «Мен 1996-2000 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде оқытушы болдым. Сол жылдары әріптестерімізбен «Түрік халықтары әдебиеті тарихы» атты ортақ оқулық керек деген ойға тоқтадық та, оқулық, антология және оған арналған бағдарлама жаздық. Төрт томдық еңбек университеттің «Түркітану зерттеу орталығы» баспасынан жарық көрді. Ол Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан ғалымдарының еңбектерін оқып, зерделеп жүрген кезім еді. Олар өздерінің әдебиетінің бастауын Афрасиаб жоқтауынан бастайды екен. Біздің әдеби-мәдени мұрамыз олармен бір десек, неге ортақ мұрамызға қатысымыз жоқ деген ой келе берді. Сол себептен Афрасиабтың шығу тегіне терең зер салып, біз де Афрасиаб жоқтау жырын әдебиетіміздің бастауы ретінде қайнар ету керектігін алға тартып, мақалалар жаздым.
2000 жылы Тараз университетіне қызметке ауысқанда бұл ойыма бірқатар әдебиетші ағаларымыз қолдау көрсетті. Мен тарих һәм әдебиетімізді нақты дерекке негіздеп, Афрасиабтың тарихи тұлғасынан бастау керектігін алға тарттым. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне мақалалар жарияладым. Кейін 2008 жылы «Алтын Шырақ» атты журнал шыға бастады. Сонда түркілік ежелгі дәуір тарихымызды Тұран патшасы Афрасиабтан бастап аталған басылымда жариялауға кірістік. Кейін бұл ой «Түрік халықтарының әдебиеті тарихы» атты еңбегімде өз жүйесін тауып жалғасты», – дейді.
Оны бүгінгі күні парсы тілінде жарық көріп отырған кітаптан бұрын басталған еңбектерінің жалғасы деуге болады. Өйткені, парсы тіліндегі жаңа кітабында Ислам Жеменей қазақ әдебиетін бес дәуірге бөлген. Олар: 1. Қазақ хандығы дәуірі әдебиеті (1465-1847) 2. Дастандар мен Абай әдебиеті дәуірі немесе саяси жүйесіз дәуір әдебиеті (1847-1904) 3. Алаш әдебиеті дәуірі (1904-1919) 4. Кеңестік дәуір әдебиеті (1917-1991) 5. Тәуелсіздік дәуірі әдебиеті 1991 жылдан басталып, мәңгілік ел әдебиетімен жалғаспақ. Исламның ойынша аталған бес дәуірдің әрқайсысы өзіндік саяси, мәдени және тарихи сипатқа ие. Сондықтан, әр дәуірдің әдебиеті өз заманының талабына сай өзіндік тақырыптар бойынша, өз тарихының болмыс-бітімін, арман-тілегін жырлайды, бағыт-бағдарын ұсынады.
Кітаптың мазмұнына келсек, бірінші кезекте шыққан еңбек Жәвад Жәлали Киясәри мырзаның кіріспе сөзімен басталып, автордың алғы сөзімен жалғасқан.
Ғалым алғы сөзінде «Менің шығар­машылық өміріме нәр берген азаматтар көп. Алайда, осы еңбекке елеулі үлес қосқан Жәвад Жәлали Киясәри мырзаға, Ирандағы рухани тірек болған ғалымдар, марқұм доктор Пәрвиз Рәжәби және Пәрвиз Резаи, доктор Сейітәлі Асқар Мирбақыри мырзаға алғыс білдіремін. Сондай-ақ, атажұртқа келгелі жан жылуын сыйлап жүрген ағаларыма, академик Әбсаттар Дербісәліге және басқа да ғалым бауырларыма ризашылық көңілмен алғыс айтамын», – депті.
Екінші кезекте – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан картасымен айшықталған беттер Қазақстан туралы жалпы мәліметтермен жалғасқан.
Үшінші кезекте – Қазақ хандығының құрылғанына негізгі дерек көзі болған «Тарих-и Рашиди» туралы мәліметтерге кеңінен орын берілген.
Төртінші кезекте – «Тараз тарих айнасы» атты бөлімде Иран мен Қазақ елінің тарихи-мәдени байланыстары саралана келе, Тараз қаласы Айша бибі, Қарахан кесенелері суреттерімен бірге, шаһардың тарихи келбеті оқырман қауымға жан-жақты таныстырылды.
Бесінші кезекте – «Қазақ әдебиеті тарихына б.з.д. VII-VI ғасырлардан бүгінге дейінгі аралыққа шолу жасалынып, қазақ хандығы (1465-1847) дәуірі әдебиетінің майталман жырауларын елдік мүдде тұрғысынан таныстырған. Олар: Асан қайғы, Қазтуған жырау, Досмұхаммед жырау, Шалкиіз жырау, Жиембет жырау, Марғасқа жырау, Ақтамберді жырау, Тәті қара жырау, Үмбетей жырау, Бұқар жырау, Көтеш жырау, Тілеуке жырау, Жанақ ақын, Әсет би, Әбіл жырау және Махамбет Өтемісұлы.
Алтыншы кезекте – жазба әдебиеті ауыз әдебиеті негізінде қаланған дәуірге (1847-1904) арналды. Бұл Абай бастаған жазба әдебиеті мен ой мектебінің негізін қалаған дәуір. Ойшыл Абайдан Алаш қайраткерлері нәр алды. Қазақ келешегін ойлады, сөйтіп, қазақтың ең керекті саяси әдебиеті дүниеге келді. Ұлттық саяси элитасы қалыптасты. Бұл дәуірде өткеннен бүгінге, бүгіннен ертеңге көпір болған Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайберді, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Мұзафар Әлімбай сынды қазақ әдебиетінің ірі өкілдерінің өмірі, шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет беріліп, талдаулар жасалды.
Жоғарыда Абайдан бастап, аты аталған ақын-жыраулар парсы ақындарына ерекше ілтипат білдіріп, оларды өлеңдеріне арқау еткендіктен «Шаһнаманың» авторы Әбу-л Қасым Фирдауси (934-1004) дүниетанымына арнайы тоқтаған, «Шаһнама» жайында жаңа көзқарас ұсынған.
Жетінші кезекте – «Алаш әдебиеті дәуіріне» (1904-1919) арналды. Жаңа тақырыптардың өзегі саяси әдебиет болды. Мақсат қазақ халқының ұлттық саяси психологиясын қалыптастыру еді. Алаш қайраткерлері мүмкіндігінше жүйелі, қарқынды жұмыс істеп, арманына қол жеткізуге тырысты. Бірақ, заманның жаңадан қалыптасқан саяси ахуалы олардың тынысын тарылтты. Алаш дәуірінің белді қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхаммед, Жаһанша Досмұхаммед, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Илияс Жансүгір секілді күрескер тұлғалар қазақ халқының ұлттық армандарына қол жеткізу үшін жанкешті еңбек етті. Бұл тарауда міне, Алаш қайраткерлерінің бірнешеуінің өмірі мен ұлттық мұрат-мақсатымен оқырманын таныстырды.
Сегізінші кезекте – «Қазақ әдебиетінің Кеңестік дәуірі» (1917-1991) қазақтың ұлттық мүддесі бұғауда болса да азаттыққа ұмтылысы ұмыт болмаған жылдар ретінде қарастырылған. Бұл дәуірге «тұлпардың тұяғы» Мұхтар Әуезовпен басталып, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатай, Жұмекен Нәжмеден, Шәмші Қалдаяқ, Қалижан Бекқожин, Қуандық Шаңғытбай, Әбіраш Жәмішұлы, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдіраш, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Исраил Сапарбай, Елен Әлімжан сияқты ақын-жазушылар енген. Сондай-ақ, бұл дәуірдің саяси қысымына қарамастан Сәдуақас Ғылмани, Нұрмұхаммед Қосжанұлы сынды иман жолынан ауытқымай қазақ халқының имани туын биік ұстаған майталман қайраткерлер де кітаптан өз орнын алды.
Тоғызыншы кезекте – «Тәуелсіздік дәуір әдебиеті» (1991-….) Қазақ тарихының қастерлі, киелі дәуірінің әдебиетін Елбасының ақындық қыры арқылы бастайды. Өйткені, «Үш қоңыр», «Елім менің», «Жерім менің» атты өлеңдері ел ішінде кең тарап, қазақ руханиятына үлес қосқан туынды ретінде басшылыққа алынған. Әрі Әнұран туралы мол мәлімет берілген. Мемлекет басшысының қосқан үлесі, жасаған игі қадамдары байыппен жазылған. Кітапта Елбасы – Ұлт лидерінің дара мінезі, жастық шағы жайлы деректер досы Қабидолла Сәркеновтің аузынан жазып алынғандығына мән беріледі.
Алғашқы томның көлемі шектеулі шыққан. Автордың қазақ әдебиетінің барлық қыр-сырын, көптеген әйгілі ақын-жазушыларын бір томда қамти алмаған соң, әрі қарай да жазуға ұсыныс жасалған. Осындай еңбек болашақта ағылшын, француз, неміс, араб, түрік, һинди, урду тілдерінде де жазылса игі іс болар еді.
1970-75 жылдары Мәскеуде Шығыстану институтында аспирантурада оқып жүргенде институт директоры КСРО Ғылым академиясының академигі Бободжан Ғафуровтың «Таджики. Древнейшая, древняя и средневековая история» атты кітабы (1972) Мәскеуде орыс тілінде жарық көрді. Соңыра ол бірқатар Батыс Еуропа елдерінің тілдеріне тәржімаланып, басылып, тәжік халқын әлемге паш етті.
2014 жылы Қазанда өткен халықаралық ғылыми конференцияда болғанымда орыс тілінде шыққан «Татары» атты көлемді кітапты көрген едім. Сол кітаптың 2017 жылы Стамбулда түрік тілінде де шыққанын көзім шалды.
Ал бізде ше? Тарихшы ғалымдарымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, тізе қоса отырып «Қазақтар» деген кітапты неге жазбайды, шығармайды? Бір-бірінен қызғанып, бір-біріне жол бермей жүре берер ме екен. Жоқ әлде, Ислам Жеменей секілді білекті сыбанып, іске кірісер ме екен?! Ол енді алдағы уақыттың еншісіндегі дүние.

Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,
ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, филология
ғылымдарының докторы, профессор

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.