«Бір күнде күйеуімнен де, шешемнен де шапалақ жегенім бар» | arainews.kz

«Бір күнде күйеуімнен де, шешемнен де шапалақ жегенім бар»

395

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы – қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова

«Мені жазуға Бақытжан әкелді»

– Апай, Бақытжан ағамыз батырдың ұрпағы ғой. Ел алдындағы бейнесі өзгеше болуы ықтимал. Сіз білетін Бақытжанның адами болмысы, кісілік келбеті қандай еді?
– Бақытжан өте салмақты, біртоға азамат болатын. Тіпті бір қараған адам тұйық мінезді деп ойлауы мүмкін. Бірақ сонысына қарамастан, оның әзілі, адамдармен тіл табысуы ерекше еді. Оның тағы бір өзгелерге ұқсамайтын қасиеті – біреу өзіне иттік жасап, тіпті көңілін қалдырып жатса да, сол адаммен ырылдасып, сөзге келмейтін. Ол адамға кек қайтару, жамандық жасау дегенді білмейтін, қатты сөз де айтпайтын. Осы мінезіне қарап: «Неге өйтесің?» – деп мен ыза болатынмын. Сонда ол: «Болды, мен оны тізімнен өшіріп тастадым» – дейтін. Бақытжанның ең үлкен жазасы – сол. Екінші рет әлгі адамға жоламай, аулақ жүретін. Кездескен кезде жаңағы кісі амандасса, басын изеп сәлемін алатын да, әрі қарай онымен сөйлесіп кетпейтін. Ал мен ондай емеспін. Айтатынымды сол сәтте-ақ айтып тастаймын. Ол сонысымен ерекше азамат бола білді.
Бір жағынан қарағанда, біз от пен су секілді болдық. Ол қаланың, кәдімгі Алматының асфальтінің бойында туып-өскен, орысша оқыған, орысша тәрбиеленген адам. Ал мен болсам сонау түкпірдегі ауылдан келгенмін. Біріміз «қырық» десек, екіншіміз «сорок» деп жүретін сияқты ғой (күлді). Бізге ортақ тіл табысу әлбетте оңайға соққан жоқ. Жүрек сезімі, адамның бірін-бірі ұнатуы ол бір басқа да, отбасылық өмірде бірге тұру, үйренісу, бір-біріңе сыйысып, сіңісіп кету дегенің мүлде басқа әлем. Көп жағдайда ерлі-зайыптылардың алғашқы бір-екі жылдағы өмірі бұл өте ұрымтал сәт. Осыған көпшілігі шыдас бермейді. Сол бір қиын кезеңді еңсере білсең, қиналмай өте алсаң, әрмен қарай қол ұстасып кетесің. Ақиқатында менің де, оның да бірімізге біріміздің ұқсамайтын соншалық өзгешелігімізге, мінез-құлқымызға, психологиямызға қарамай, ақыр аяғында жанымыздың жалғасып кеткені «сен, мен» демей, «біз» деп сөйлейтін халге жеткеніміздің өзі бізде сол рухани бел омыртқа, әлгі «стержн» дейді ғой, сол ұқсас, бірдей болды. Мәселен, ол да адалдықты, қарапайымдылықты жақсы көрді. Солай тәрбиеленді. Мен де солай өскенмін.
Әрине, қанша айтқанмен қазақша оқып, қазақша тәрбиеленген адам мен орысша білім алып, қаланың ортасында өскен адамның психологиясы бір жерден шыға қоюы мүмкін емес қой. Әйткенмен біз бір-бірімізді үйреттік. Ағаңның салмақтылығы соншалық, мен быжылдап күйіп-пісетін жерде ол «қайтесің, қатесін Құдай кешірсін» деп қоя салатын. Кейін уақыт өте келе, мен де соған үйрендім. Айталық істеген жаман қылығы үшін бір адамды ғайбаттасаң тиісінше онымен бірге өзің де күнәға батасың, ал оған пәлсапалық тұрғыдан қарасаң, сауабы саған, кінәсі өзіне кетеді.
– Сіздің қолға қалам алуыңызға сол кісі түрткі болды ғой…
– Иә, мені жазуға, әдебиетке сүйреп әкелген ағаң еді. Кім біледі, менің бойымнан бір ұшқынды байқаған шығар. Күнделік жазатынымды білетін. Ата туралы күнделік жазбаларымды бергенмін. Ол кезде екі-үш кітабы шығып, кәдімгідей жазушы атанып қалған кезі болатын. Күнделікте ешкім білмейтін деректер, қызықты жағдайлар бар еді. Соны ұсындым. Болмайды деп алмай қойды. «Бұл аққа қара жапсырған секілді болады. Өйткені екеуміздің дүниетанымымыз екі бөлек. Сосын сен бұның бәрін келіннің көзімен, келіннің көзқарасымен жаздың. Әйел адамның психологиясы аңғарылады. Ал менің әкеммен қарым-қатынасым тіптен өзгеше. Мен жазсам мүлде басқа қырынан келемін. Мынауыңды өзің жаз», – дейді. Мен болсам «Ой, қойшы, мен ештеңе жазбаймын, жаза да алмаймын» деймін. Ақыры ағаңның үлкен әсерімен жазуыма тура келді. Мені сол кісі жазуға итермеледі.
Дүниеде ең қиыны – қысқа жазу. Менің танымымда романнан гөрі әңгіме жазудың машақаты көп. Себебі әңгіменің басы, аяғы болуы шарт. Бір ұтымды ойды айтып үлгеруге тиіссің. Ал романда созып әкете беруге болады. Тоқтатып қойып, қайтадан жалғайсың. Сонда ағаң маған: «Сенде әрбір эпизод дайын тұр. Тек қана алдына бастайтын әуен, соңына қорытынды бер», – дейді. Мен таңданып: «Прозада да әуен бола ма?» – деп сұраулы жүзбен қараймын. «Болғанда қандай?» – дейді ол. «Қысқасы, солай етсе, дап-дайын болады», деп алдаған ғой мені. Мен қайдан білейін. Кейін «Әй, мен саған ең қиын жанрды үйреттім», – деп отыратын. Байқасаң, «Шуақты күндердегі», «Бабалар аманатындағы» жазбалардың бәрі де бас-аяғы бар новелла, эссе сияқты. Бәрі бір жіптің бойында жатыр. Келін мен атаның қарым-қатынасы көрініс тапқан.
– Жастықтың жалынымен келін боп босағасын аттаған әулетті төркініңізге жамандап барған сәтіңіз болған екен. Оқырмандарымызға сол оқиғаны айтып берсеңіз…
– Отбасылық кезеңнің алғашқы жылдары ғой. Күтпеген жерден «шәй» дестік. Жаңа айтқанымдай, ол «сорок», мен «қырық» деп бір нәрсеге быж-тыж бола қалдық. Ағаң ашуға беріліп, мені шапалақпен тартып жіберді. Сол кезде: «Ешкімнің шапалағын жеген емеспін. Сенің шапалағыңды көтере алмайды екенмін», – деп есікті тарс жаптым да кетіп қалдым. Үйім жақын, қаланың шетінде орналасқан. Содан үйге бардым. Шешем шайханада машинамен әлденені тігіп отыр екен. Есіктен кіре сала жыладым. «Ой, анауың мен ойлаған адам емес екен. Жаман-жаман орысша сөздерді айтып боқтайды. Өздері жиналып алып өйтеді, бүйтеді. Құрысын, мүлдем басқа адам болып шықты. Кетемін», – деп көзімді жұмып алып жылап отырмын. Тоқтамай сөйлеп жатырмын. Бір уақытта көзімнің оты жарқ ете қалды. Бағжаң етіп көзімді ашып алдым. Сөйтсем, шешем мені шапалақпен салып жіберіпті. Шешем сөз алып: «Күні кеше ғана саған Бақытжаннан өткен тұлпар да, сұңқар да жоқ еді. Енді бір жылға шыдамай, қоян терісі құрлы болмай келіп отырсың. Ол кінәлі емес, сен кінәлісің. Отыңды лаулатып жаға алмай, отыңды өшіріп, бықсытыпсың. Мен сенің етіңді жасық, сүйегіңді бор қылып туған жоқпын. Құрт көзіңді. Аға-жеңгеңнің көзіне күйік болмай тұрғанда кет», – деді маған.
Алдында жылағаным жылаған ба? Ол сәтте шағым айтып көз жасыма ерік берсем, енді қорланып жылауға мәжбүр болдым. Енді өзің қарашы, келіншек болып керіліп жүргенде бір күнде күйеуіңнен, шешеңнен шапалақ жесең, не қадірің қалады? Содан иттей болып бір шыны су да ішпей кеттім.
– Соңғы жазған «Күретамыр» атты кітабыңыз демеушілер көмегімен шықты. Сізге мемлекеттік тапсырыстан гөрі жеке адамдардың демеушілігімен жарық көргені тиімді болды ма? Мемлекеттік тапсырыспен шықса, барлық кітапханаларға жеткізілетін еді…
– Несі бар екен? Кітапханаға барды делік, басқа адамдардың қолына тимейді. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекеттік тапсырысқа ену үшін мен Қазақстан Жазушылар одағында кезекке тұруым керек. Мүйізі қарағайдай қаламгерлерден маған кезек те тимейді. Оның үстіне маған қамқор болып: «Апа, кітабыңызды шығарайық», – деген жігіттер табылды. Осындай мүмкіндікті неге мен пайдаланбаймын? Олар шығарды, маған қаламақымды берді. Қалғанын өздері сатып жатыр. Неге сатпайды? Өз бағасына өткеруде. Олардан алып, өзге адамдар сатылымға шығаруда. Қазіргі кезде кез келген жазушының кітабы 2000 данадан артық шықпайды. Үкіметтің тапсырысы солай. Кітапханаларға таратылады. Бітті. Басқа адамдардың, оқырмандардың қолына жете бермейді. Менің кітабым оқырмандардың қолына тарауда. Ақтауға барған сапарымда бір күнде жүздеген кітапқа қол қойып, қолтаңбамды қалдырдым. Ақиқатын айтсам, қолым қатып та қалды.
Қасымда жүрген Айгүл демеушілермен келісімшартқа отырған. Кітап таратады. Ол алғашында қорыққанын да жасырмайды. Нәтижесінде екі айдың ішінде алғашқы шығарылымнан түк те қалмады. Содан демеушілер келіп қайта шығару туралы рұқсат сұрады. Мен қаламақы төлеп, шығара берулеріне болатынын жеткіздім. Көрдің бе, оған да, маған да пайда. Үкімет тарапынан қаламақы алмағаныма жиырма бес жыл болыпты. Кезінде «Алматы кітап» «Шуақты күндер», «Светлые дни» деген екі кітабымды шығарды. Қалың екі томға 270 мың теңге ұсынды. Одан бөлек екі дана кітап берді. Сосын берген ақшаларына кітап сатып алуыма тура келді. Енді өзің ойлап қарашы, мен қазір одан бірнеше есе көп қаламақы аламын. Ал демеушілер кітабымды да береді, қаламақыны да аямайды. Қалғанын өздері саудалап жүр. Керемет емес пе? Оқырман кітапты жылдам сатып алып жатыр. Мына тұрған Шымкентте қазір үш жерде менің кітаптарымды сатады екен. Қызылорда, Ақтау, Ақтөбеде де солай. Ақтөбеде сұраныс сұмдық көп. Кітапты ең көп алған облыс – Маңғыстау. Орал мен Шымкент те көп тапсырыс береді. Басқа қалаларға барғанда кітапқұмарлықтарына риза боламын. Айтпақшы, бір ғана Жаңаөзен тұрғындары қаншама кітапты алған десеңші. Білмеймін. Қолтаңба беруде әбден шаршадым.

«Мұхтар Шахановты бұрын адам ретінде де, ақын ретінде де сыйлайтынмын…»

– Жазушы деген жапырақты желек, шыбықты шынар етеді дегенді жиі айтасыз. Өзіңіз болған оқиғаны сол қалпында жазатыныңызды да жасырмайсыз. Дегенмен кітапта атаның «Вон, отсюда!» деп ашуға бой алдырған жерін басқаша жеткізіпсіз. Мұндай әрлеп беру көп пе?
– Жоқ, мен бәрін ашық, сол қалпында жазып келемін. Көрдің бе, айқайлағанын айқайлаған, жылағанымды жылаған, құлағанымды құлаған қалпында бердім. Тек әлгі еңбектеп шыққан жерімді ғана өзімше намыс көріп, соны ғана айтпай қалған болатынмын. «Қалай шыққанымды білмеймін» деген едім. Бірақ оны мен барлық жерде айтып жүрмін. Шындығында халатқа сүрініп, еңбектеп шықтым ғой.
– Одан басқа жерлерде ештеңені анық өзгерткен жоқсыз ғой?..
– Жоқ. Бар болғаны сол ғана. Қай жерде жылағанымды, қай жерде құлағанымды, қай кезде сөз естігенімді ел құсап жасырмаймын. Әлгінде дұрыс айттың. Мен жазушы емеспін. Жазушы деген шыбықтан шынар, жапырақтан желек жасайды. Ал мен жапырақты жапырақ, шыбықты шыбық деп жазатын адаммын. Болды. Жазушы мен менің айырмашылығым сол. Қаламгерлер қиялын қосып, әлденені тудырады. Менде қиялдан туған ештеңе жоқ. Мен ырымшыл, Құдайға қатты сенетін жанмын. Атаға қатысты бір нәрсені қосып жазу, өтірік айту деген қасиеттен аулақпын.
– Ата туралы жалған естелік жазатындарға қандай жауап берер едіңіз?
– Ой, мен мұны айтып та жүрмін. Сол жазғыштар жазып жүргендерін атаның көзі тірісінде неге айтпаған? Енді келіп неліктен шыншыл бола қалған? Айтсаң, біреуді жамандағандай боласың. Мысалы, Мұхтар Шахановты ілгеріде мен ақын ретінде де, азамат ретінде де сыйлайтынмын. Есесіне, оның жазасын анау шет мемлекетте жатқан Мұхтар Мағауин жақсылап берді. Сондықтан мен үндегім келмейді. Оның айтып жүргені адам күлетін дүние ғой. Есі дұрыс адам оған сенбейді. Мәселен, ата 1982 жылы қайтыс болды. Ал Бақытжан бақилық болғаннан кейін бір ай өткен соң сол өлеңі тарап кетті. Ата одан шын мәнінде кешірім сұраған болса, бұған дейінгі отыз жылдың ішінде неге жарық көрмеген? Осының өзі-ақ өтірігін әшкерелеп тұр ғой. Ай, айналайын-ау, өзің ойлашы, ол кез атаның жетпістен асқан шағы. Мұхтар болса, орыстардың тілімен айтсақ, кәдімгі «сопляк». Сонда оған қоңырау шалатындай атаның басына қандай күн туыпты?
Оның айтуынша, ол атаға «ұрысқан» ғой. «Немене, бұл жерде Мұхтар Шаханов деген ақын бар, орыс жоқ», – депті. Осы сәтте ата телефонды лақтырып, артынан қайта қоңырау шалып: «Айналайын, Мұхтаржан, мен ит болдым», – деп кешірім сұрапты. Өй, кетсінші әрмен. Алдымен атаның қандай болғанын менен сұрасын. Ата Мұхтарға неменеге қоңырау соғады екен? Ата, тіпті дәл сол бір кезде Мұхтар деген біреудің бар екенін біліпті ме? Енді келіп қандай негізбен жазады? Өресі төмен адамдар болады ғой. Солар «Ойпырм-ай, мына Мұхтар қандай мықты. Момышұлының өзі кешірім сұрапты ғой» деп айтсын деген ниетпен жазып отыр.
Жалпы, өтірік айтатын адамдардың қайсыбірімен ырылдасамын? Бақытжан да көп нәрсеге былқ етпейтін. Әркім өзінің деңгейінде жазады. Мысалы, Бақытжан әкесі туралы үш кітап жазды. Ол өз деңгейінде, өз көзқарасымен қолына қалам алды. Қазақтар Бақытжанды көп біле бермейді. Өйткені ол орысша оқыған адам. Аудармаға көпшілігінің тісі батпай жүр. Жақында ғана бақилық болған Сұлтан Қалиев балаларға арналған «Я еще ребенок» («Мен әлі сәбимін»), «Когда ты рядом» («Жанымның жарық жұлдызы») сынды екі кітабын ғана аударды. Одан басқалары тәржімаланған жоқ. Есесіне Бақытжанды орыстар сүйіп оқиды. Жазу шеберлігіне сұмдық таңғалады. Бақытжанның кітаптарын қазақша сөйлететін бір адам туады. Бұл анық. Алла тағала құдіретімен ондай адамның пайда болатыны сөзсіз. Мен бұған сенімдімін.

«Әйел мен еркекті ешқашан теңестіруге болмайды»

– Немерелеріңізге ата туралы айтып отыратын шығарсыз. Қаланың балалары шығар?..
– Әрине. Олардың бәрі қазақша оқыды ғой. Мәселен, Кеңес үкіметі тұсында елдің бәрі баласын қазақшаға бермейтін уақытта Ержан қазақша білім алды. Ержанның достарының бәрінің балалары орысша оқыды. Бірақ Ержанның екі баласы да қазақшаға барды. Біреуі шетелде білім алып жатса, екіншісі сегізінші сыныпта оқып жүр. Үлкен немерем Назарбаев мектебін бітірді. Грантқа түсіп кетті. Атасынан, үлкен бабасынан аумайды. Құдайдың құдіреті ғой. Өзінің атасынан аттап барып, бабасына ұқсап отыр. Математиканы жақсы көреді. Ата да мұғалім тақтаға есепті жазғанша жауабын айтатын болған екен. Мына бала да физика, математиканы тәуір біледі. Түрі де, көзқарасы да, қозғалысы да атама қатты ұқсайды. Қасымдағылардың барлығы көзінен адам именеді деп айтып жатады. Солай. Үшінші ұрпақ батыр атасынан айнымайтын болып отырғаны Алланың құдіреті демей көр.
– Қазір мектептерде матриархат үстемдік құрып тұр. Ұстаздардың тоқсан пайызға жуығы әйел адамдар. Батырдың келіні ретінде айтыңызшы. Ұл бала тәрбиесінде бұл үдеріс қаншалықты дұрыс?
– Қалай десек те еркек адамның психологиясы мен Құдайдың жаратқан жаратылысы мүлде басқа да, әйелдікі өзгеше құбылыс. Екеуі екі бөлек әлем екені ақиқат. Оған талас жоқ. Кезінде соғыс зардаптарынан ер адам күші тапшы болғанда әйелдерді «Сен деген мықтысың, сен еркекпен теңсің. Құқығың да тең болуы тиіс. Еркек «ә» десе, сен «мә» деуің қажет. Сен неге одан төмен болуың керек» деп алдады ғой. Сөйтті де әйелдерді теңестірмей, әбден қорлыққа салды. Еркекпен бірдей жұмыс істеді. Еркекпен бірге әйелдің де міндетін атқарды. Үйіне келіп тамақ әзірледі, кірін жуды, бала туды. Расы солай ғой. Мүмкін емес, ешқашан мүмкін болмайды да. Еркек пен әйел тең деген мүлде ақылға сыймайтын көзқарас, таным. Осылайша біздің шырқымыз бұзылды.
Біздің кезімізде ер мұғалімдер өте көп болды. Сол себепті біздің тәрбиеміз де бөлектеу еді. Шынын айтсақ, қазіргі балалар қатын мінезді. Бұл – шындық. Майда сөйлейді, майда істерге барады, төменшіктеп тұрады. Әйел құсап сызылады. Жүріс-тұрыстары да масқара ғой. Кәдімгі ер-азаматқа лайық жігер, күш, қайрат жоқ. Оның ұшқынын да аңғармайсың. Өйткені мектептегі мұғалімнің барлығы дерлік әйелдер. Ол әйел өзінің үйін, баласын, жуылмаған кірін ойлап тұр. Енді ойланатын, еркек мұғалімдердің қатарын көбейтетін кез келіп жетті.
Қазір шөжедей-шөжедей ер балалардың қатары артып келеді. Бұл құбылысты байқап та жүрген боларсың. Аяқтары шидей.
– Шалбар киетін қыздар туралы пікіріңізді айтып жатасыз ғой. Қазір бүтін шалбарды былай қойып, итке таланғандай жыртық шалбар киетіндер шықты. Бұл дегеніміз кейбір елдерде қайыршылықты шақырудың белгісі ретінде қабылданады екен. Біздің жастар қайда бара жатыр?
– Ой, шақырмаған неміз қалды, айтшы. Барлық жамандық атаулыны шақырып болдық қой. Өкініштісі, бұл ақымақтар осының барлығын мәдениет деп ойлайды. Ал енді бізге келіп жатқан осы пәлекеттердің бәрі де сол елдердің өзіне түкке керек емес. Өзге ұлттардың ұлттық тұтастығын, бірлігін, имандылығын, тәрбиесін бұзуға арналып шығарылған фильмдер ғой олардың көріп жүргендері. Сол Америкада, Батысыңда мұндай дүниелер жоқ. Бұның бәрі әдейі, қасақана жасалған дүниелер.
– Мәдени атмосфера арқылы ұлтты азғыруға бағытталған экспансия дегіңіз келеді ме?
– Иә. Соғыс ашпай-ақ сананы жаулап алуға болады. Сол музыкамен, бимен дегендей. Жарайды, шалбар деген осы заманның бір киімі болсыншы. Бірақ ол құрып кеткірді киетін жер болады ғой. Бұлар не істейді десеңші. Ең сорақысы сол, өлімге киіп баратыны қай сасқаны? Әй, ертең оның өзі де табытқа түседі емес пе? Неменеге жетісіп ұңғыл-шұңғылын көрсетіп тұр? Қанша дегенмен ол әйел адамы ғой. Құдайдың өзі еркек, әйел етіп бекер жаратпаған шығар. Екеуі екі әлем ғой. Сол шалбарын киіп алып мешітке, тойға барады. Айналып қана кетейіндер, әр нәрсенің орны болады. Сен мені мүлде шалбар кимейді екен деп ойлап қалма. Кигенде үйде бірдеңе істегенде көйлектің етегі бүлінбесін деп киесің. Болмаса тауға шыққанда, болмаса ұзақ жолға автокөлікпен қатынағанда киюге тура келеді. Әйткенмен әр нәрсенің өз орны бар екенін ұмытпаған абзал.
Ең жаманы жап-жас қыздар мен келіншектердің бойынан үлкен әйелдерде кездесетін аурулар шығып жатады. Мұны менің дәрігер сіңлім ұдайы айтып отырады. Ол аз десең көпшілігі баласын өзі босана алмайды. Бұл неден? Қыздарға титтей кезінен бастап тыртиған шалбарларды кигізіп қоямыз.
Тағы бір жүйкеге тиетіні, осы қыздарымыз бір кездері кіндігін ашып жүрді. Солардың барлығы қазіргі таңда бала босана алмай жүр. Бұларға осы туралы айта қалсаң: «Ол деген мода, сән деп кекірейеді. Кіндіктен қадалған суық, жел атаулы ешкімді оңдырмайды. Туысыма студент кезінде осының бәрін де ескертіп, әбден зарладым, құритынын айттым. Қаншама мәрте ұрыстым. Әлгі қыз тұрмысқа шыққан соң бірінші баласы үш айға жетер-жетпестен іріп кетті. Бала көтере алмай қанша жыл жүрді. Әупірімдеп жүріп бір баланы әрең көрді. Енді екіншісі алты айдан сәл ғана асқан уақытта шала боп дүниеге келді. Соны көрген кезімде: «Мен кек алып тұрғаным жоқ. Шындықты айтып тұрмын. Ал қалай екен? Зарлап айтқан кезімде құлақ аспап едіңдер»,– дедім. Бұл жай бір ғана мысал. Айта берсем, мұндай әңгімелер толып жатыр. Сондықтан киім мәселесіне келгенде ата-ана әбден ойлануы керек. Шынашақтай кезінен тыртитып шалбар кигізіп, кіндігін ашқызып қойғанды доғару керек. «Кисін, бала ғой. Өзгелер киіп жатқанда бұл неге кимейді екен?» деген ойдан аулақ болған жөн. Бәлесінің, салдарының қандай ауыр болатынын қаперден шығармаған ләзім.
Киімнің өзі адамның психологиясын өзгертеді. Көбінесе шалбар киетін әйелдер еркек жүрісті, еркек мінезді, еркекше сөйлейтін, еркекше боқтайтын, еркекше отыратын болып шыға келеді. Осылайша бірте-бірте еркекті менсінбейтін жағдайға жетеді.
– Қазіргі заманның еркекшоралары осылар дейсіз ғой…
– Білесің бе, аяқты айқастырып отыратындар көбейді. Әйел адамның олай отыруы қандай жаман десеңші. Бұтында шалбар бар ғой. Бұрын барлығы да жабық тұратын. Енді көйлек кимеген соң бәрі көрініп тұр. Мына байқұс еркектердің де еті өліп кеткен. Әйтпесе сол әйеліне: «Әй, айналайын, өлімге бара жатырсың ғой, мынаны кимеші», – деуі керек. Тіпті болмаса қасында жүргенде киюіне тыйым салуы қажет-ақ. Олай істей алмайды. Себебі әйелі кіріс кіргізеді, ақша табады. Еркектер қауымы тоқсаныншы жылдары бірінші болып жұмыстарынан айырылды ғой. Сол кезде әйелдер пысықтық танытып, бала-шағаны асырап, ала қоржын арқалап кетті. Сауда деген «мен саған, сен маған» деген әлем. Ол адам атаулыны өзгертпей тұра алмайды.
– Келіндердің шашын жайып жүруіне қатысты не айтасыз?
– Бұрын енді қазақтың салтында күйеуі өлген, яғни жесір қалған әйел ғана шашын жайған. Әрине, ырымға салсақ өте жаман. Әйткенмен амал қанша? Қайсыбіріне айтып, түсіндіріп жатасың… Қазір шаш өретін қыз жоқ қой. Қайта шаш кеспейтін болды. Бұрындары барлығы кесетін. Кейінгі кездері осы бір үрдіс тоқтай бастады. Шындап келгенде, әйел адамдар іске кіріссе көп нәрсені өзгертер еді. Бәрі де әйел затына байланысты ғой.
Ақиқатын айтатын болсақ, біздің қыздарымызға ұлттық тәрбие, менталитет жетпей жатыр. Қазіргі көп қыздарымызды маймыл мінезді дер едім. Маймыл дегенің нені көрсе соны істей салады. Әлгі Батыстан әлденені көрсе бітті көшіріп алады. Ол жарасады ма, жараспайды ма – бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Одан бөлек телеарналар жастарға кері әсерін тигізуде. Телеарналарды ауыстыра берші, тек концерт, әзіл-сықақ театрларының қойылымдарын көресің. Олардың түкке тұрғысыз қылжақтарына залдағылар ыржалақтап отырады. Мен осыдан қатты қорқамын. Өнер адамдары алдымен халыққа өз өнерімен қызмет етсе, екінші жағынан сол өнерімен ұрпақты тәрбиелеуі керек-ақ. Ал бұлар көрерменді, халықты емес, тобырды тәрбиелеп жатқандай әсер сыйлайды. Халықтан да талғам кетіп қалған секілді. Күлуге тұрмайтын сөздерге күле беретін болып алдық. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
– Әншілер мен әзіл әлемінің адамдарына, актерлерге көңіліңіз толмайтын болып тұр ғой…
– Бірде бір телеарнаны қосып қалсам, аяқ-қолы шидей жігіт пен қыз әңгімелесіп отыр. Сөйтсем, біреуі әнші екен. Әлгі әншіден: «Өзіңіздің жеке концертіңізді беретін уақытыңыз келіп жетті ме?» – деп сұраса, әлгі әншісымақ: «Халқым қаласа, есепті концерт беретін уақыт болды деп ойлаймын. Шоу-бизнесте жүргеніме бес жыл толды», – деп кеудесін кереді-ай келіп. Астапыралла, мынау Елбасымыздан да асып кетті ғой дедім. Дәл қазіргі кезде «халқым» деген сөзді Нұрсұлтан Назарбаев қана айтса жарасады. Ұлы тұлғалар айтса да үндемейсің ғой. Ал мынадай жастардың халқым деп көлгірсіп сөйлеуге қалай ғана ұяты жіберіп тұр екен? Сол әншіден: «Қазір әншілер әнін де, мәтінін де өзі жазады. Өзі орындайды. Сіз де сондайлардың қатарынансыз ғой. Бұған қалай қарайсыз?» – деп сұрап еді, ол беті бүлк етпестен: «Несі бар? Кезінде Біржан, Ақандар өздері сөзі мен сазын шығарып, өздері шырқап, насихаттады ғой», – деп үн қатқанда, жағамды ұстай жаздадым. Міне, осылардың көпшілігі ештеңені оқымайды. Мектептен кейін кітапты қолына алып та көрмеген болуы ықтимал.
– «Батырдың келіні, беделі бар, сөзі өтімді» деп сізді «пайдаланғысы» келетін бақай есепшіл таныстарыңыз жоқ па?
– Жоқ, олар менің мінезімді өте жақсы біледі. Марқұм Бақытжан ағаң: «Келін ененің топырағынан деуші еді. Осы бәле шалға тартып кеткен» деп айтып отыратын. Сондықтан есебін түгендегісі келетіндер маған келмейді. Бақытжан ағаңның бір әзілін айтып берейін. Мен атадан қалған тамақты тазалап жеп қоятынмын. Мұны көрген Бақытжан әкесіне: «Папа, тамағыңды тауысып же», – дейтін. Ата: «Неменеге?» деп зілмен үн қатса, Бақытжан мені көрсетіп: «Мынау қарны тойып тұрса да сенен қалған тамақты жалап-жұқтап жеп отырады. Кейін сен кеткенде бұл басыма бәле болмайды ма?» – деп күлетін. Сонда ата: «Әй, мен кеткеннен кейін де саған бір бәле керек болады», – деп әзілге әзілмен жауап беретін. Онысы жарасымды шығатын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ.

aqjolgazet.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.