Біз білмейтін Баптаев | arainews.kz

Біз білмейтін Баптаев

Жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді ме?

203

Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған жерлесіміз, ефрейтор Қалибек Баптаев туралы ешкімнің білмейтіні анық.
Қалибек Баптаев деген кім? Қ.Баптаев 1921 жылы ауданға қарасты Қызыләуіт ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Кеңес колхозында мұғалімдік қызметте жүрген жерінен Сарысу аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанып (ол кезде таластықтар Сарысу әскери комиссариаты арқылы кеткен), Белорусь майданындағы 362-Забайкальск артиллерия полкы құрамында соғысқа кіреді. Қазақтың қайсар ұлы неміс басқыншыларына қарсы күресте көзге түсіп, ефрейтор шенін алады, артынша аға барлаушы-бақылаушы болады.

1943 жылғы 11 қарашада неміс басқын­шыларымен атыса отырып, Днепр өзенінің арғы жағалауына өтуде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталып, ерлік жолын жалғастыра берді.
Ал, сол жылдың 24 желтоқ­санында айында Ипа өзенінің арғы жаға­лауына соғыс техникаларын өткізуде көрсеткен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталады.
Бұдан кейін де І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған Қалибек Баптаев 362-Қызыл тулы Забайкальск артиллерия полкының құрамында соғыса жүріп, 1944 жы­лы жауынгер халықтың батыр ұлы екенін дәлелдеді.
1944 жылы 21 шілдеде Польшадағы Ба­тыс Буг өзені үшін болған ұрыста тас үйге орналасқан екі пулеметші біздің жаяу әскердің адымын аштырмайды. Бірақ, қайткенде де алға жылжу керек.
Міне, осы кезде Қ.Баптаев пулеметтің үнін өшіру үшін өз еркімен сұранып,тас үйге қарай 200-300 метр жерге еңбектеп жетеді. Сөйтіп, дивизионмен байланыс орнатып, соңынан гранатамен екі пулеметтің үнін өшіріп, үйдің ішіндегі неміс фашистерінің де көзін жояды.
Осы 1944 жылдың 2 тамы­зында Висла өзені (Польшада) үшін болған шайқаста өзеннің сол жағалауына өтетін жаяу әскердің алғашқы тобы құрамында болған Қалибек Баптаев тағы да ерге лайық іспен көзге түседі. Кеңес жауынгерлері мінген қайық жағадан 50-100 метр қашықтағанда қарсыластарын байқап қалған немістер оларға барлық қарудан оқ жаудырады. Қиын жағдайда қалған қарулас достарының жігерін қайрау үшін Қ.Баптаев қол пулеметін алып, жауға қарсы көздеп ата бастайды.
Сол жағалауға 100-150 метрдей жер қалғанда ержүрек жерлесіміз қайықтан бірін­ші болып секіріп түседі де, белінен су кеше жауынгерлерді бастап жағаға алып шығады. Бұл жерде оларды жау күтіп алып, тоқтаусыз атқылайды. Бірақ, Қ.Баптаев байланысшы Сапронов екеуі дивизионмен арадағы байла­нысты қалпына келтіріп, жауға қарсы жауап береді.
Қалибек Баптаевтың дер кезінде шешім қабылдап, жанқиярлықпен жауды тықсыруының арқасында Висла өзенінің сол жағалауы неміс фашистерінен азат етіледі. Бірақ, бір бөлігінде жау әскері қалып қояды.
Осы Висла өзенінің сол жағалауы үшін болған шайқастан бір күннен соң қалып кеткен
3 мергені Кеңес жауынгерлерін одан әрі қарай алға жылжытпай, әбден кедергі жасайды.
Қ.Баптаев мұқият бақылап, неміс мерген­дерінің тығылған орындарын анықтайды да, дереу оптикалы винтовкасын қолына алып, екі фашистің көзін жояды. Осы кезде немістер танкілердің қолдауымен қарсы шабуылға шыққанда Қ.Баптаев автоматы­мен атып, 10 немістің көзін жойып, өзі де ауыр жараланады. Қатты қансырап жатып: «Мен Отанымыздың азаттығы жолында өз өмірімді саналы түрде қидым. Ленин, Сталин партиясы жолында партия мүшесі ретінде таза жүрекпен өлемін! Біз жеңеміз!», – деп ақырғы сөзін айтып, көз жұмыпты.
Қалибек Баптаев қайтыс болғаннан тоғыз күннен соң 362-Қызыл тулы Забайкальск артиллерия полкының командирі, майор Моторыгин Қалибек Баптаевты Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ұсынып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына наградалық қағаз жолдаған екен.
Әрине, оқырман қауымда бұл мәліметтің бәрін қайдан алып отыр деген ой туар. Деректерді жастайынан басшылық қызметтер атқарған, соңғы жылдары Қаратау қаласындағы №3 қарттар мен мүгедектер интернат үйінің директоры болып, осы жерден зейнеткерлік демалысқа шыққан, ел сыйлаған Өлмес Бейсенованың қызы, қаламыздағы №3 Ар­наулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталы­ғының директоры Айтолқын Әбдібекова Ресей Федерациясының Қорғаныс ми­нистрлігі Орталық архивінің «Память на­рода» сай­тынан тауып,  менің қолыма табыс етті.
Айтолқынның Қалибек Баптаевты із­деуінің себебі, Қ.Баптаев Өлмес әпкейдің туған ағасы болып келеді. Қазіргі таңда Талас аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім Ресейдің үш әскери архивіне Қ.Баптаевқа Кеңес Одағы­ның Батыры атағы берілген, берілмегенін анықтап беруі жөнінде хат жолдап, жауабын күтіп отыр.

Қамысбай Сауқымов,
журналист,
Талас ауданы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.