Басты талап – су каналдары мен дренаждық жүйелерді тазарту | arainews.kz

Басты талап – су каналдары мен дренаждық жүйелерді тазарту

47

Қазіргі таңда өңірде су қорларын қорғау және оны тиімді пайдалану, суармалы жерлерді пайдалану, жеке қожалықтарды сумен қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге жатады. Осы орайда, партия облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аймақтағы су каналдары мен дренаждық жүйелерді тазарту және ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстарды қарадық.

Аталған мәселе, біздің өңірде бұрыннан проблемалық мәселеге айналған. Оның ішінде Қырғызстан Республикасынан суармалы суға тәуелділікті азайту да бар. Айта кетейік, облыстың су қоры 4,22 миллиард текше метр болса, оның 3,1 миллиард текше метрі трансшекаралық өзендерден, көршілес Қырғызстаннан келеді.

Су пайдаланушылардың 82 пайызын ауылшаруашылығы, 11 пайызын өндіріс саласы, 7 пайызын тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықтар құрайды.

Жасыратыны жоқ, Қырғыз тарапы келісілген су бөлу кестелері бойынша суды толық көлемде бермей отыр. Бұның зардабын жер емген шаруалар көреді. Сондықтан біз бұндай жайттарға дайын болуымыз керек. Яғни, қолда бар су каналдарын реттеп, дренаждық жүйелерді тазартуға баса назар аударғанымыз абзал.

Бұдан өзге, өңірде жауапты мамандар су ұңғымаларын қазуды қолға алуда. Ол үшін аймақтың жер асты су көлемі 600 миллион текше метр екен. Тілге тиек ете кетерлігі, әр шаруа қожалық үшін су ұңғымасын қазуға кеткен негізгі шығынның 80 пайызын мемлекет өтеп береді.

Бұл орайда, мәселе де жоқ емес. Яғни, су ұңғымаларын қазуда белгілі бір деңгейде шектеу болуы қажет. Жапа-тармағай құдық қаза беруден белгілі жоспары болуы тиіс. Бұл өз кезегінде, мемлекет қаржысын оңды-солды жаратуға жол бермейді.

Тағы бір айта кетерлігі, облыста 2025 жылға дейін өңірдегі 56 каналды ретке келтірілмек. Бүгінгі күні олардың құжаттары толықтай дайын.

Ашығын айту керек, шаруалар тарапынан «КазСуШар» Жамбыл облыстық филиаланына айтылар сын аз емес. Мәселен, бір ғана Жамбыл ауданының өзінде аталған мекеме өздеріне жүктелген жұмыстарды сапасыз орындап, зардабын қарапайым шаруалар көруде. Партияның жүргізген рейд барысында жөндеу жұмыстары жүргізілген «Жамбыл», «Қошан», «Сейдалы» және «Кейкі» каналдарындағы су тиісті деңгейге жетпей, жерге сіңіп кетуде. Бұл мәселе, Жуалы аудандарындағы каналдарда да кездеседі.

Алдағы уақытта аталған мәселе бойынша «КазСуШар» Жамбыл облыстық филиаланына партия тарапынан тиісті ұсыныстар берілетін болады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.