«Жас Отан» өмірге деген көзқарасымды өзгертті» | arainews.kz

«Жас Отан» өмірге деген көзқарасымды өзгертті»

198

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – замандастарымыздың жан-жақты жетілуіне жағдай жасау. Бұл тұрғыда елімізде мол мүмкіндік қарастырылған. Білім алуға да, кәсіппен айналысуға да, қалаған мамандық түрін таңдап, сол бойынша еңбек етуге де жол ашық. Ең бастысы, енжарлық танытпасақ болғаны. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тараз мемлекеттік университетінің студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайын Құрбанмен болған сұхбатымызда осындай ойлар әңгіме өзегіне айналды.

– Сайын Әлімұлы, өзіңіз студенттік шақпен қоштасқаныңызға көп болмай жатып, білім ізденуші жастардың жоғын жоқтар кәсіподағын басқарып отырсыз. Бұл ұйымның бүгінгі қауқары қандай? Түйткілдер түйінін толықтай тарқатуға мүмкіндік бар ма?
– Иә, осыдан үш жыл бұрын мен де студенттер қатарында болдым. Студенттер қалтасы жұқа болса да арманға бай, кез келген асуды бұзып-жарып өтер талпынысы зор қауым ғой. Ал, барлық студентке ортақ мәселе – тұрақты жұмыс табу. Мен де бұрын осы мәселе туралы көп ойланатынмын. Бірақ, дана қазақ «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымның арқасында университетті бітіре салысымен жастар саясатымен айналысып кеттім. «Жас Отан» Жастар қанатының қатарында жүріп, кеңес беру орталығының жұмысына атсалыстым. Осылай көзге түскендіктен болар, жұмыс табу қиынға соққан жоқ.
Ал, енді өзім қызмет ететін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерін толғандыратын басты мәселе – жатақхана. Дәл қазіргі уақытта жаңа оқу жылы басталып, ауылдардан, алыс аймақтардан келген студенттер жатақханадан орын алу мәселесімен кәсіподаққа жиі келеді. Бекітілген ережеге сәйкес, тиісті орындар беріліп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасында айтылған тапсырмаға орай, университетіміздің жатақханасы алдағы уақытта 400 орынға кеңейтілетін болды. Жаңадан салынатын ғимараттың орыны дайын, енді құрылысы басталса, жастарымыздың қуанышы еселене түспек.
Кез келген жас азаматқа тән қасиет– бойдағы табиғи талантын шыңдап, көпке танылып, елдің игілігіне қызмет ету. Біздің студенттер кәсіподағы университет жастарының әрқайсысының өзіндік қабілетін ашып, одан әрі дамытуға күш салып келеді. Осы мақсатта оқу жылы басталған сәтте, яғни, қыркүйек айының ортасында 1-курсқа келген студенттер арасында «Біз таланттарды іздейміз» атты конкурс ұйымдастырамыз. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында оқу орнымызда «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылған болатын. Сол кабинетте жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, патриоттық сезімін арттыратын түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіп отырамыз. Сонымен қатар, өлкетану бағытында қасиетті орындарға саяхат ұйымдастыруды да ұмыт қалдырмаймыз.
Университетіміздің маңызы зор тағы бір бастамасын айтып өткім келеді. Өткен оқу жылының аяғында «SUPER SMART STUDENT – 2018» зияткерлік сайысын өткіздік. Әуелгіде өз университетіміздің студенттері арасында ұйымдастырылды. Нәтижесі жақсы көрсеткіш бергеннен соң, республикалық деңгейде ұйымдастырып, еліміздің барлық аймағындағы жоғары оқу орындарының ізденушілерін шақырдық. Сайысқа 16 студент келді. Тарих, әдебиет, физика, математика секілді негізгі пәндерден сан түрлі сұрақтар қамтылып, замандастарымыздың білімге деген қызығушылығын арттырды.
Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында «Дәстүр» интеллектуалды ойынын қолға алдық. Ұмыт бола бастаған бірқатар салт-дәстүрімізді осылайша қайта жаңғыртып жатқан жайымыз бар.
– Мамандығыңыз мұғалім болғанымен басқа салада қызмет етіп жүрсіз? Мұның себебі неде?
– Мамандық таңдаудан қателестім дей алмаймын. Әкем Әлім механик, қазір жеке кәсіпкер. Анам Майра №28 Тараз қалалық балабақшасында логопед маманы болып еңбек етеді. Ағам Сейіл тәртіп сақшысы, әпкем Қаламқас облыстық ауруханада есепші қызметін атқарады. Яғни, біздің үйде мұғалім жоқ. Сондықтан ба екен, мен мектептегі ұстаздарымның әр қылығына сүйсініп, еліктеп өстім. Әсіресе, тарих пәнін сүйіп оқыдым. Одан небір шайқастарда басын бәйгеге тігіп, елінің қамы үшін қанмайданға батыл кірген батыр бабаларымыздың ерлігін оқыдым. Кешегі Желтоқсан оқиғасында Қайрат, Ербол ағаларымыздың, Сәбира, Ләззат әпкелеріміздің қайсарлық танытқан деректеріне қанығып, қайраттана түстім. Шынымды айтсам, тарихқа қатты қызықтым. Сол себепті, осы пәннің мұғалімі болуды мақсат тұттым. Осы қызығушылықпен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінен тарих пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шықтым. Қазір мұғалім болмағаныммен, ізімнен ерген іні-қарындастарымның сабаққа әзірленуіне көмектесіп, білгенімді соларға үйретіп жүремін.
– Әлгінде бұрын «Жас Отанның» белсендісі болғаныңызды айтып қалдыңыз. Қазақстан студенттер Альянсының жұмысына да үлес қосыпсыз. Сол ұйымдардың өскелең ұрпақ үшін пайдасы қандай?
– Бұл ұйымдардың жасөспірім тұлғаның қалыптасуына тигізер ықпалы өте зор десем, қателеспеймін. Әрине, сырт көзге жай ғана көп ұйымның бірі болып көрінер. Алайда, оның ішінде жүріп, қазанында қайнап, жұмыстарына белсене араласқан адам ғана оң нәтижесін көре алады. Мысалы, мен өзімнің сол ұйымдардың қатарында жүрген кезім мен қазіргі сәтімді салыстырсам, жер мен көктей айырмашылық көремін. «Жас Отан» өмірге деген көзқарасымды өзгертті, ертеңге деген сенімімді нығайтты. Алғаш рет Елбасымен «Жас Отанның» жұмысына етене араласып жүргенімде жүзбе-жүз кездескенмін. «Сабақтарыңды жақсы оқыңдар, көпке пайдалы іспен шұғылданыңдар!» дегенді жасы үлкендерден көп естиміз ғой. Ал, Елбасының аузынан есту бір бөлек екен. «Мен сендерге сенемін…» дей отырып, әлгіндей ақылын міндеттеп жеткізгенде, іштей мойныңда туған ел алдындағы жауапкершілік барын сезіндім. Сол кездесу маған ерекше мотивация беріп, алға жетеледі.
Ал, студенттер Альянсының алға қойған мақсаты айқын. Әсіресе, оқу орындарындағы студенттер кәсіподақтарымен бірлесе жұмыс істейді. Жастардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, оның шешілуіне оң ықпалын тигізіп жүрген ұйымның жұмысын нәтижесіз деу әбестік болар.
– «Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Елбасымыз да бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттыру үшін нақты міндеттер жүктеді. Саламатты өмір салтын нығайтуға қаншалықты үлес қосып жүрсіз?
– Кез келген ер бала секілді мен де спортты ұнатамын. Бұрын бокспен айналыстым. Тараз қаласындағы Бокс сарайының жаттықтырушысы Берді Нұржановтың тәлімін алдым. Кейін белгілі бір себептерге байланысты бокстен қол үзіп кеттім. Әйткенмен, бос уақытымда жаттығып, інілеріме өзім білетін әдістерді үйретіп тұрамын. Қазір аптасына дос-жарандармен жиналып, тұрақты түрде футбол ойнап тұрамыз. Және өз университетіміздің студенттерінен команда жасақтап, футбол, волейбол жарыстарына, спартакиадаларға қатысып жүрміз. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Бірнеше рет облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды еншіледік.
– Есіміңіз ерекше екен, не мағына береді?
– Есімімді әжем қойған, арабша «үздік» деген мағынаны білдіреді. Сол атқа лайық, әрбір ісіммен үздіктердің қатарынан көрінсем деген ниеттемін. Бала күнімнен әкім боламын деуші едім. Әлі де сол мақсатымнан айныған емеспін. Бұйыртса, болашақта тәжірибемді шыңдап, білімімді толықтырып, елге адал қызмет ететін әкім боламын.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.