Баспаналы болудың мүмкіндіктері | arainews.kz

Баспаналы болудың мүмкіндіктері

Тараз қаласында орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі ашылды

189

Елбасы халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, Үкімет пен әкімдерге тиісті тапсырма берген болатын. Бұл тұрғыда «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламаларының тигізер шарапаты мол.

Әрине, межелі міндет орындалуымен құнды. Бүгінде облысымызда да бұқараны баспанамен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, ағымдағы жылы аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 32 тұрғын үйдің құрылысына және 37 инженерлік инфрақұрылым жобаларына 13 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде жыл басынан бері 18 үй тапсырылса, 5 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, 9 үйдің құрылысы келер жылға өтпелі болып отыр. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, биыл өңірде 430,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру мақсаты қойылыпты. Дегенмен, жүргізілген тиісті жұмыстардың арқасында небәрі 10 айдың ішінде 448,3 мың шаршы метр тұрғын үй өткізілген. Осылайша қазірдің өзінде жылдық жоспар 104,1 пайызға орындалып отыр. Бұдан өзге, есепті кезеңде облыста 2 383 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен бірге, Тараз қаласында бірыңғай сәулеттік стильде құрылыс салушының жеке қаражаты есебінен 255 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен.
– Тапсырылған тұрғын үйлердің ішінде кредиттік 9 үй, арендалық 9 үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен 6 коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі өткізілді. Жыл соңына дейін тағы 4 үйдің құрылысы аяқталатын болады. Ал, инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 5,2 миллиард теңге бөлініп, 37 құрылыс нысанының 31-і жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. 10 айдың қорытындысы бойынша оның 16-сы тапсырылып қойды, – дейді Н.Қалдыбаев.
Расында, жыл сайын облысымызда пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің қатары артып келеді. Мысалы, 2010 жылы 218, 3 мың, 2011 жылы 231,9 мың, 2012 жылы 225, 9 мың, 2013 жылы 256,7 мың, 2014 жылы 258, 1 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдаланылуға тапсырылған екен. 2016 жылы 318 мың шаршы метрден астам баспана тұрғызылып, көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға артық орындалыпты. Ал, биылғы нәтижені жоғарыда жаздық. Әрине, құрылыстың бұлайша қарқын алуына «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының септігі айтарлықтай тиюде. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облигациялық құнды қағаздар шығару арқылы Тараз қаласындағы 43,8 мың шаршы метрлік аумақта 5 қабатты 80 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Бұл мақсатқа 2017 жылы 1,8 миллиард теңге бөлініп, ол толығымен игерілген. Былтырғы жылдан өтпелі және биылғы тұрғын үй құрылысы жұмыстарына барлығы 3,23 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі негізінен қаладағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқабының жер телімдерінде жүргізілуде. Сондай-ақ, халықтың әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз «Арай» алқабы мен «Бәйтерек» ықшамауданынан бой көтеретін 3 тұрғын үй кешеніне республикалық бюджеттен 1 миллиард 531 миллион 302 мың теңге бөлініп, игерілуде.
– Бүгінде мемлекет тарапынан салынған тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға беріліп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы ҰОС ардагерлеріне, жетімдерге, әскерилерге, мүгедектерге және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына арнап 60 және 100 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтерді. Бұл үйлер негізінен «Бәйтерек» ықшамауданынан салынып жатыр. Онда қоныстанған халық үйлерде арендалық негізде тұрып жатқандықтан, әзірге жекешелендіре алмайды, – дейді Тараз қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Серік Кайфулдаев.
Айта кету керек, бүгінде «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілердің қатары да күн санап артуда. Осыған орай, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Тараз қаласында тұңғыш рет орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі құрылды. Қойгелді көшесі №173 мекенжайда арнайы ашылған кеңседе жергілікті әкімдіктің қызметкерлерімен қатар, бағдарламаға қатысушы «CenterCredit», «Нalykbank», «Eurasian Bank», «Цесна банк», «АТФ», «РБК», «Тұрғын үй құрылысы жинақ» және «Forte bank» банктердің өкілдері қала тұрғындарына кеңестер беріп, жеңілдіктер туралы хабардар етпек.
– Бүгін біз Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасын облыс көлемінде оның ішінде бірінші кезекте Тараз қаласында жүзеге асыру үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен орталықтандырылған түсіндіру кеңсесін ашып отырмыз. Қазіргі таңда 42 адам пәтерлерін таңдап, екінші деңгейлі банктерге қажетті құжаттарын әзірлеуде. Жалпы, бұл кеңсені ашудағы басты мақсат – облыс, қала тұрғындарына «7-20-25» бағдарламасының шарттарын, жеңілдіктерін түсіндіріп, бір жерден хабардар ету. Тұрғындар ендігі жерде ешбір делдалсыз жергілікті атқарушы билік және екінші деңгейлі банк арқылы пәтерлерін рәсімдей алады, – дейді қала әкімінің орынбасары Сайлау Байназаров.
Бүгінде шаһарда үй кезегінде тұрған
16 500 адамның 300-і аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отыр екен. Қазіргі таңда тараздықтарға екінші деңгейлі банктер арқылы «Арай» ықшамауданынан 101 және «Бәйтерек девелопмент» тұрғызған 34 пәтер ұсынылуда. Бұдан басқа, жуық арада 15-ықшамаудандағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 800 пәтердің 559-ы тұрғындардың игілігіне берілуге дайын.
– Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асыруды Ұлттық банкке жүктеген болатын. Үстіміздегі жылдың маусым айында бұл бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынып, 7 банкпен келісімшартқа отырған «Баспана» компаниясы құрылды. Бүгінде біздің өңірімізде екінші деңгейлі 6 банк жұмыс істеуде. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында қаламызда ашылған орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі арқылы халық тұрғын үй туралы тиісті ақпаратқа қол жеткізіп, екінші деңгейлі банк өкілдерінің ақыл-кеңестерін тыңдай алады. Кеңседе екінші деңгейлі банктердің өкілдері дүйсенбіден сенбіге дейін тұрғындарға қызмет көрсетуге дайын. Жақын күндері «Арай» және 15 ықшамаудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасымен бой көтерген тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, жекеменшік үйлер бар. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындарға қойылатын басты талаптар да жоқ емес. Жуық арада «Баспана» акционерлік қоғамы жаңа жобаны қолға алды. Аталған жоба арқылы тұрғындар ендігі жерде бағдарламаға қатысуға мүмкіндіктері бар-жоғын біле алады. Ал, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі жоқ жас отбасылар үшін жақындары арқылы баспаналы болуына жол ашылмақ, – дейді Ұлттық банктің облыстағы филиалы директорының орынбасары Нұрлан Махамбетұлы.
Енді ғана ашылған су жаңа кеңсеге келушілер уақыт үнемдеуге жағдай жасаған Елбасына, облыс басшылығына өз ризашылықтарын білдіруде.
–Мемлекет басшысына «7-20-25» бағдарламасын іске қосқаны үшін алғысымды айтқым келеді. Өйткені, дәл осы бағдарламаның арқасында ел азаматтары өз баспаналарына қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Әсіресе, бұл жастар үшін өте тиімді. Бұдан бөлек, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке осы бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алып, қаламызда орталықтандырылған кеңсені құруға ықпал еткені үшін ризашылығымды білдіремін. Мемлекеттік қызметкер ретінде бүгін өз басым баспана алуға ұсыныс беру үшін осы кеңсеге арнайы келдім. Кеңсе арқылы банктен әкімдікке, одан әрі қарай тағы сандалмай, уақыт үнемдеп отырмыз, – дейді қала тұрғыны Жанна Садырбаева.
«Өз үйім – өлең төсегім» дейді қазақ. Алайда, нарық заманында баспана бақытына кенеле алмай жүргендер қаншама?! Дегенмен, мемлекет осындай байыпты бастамаларды бастап, баянды бағдарламалардың тетігін тауып жатқанда, әр отбасының баспанаға қол жеткізетініне сенімдіміз.

Шынболат Сейдуалиев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.