«Ағаш көркі-жапырақ, адам көркі-шүберек» дейді дана қазақ. Расында да, сәнді киім адамның ажарын ашып қана қоймай, еңсесін де биіктете түсетіндігі белгілі. Осы орайда, әлемге әйгілі сәнгерлер күзгі маусымға ерекше киімдер топтамасын дайындапты.
Танымал бренд өкілдері бұл мезгілде ашық түстерге көп мән беріпті. Яғни, қанық қызыл, алтын түсті, ашық сәбіз, көк түсті киімдер сәннен қалмақ емес. Күзгі сән апталықтарында ашық қызыл түсті киімдер көрермен назарына жиі ұшырасады. Сәнгерлер бұл түспен қалың әрі түрлі үлгідегі киімнің ажарын ашуға ұмтылыпты. Әсіресе, мұндай түсті киімдерді көбіне Acne Studios, Alberta Ferretti, Badgley Mischka, Carolina Herrera, Christian Dior, Isabel Marant Etoile, Lanvin фирмалары ұсынған.
Биылғы күзде тағы бір түс сәнге енді. Ол тыныштық пен тереңдікті бейнелейтін жасыл түс. Бұл түсті алқызыл түспен үйлестіріп тігілген киімдерді де көп кездестіруіңіз ғажап емес.
Иә, алтын түстес реңксіз күзді елестете алмаймыз. Мәселен, өткен күзде ашық және жылтырға түскен алтын түсті киімдер трендте болса, биыл бұл аздап өзгерген. Яғни, алтын түс қыша түске ұқсап, тегіс мата мен жасанды теріге ауысты.
Сәнқойлар әдемі гүлдері бар киімдерді де назарға ұстауы керек. Гүлді кескіндер көйлек, белдемшелерден бөлек, кештерге, іскерлік кездесуге арналған костюмдер мен қысқы жылы күртешелер, пальто-халаттарға да сәйкес келіп жатады.
Биыл белінде қиындысы бар көйлектер күз-қыс топтамаларында көп кездеседі. Сәнгерлер әсіресе, симметриялық қиындыларды түрлі стильдегі көйлектердің беліне орналастыруды жөн көріпті.
Бір кездері трендте болған әскери стильді киімдер қайта оралды. Дәлірек айтсақ, мұндай үлгі осы жылы әйелдердің сырт киімдерінде көрініс табады. Шинель, плащ, китель мен мундирді еш ұялмастан кие берсеңіз болады. Сондай-ақ, комбинезондар мен күртешелер, көкірекшелерді де әскери стильде киюге болады.
Сонымен қатар, қырыққабат секілді, яғни, қабат-қабат материалдармен әрленген киімдерді таңдасаңыз да ұтылмайсыз. Себебі, бұл 2018 жылдың күз-қыс маусымындағы дизайнерлердің ұсынған топтамаларында бар.
Биыл сонымен бірге жеңіл әрі өкшесі пәс туфлилар, баусыз ұзын қонышты етіктер де сәнде. Ковбойлар киетін өкшесі биік, қонышы кең және каблугы жуан немесе жіңішке күздік етіктерді де ұқсатып киюге болады. Аяқ киімнің ашық тұстары мөлдір жабындылармен жабылған аяқкиімдер де сұраныста болмақ.
Психологтар нәзікжандылардың мінезін сөмкелеріне қарап та зерделеуге болатынын айтады. Бәлкім, расымен де солай шығар. Сәнгерлер сөмкелердің ұстайтын тұтқасының шеңбер тәріздес болып келетіндерін назарға ұсынады. Иыққа асынып жүретін белбеулі, классикалық тікбұрышты және ерекше жартылай доғалы ұстағыштары бар сөмкелер де әйелдердің сенімді бұйымына айналады. Былтырғы маусымда қолданылған сәнді шашақтардан жасалған сөмкелердің биыл да трендтен қалмағанын еске саламыз.
Айжан Өзбекова