«Бас қала үлгі басқаға, Асқақта, ару Астана!» | arainews.kz

«Бас қала үлгі басқаға, Асқақта, ару Астана!»

231

«Бақыт бағалағанның басына тұрақтайды» дейді дана қазақ. Шүкір, ата-баба арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қол жеткіздік. Бірақ, тәуелсіздік тағылымының терең екенін әрбіріміз жете түсінуіміз керек. Елдікті еңселі етуде тарихи һәм тағдыршешті қадамдарға баруға тура келеді. Соның бірі де бірегейі –
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің елордасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі десек артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы түпкі мақсатына үңіле зер салсаң, үлкен саяси көрегенділік жатқанын аңғарасың. Президенттің осынау тарихи әрі батыл шешімінен кейін көп ұзамай Астана еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Бүгінде еліміздің жүрегі һәм бас шаһарын көргенде мақтанбайтын қазақ жоқ шығар, сірә!

Уақыт шіркін неткен жүйрік еді. Енді міне, сол елордамызға биыл жиырма жыл толғанына куә болып отырмыз. Елбасымыздың арнайы Жарлығымен бекітілген Астананың жиырма жылдығы еліміздің барлық аймақтарында тойланып өтті. Бұл мерекеден Жамбыл облысы да қалыс қалған жоқ. Мәселен, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен осы мерейтойға арналған бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл басында басқарма мен облыстық «Aq jol» газетінің редакциясы бірлесе отырып «Арқа төсіндегі арман қала» атты газеттік нұсқадағы ақындар айтысын өткізді. Бұл айтыста аймақтағы ақындарымыз жұп болып айтысып, Елорданы жырға қосты. Сонымен қатар, «Жан жүрегім – Астана» атты ән байқауы ұйымдастырылды. Шара барысында ел ішінде талантты өнерпаздардың шыңдалып өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Олардың Астанаға деген құрметі, отаншылдық сезімдері өн бойларында атойлап тұрды.
Ал, шілде-тамыз айларында облысымыздың барлық өңірлерінде, тіпті, шалғай орналасқан елді мекендерде «Ел жүрегі – Астана» атты мәдениет және өнер күндері өтті. Алғашында ауылдық округтерде бастау алған Астананың 20 жылдығына арналған мерекелер аудан орталықтарында жалғасты. Шара барысында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды дәріптеумен қатар, әр аудан өзінің талантты тумаларын таныстырып, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен көркемөнерпаздар концертін ұсынды. Мәселен, осы аудан күндері аясында ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан тулақ шашу, тоқым қағар, жастар айтысымен қатар, асық ату, арқан тартыс, аударыспақ, шекемтас, тоғызқұмалақ ойындары кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар, Елорданың 20 жылдық мерекесі аясында 13 шілде күні Астана қаласында «Жаңарған Жамбылдан – асқақтаған Астанаға!» атты мәдениет күндері өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық филармониясы бас қаланың төрінде мерекелік бағдарлама ұсынса, облыстық қазақ драма театры көріністер қойды. Ал, облыстық халық шығармашылығы орталығы «Қазанат» ипподромындағы этноауылда өңіріміздің қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырды. Онда тараздық шеберлердің өз қолымен жасаған әшекей бұйымдары мен ыдыс-аяқтар қойылды. Сонымен бірге, облыстық тарихи-өлкетану музейінің де құнды жәдігерлері көптің қызығушылығын тудырды. Жалпы, Астананың 20 жылдығына арналған шараға облысымыздан 200-ге жуық өнерпаз барды.
Иә, Елбасымыз «Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деп баға берген Астана жыл өткен сайын құлпырып келеді. Бас қаланың даму бағдары туралы Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да жан-жақты тоқталды. Ендеше, елордамыздың еңсесі биік, келешегі кемел бола беретіндігі сөзсіз. Асқақтай бер, Астана!

Ғани Садырбаев,
облыстық халық шығармашылығы
орталығының директоры

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.