«Бар мақсатымыз – бизнес пен билік арасына алтын көпір болу» | arainews.kz

«Бар мақсатымыз – бизнес пен билік арасына алтын көпір болу»

278

Соңғы жылдары кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары артып келеді. Дегенмен қатып қалған әкімшілік кедергілер де жоқ емес. Ал олармен күресуде көп кәсіпкердің қауқары жете бермейді. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен дүниеге келген кәсіпкерлікті, бизнесті қолдау тетіктерінің бірі де бірегейі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып отырған шаруасы ұшан-теңіз. Мемлекет үлкен үміт етіп отырған экономиканың осы секторының алға жылжуына облыстық кәсіпкерлер палатасының да сіңіріп отырған еңбегі баршылық. Ашылғанына алты жыл болған облыстық палатаның қазіргі
қам-қарекеті жайлы осы мекеменің директоры Олжас Қаржауовтан сұрап білген едік. 

– Олжас Есімханұлы, облыстық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына биыл 6 жыл толып отыр екен. Түсіне білсек, қарбаласқа толы алты жыл да аз уақыт емес. Осы кезге дейін палата өз миссиясын қаншалықты орындап келеді? Кәсіпкерліктің алға жылжуының тиімді тетіктерін, әкімшілік кедергілермен күрес жүйесін аймақтық палата қаншалықты қалыптастыра алды?
– Менің палатаға директор болып келгеніме сегіз айдай ғана уақыт өтті. Оның алдында Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Түркістан, Маңғыстау облыстарында осы салада жұмыс істедім. Өзіңіз айтпақшы, алты жыл бұрын құрылған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес пен билік арасындағы алтын көпір болуды мақсат еткен болатын. Яғни, ол мақсаттың түп-төркінінде бизнес әлемінде болып жатқан жаңалықтарды халыққа, ал елдегі кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың мұң-мұқтажын, өтініш-тілегін Үкіметке жеткізу тұрды. Нақты айтқанда, заң аясында бизнестің мүддесін қорғау – біздің басты жұмыс принципіміз. Енді өткен алты жылда атқарылған жұмысқа дәл қазір баға бере алмаспын. Бірақ палата өзінің міндеттемелерін ойдағыдай орындап келе жатқанына еш шүбәм жоқ. Өйткені өздеріңіз көріп-біліп жүргендей кәсіпкерлік, әсіресе шағын және орта бизнес саласы осыдан бес-алты жыл бұрынғы жағдайға қарағанда анағұрлым алға жылжып келеді. Бизнес қайткен жағдайда дамиды? Әрине, мемлекеттік қолдаудан бөлек, қордаланған проблемалары мен алдынан кездескен кедергілері жойылған жағдайда бизнесменнің өз ісіне деген сенімі арта бастайды. Тәуекелге бара алады. Мәселен, биыл жыл басынан бері бізге 300-дей арыз түсті. Осы арыз-шағымдардың 100-ден астамы кәсіпкерлердің пайдасына қарай оң шешімін тапты. Осы арыздарды сараласақ, 300 арыздың 30 пайызға жуығы жер мәселесіне қатысты. Көп кәсіпкер ісін жүргізу үшін көп жағдайда жер ала алмай қиналады екен. Ендігі жерде Үкіметтің қаулысымен «Атамекен» жер бөлу, субсидия беру бойынша құрылған барлық комиссияларға 50 пайыздық үлеспен бизнес өкілі ретінде өзі қатыса алады немесе бизнес өкілін кіргізе алатын болды. Яғни бұдан былай жер мәселесімен шағымданған кәсіпкерлер өтінішінің оң шешімін табу мүмкіндігі көбейді. Ең бастысы, елімізде үш жылдан бері жер аукцион арқылы сатылып келеді. Дегенмен мұнда да бір шикілік кесе-көлденең шықты. Жергілікті әкімдік өкілдері аукционмен сатылатын жерлерді газет арқылы халыққа құлақтандыруы керек. Солай істеп те жатыр. Бірақ неге екенін білмеймін, ол хабарландыру кәсіпкерлердің назарына толық жетпей жатады екен. Осы болмашы нәрседен үлкен проблема туып жатқан соң, біз облыс әкіміне мемлекеттік мүліктерді аукцион конкурсына қоятын портал арқылы жерді де сату жөнінде ұсыныс білдірдік. Бұл ұсынысымыз қабылданып, қазір тиісті құжаттарына қол қойылды. Екі айдың көлемінде аукционға шығарылған кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері электронды түрде сатыла бастайды. Бұл жерде енді санаулы ғана тиражбен шығатын газеттегідей хабарландыруды халық көрмей, естімей қалады деген мәселе болмайды деп ойлаймыз.
Біздің осы пилоттық жобамыздың тиімді екенін елордадағы басшылық көріп отыр. Нәтижесі ойдағыдай болып жатса, барлық облыста бизнеске қажетті жер электронды түрде аукционға шығарылмақ. Демек, мұндай жағдайда кәсіпкерлерге жер таза жолмен сатылады.
Кейінгі жылдары Таразда қала құрылысында көп өзгеріс болып жатыр. Әсіресе көшелер кеңейтіліп, қаланың бас жоспары да өзгеріске ұшырауда. Өйткені қалада көлік саны да артып келеді. Мәселен, Жамбыл даңғылы Кеңес заманынан бергі қалпынан екі есеге кеңейді. Көше кеңейгеннен кейін ондағы «қызыл сызықтың» да шегі жылжиды. Ал мұндай жағдайда көбіне зардап шегетін кәсіпкерлер. Өйткені бұған дейін салынып қойған көше бойындағы бизнес нысаны бір күннің ішінде «қызыл сызыққа» өтіп кетіп жатыр. Өкінішке қарай, кәсіпкерге айыппұл салып, ғимаратын бұзу туралы сотқа беру сияқты келеңсіздіктер жиі болып тұрады.
– Осы ретте жер дауына қатысты бір мысал айта кетіңізші?
– Бізге екі ай бұрын «Бейсеубаев» жеке кәсіпкерлігінен арыз түсті. Байқасақ, Тараз қаласының әкімдігі кәсіпкерді «қызыл сызыққа» өтіп кеттің деп біраз мазалапты. Негізі, оның нысаны бұрынырақта салынып қойған. Кейінгі өзгерістен кейін «кінәлі» болып шыққан. Сөйтіп, 75 миллион теңгеге бағаланған кәсіпкерлік нысанын әкімдік сот арқылы бұздырмақшы болған. Кәсіпкер бізге арызданған соң, біз облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті арқылы мәселеге араласып, тексеру барысында қалалық әкімдіктің әрекетінде жемқорлық сипатындағы тірліктер болғаны анықталып, кейін әкімдіктің үш адамы жұмыстан шығарылды. Осылайша мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді.
Бізде мұндай сипаттағы 50 арыз қарауда жатыр. Аптасына орта есеппен осындай үш арыз түсіп тұрады. Ал одан басқа палата жанында консультативтік кеңес беру қызметі де жұмыс істейді. Оған жылына 50 мыңнан астам адам шағымданады. Біздің мамандар құжатты қалай рәсімдеу керек, құрылысты неден, қалай бастау керек деген сияқты қарапайым ғана сұрақтан бастап, күрделі мәселелерге дейін бағыт-бағдар беріп отырады. Ал жазбаша түсетін арыз-шағымдар бойынша сенімхат арқылы білікті сарапшыларымыз жұмысқа кіріседі.
Айтайын дегенім, кәсіпкерлердің қазір палатаға деген сенімі күшейген. Қолдан келген, заң аясында мүмкін болған көмектің бәрін аяп жатқан жоқпыз. Өйткені сөзімнің басында айтып кеткендей, біздің ең бірінші мақсатымыз – кәсіпкерлікті қорғау, қолдау, тығырықтан шығару.
– Олжас Есімханұлы, біздің облыс аграрлы аймақ саналатынын және кәсіпкерлеріміздің көбі осы бағытта тірлік етіп жүргенін жақсы білесіз. Осы ретте субсидия алу мәселесінде де түсініксіз жағдайлар жиі болып тұратынын естіп жатамыз…
– Әрине, біздің облыстың жері ауыл шаруашылығына өте қолайлы болғандықтан, кәсіпкерлердің 70 пайызға жуығы агроөнеркәсіптік кешен төңірегінде тірлік етіп жүр. Ауыл шаруашылық басқармасының жылдық бюджеті 20 миллиард теңге болса, оның 15 миллиарды, яғни басым бөлігі –
субсидиялар. Биыл жыл басынан бері субсидияға 2 300 кәсіпкер өтініш берген екен. Бірақ соның 900-інің өтініші кері қайтарылған. Қолдау.кз сайты арқылы біз мұның бәрін көріп, қарап шығамыз. Яғни алдымен субсидия ала алмай қалған азаматтардың өтініші қандай себептермен кері қайтарылғанын анықтаймыз. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы «Арно-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір жарым жылдай 141 миллион теңге субсидиясын ала алмай жүрген. Осы мәселеге араласып, мән-жайды анықтап, ақыры әбден әуре-сарсаңға түсірген субсидиясын алып бердік. Мысалы мен жұмыста, кабинетте отыра бермеймін. Көбіне аудандарды аралаймыз. Сапар кезінде кәсіпкерлердің басында болып жатқан көп келеңсіздіктерді көреміз. Айталық, Қордай ауданында аумағы үлкен, көрсеткіштері де жақсы бір алма бағы бар. Бұлар да былтырдан бері 9 миллион теңгедей субсидиясын ала алмай жүріпті. Биыл сарапшыларымыз іске кірісіп, кәсіпкерді қуантып қайтты.
– Осы субсидия төңірегіндегі дау-дамайлар өзіңіз айтқан Қолдау.кз сайтының дұрыс жұмыс істемеуінен болып жатыр ма? Өйткені жылдың басында біз де осы сайттың кесірінен субсидияға қол жеткізе алмай жүрген бір-екі шаруаның мәселесін зерттеп көргенбіз. Кейін білгеніміздей, бұл сайттың себебінен субсидиядан қағылып жатқандар көп екен?
– Енді бұған тек біржақты қарауға да болмайды. Көбіне шаруаның өзінен де кінә кетіп жатады. Қажетті құжатты дұрыс рәсімдемейді, сараптаманы дұрыс жасамайды. Мұндай жағдайда біз осы қателіктерін анықтап, өздерімен бірге құжаттарын әзірлейміз. Екінші мәселе, жергілікті әкімдік қызметкерлері тарапынан да түсініксіз жағдайлар орын алып тұрады. Әрине, оларды да артық кінәлағымыз келмейді. Бірақ айту керек, өкіметтің ақшасы болғандықтан, олар өзін сақтандыру үшін әйтеуір бір керек болып қалар деген үреймен шаруадан керек емес құжаттарды қос-қостап сұратып, жұмысты қиындатып жібереді. Кейін осында бәрін шақыртып, прокуратура өкілдерімен бірге осындай түйткілдерді палатаның мәжіліс залында талқылап, тиісті шешімін шығарып береміз. Жоғарыда айтып өткендей палата – бизнес пен билік арасындағы алтын көпір дегенім осы. Өйткені кәсіпкер мәселесін айтып әкімдіктерге, басқармаларға барса, кабинеттерге кіре алмағандықтан, қабылдамай қойғандықтан көп жағдайда шаруасын бітіре алмай кетеді. Ал бізге аптасына шамамен 3-4 басқарма өкілі осындай талқылауларға келіп тұрады. Мұнда палата басшылығының, прокурордың алдында әңгіме ашық айтылғандықтан мәселе объективті түрде талқыға түсіп, нақты шешімі қарастырылады. Жалпы, ең бірінші қойған сұрағыңыздағы палата кәсіпкерлік жолындағы кедергілермен күрес жүйесін қаншалықты қалыптастыра алды деген сауалыңыздың нүктесін қоятын болсақ, кәсіпкер шағым түсіреді, біз топ болып барып мәселесін шешіп қайтатындай «жедел жәрдем» қызметін ғана атқарып отырған жоқпыз. Әрине, бұл – жұмысымыздың негізгілерінің бірі. Ең бастысы біз еліміздің кәсіпкерлікке қатысы бар заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге де барынша атсалысып, ұсыныс беріп тұрамыз. Заңды реттеу көп кедергіні жоятыны рас. Яғни кәсіпкер құқығын қорғауда біз ең бірінші кезекте заңға жүгінеміз. Егер сенген заңымыз солқылдақ болып тұрса, онда шапқылап жүргеніміз бос әурешілік болып қалар еді. Уақытқа, қоғамдық өзгеріске байланысты жағдай да қазір құбылып тұрады. Мысалы, еліміздің Салық кодексін КСРО ыдырағаннан кейін мемлекеттік қызметкерлер жазған. Қазір ол кодекс бизнес қауымдастықпен бірлесе қайтадан әзірленуде. Сол себепті заңдағы талаптар мен нормаларды заманға сай толықтырып тұрмаса болмайды. Бұл бағытта да мысал етіп атап өтер жетістіктеріміз баршылық. Былтыр түрлі заңдарға 800-ден астам өзгеріс пен толықтыру жөнінде ұсыныс бердік.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өз Жолдауында «Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады» дей келе, «Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр» деді. Сіздің ойыңызша, біздегі шағын және орта бизнестің әлі де болса аяққа тұра алмай келе жатқанына себеп болып отырған факторлардың бірі ретінде Президент айтқан «таныс-тамыр» мәселесі кәсіпкерліктің күш алуына қаншалықты кедергі болып отыр?
– Енді ондай кедергінің нақты бар-жоғын құзырлы органдар айта жатар. Біз ондай мәселеге араласа алмаймыз. Дегенмен осы сұраққа жауап ретінде облыста қолға алынып жатқан үлкен бастаманы айта кетсем. Бәрімізге белгілі, облыс әкімі Асқар Исабекұлының мұрындық болуымен қазір облыста үй аулаларында қосалқы шаруашылықты дамыту ісі басталды. Ол үшін он пилоттық ауылдық округ таңдалып, қазір сондағы кооперативтерге жеңілдетілген несие беру мәселесі шешілуде. Бұл жобаға пилоттық округтегі әр үй, әр отбасы қатыса алады. Егер осы жоба сәтті жүзеге асып, нәтижесін беріп жатса, болашақта еліміз бойынша тәжірибеге енгізілмек. Яғни қосалқы шаруашылықпен айналысамын деп ниеттенген кез келген ауыл тұрғыны 2,5 пайызбен несие ала алады деген сөз. Биыл бұл мақсатта әкімдік тарапынан 7 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Менің ойымша, бұл қыруар қаржы шағын және орта бизнестің дамуына үлкен көмек болғалы отыр.
– Осы орайда «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз…
– «Атамекен» де бизнесті дамыту үшін шет қалып жатқан жоқ. Жұрттың бәрі танып-біліп қалған «Бастау» бағдарла­ма­сы­мен жылда мыңдаған облыс тұрғынын кәсіпкерлікке оқытып жатырмыз. Биыл 4 000-ға жуық адамды оқытамыз деп жоспарладық. Қазірдің өзінде 2 200 адам оқыттық, оның ішіндегі 1000-ы – жастар. Жалпы соңғы үш жылда 5 000-ға жуық адам оқытсақ, тек биылдың өзінде 1 200-ден астам адам өзінің жеке бизнесін ашты.
Әрине, «Бастау»-дың жөні бөлек. Ол кезінде оқыған, дипломы бар, бірақ қазір жұмыссыз жүрген азаматтарға мүмкіндік сыйлайтын жоба. Жас өскіндерге бизнестің әліппесін оқытып, кәсіпкерлік сауатын қалыптастыру үшін «Бизнесті жүргізу бастамалары» деген пәнге басымдық беріп жатырмыз. Бұл мақсатта 500-ге жуық мектеп және колледж мұғалімін оқыттық. Олар енді орта мектептердің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне осы пән бойынша сабақ өтпек. Мұның да шағын және орта бизнеске пайдалы әсері болады деген сенімдеміз.
Бізде бизнес бастауға деген шорқақтық әлі бар. Бизнес бастамас бұрын сен өз бизнес-жоспарыңды есептей білу керексің? Бізде оқушы тұрмақ, жоғары оқу орнын бітірген адамның өзі бизнес-жоспар жүргізе алмайды. Мәселен, кішігірім тауық фермасын ашу үшін оған кеткен шығын мен түскен табысты есептей алмайды. Міне, осы сияқты қарапайым есепке ой жүгірте алмай жатады. Сондай-ақ бізде көбісі саудаға беріліп кеткен, соны қолай көреді. Бұл бизнес емес. Оның үстіне сауда экономикамызға да керемет пайдасын тигізе қоймайды. Өйткені тауардың көбі шетелдікі. Шетелдікі демекші, бізде әлі де болса импорт басым болып тұрғаны рас. Бір ғана мысал – «Ауыл-Береке» базарындағы бір көтерме сауда орталығы айына 5 000 тонна тауық етін шетелден әкеледі екен. Өзімізде өндірілмегендіктен бос нарыққа сырт елдер өзінікін кіргізеді. Оның экономикаға тиімсіз екенінен бөлек, сапасының өзі үлкен мәселе. Қазір біз бір үлкен шаруаны қолға алдық. Яғни облыстың қай өңірінде қандай өнім бар немесе жоқ екенін зерделеп шықтық. Мысал ретінде айтсам, тауық еті өндірілмейтін аудандарды анықтадық. Қазір Алматыдан «Атамекен Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 100 инкубатор сатып алдық. Енді соларды аудандарға үлестірмекпіз. Бұдан басқа лимон шаруашылығына да бет бұрдық. Біз негізінен бұл жемісті Түркиядан, Өзбекстаннан аламыз. Өзбекстаннан шақыртқан сарапшылармен ақылдаса келе, бізде жылыжай ішінде лимон өсіруге болатынына көз жеткіздік. Қазір осы бағытта 47 жылыжай ашу үшін мамандарды оқытуды қолға алдық. Қазірдің өзінде палата Айша бибі ауылының маңынан екі лимон өсіретін жылыжайды іске асыруды бастап кетті.
Сондай-ақ кезінде Жамбылда дүркіреген жүзім шаруашылығын қайта дамытуды да қолға алып отырмыз. Палата жанындағы іскер әйелдер қауымдастығы өкілдері Өзбекстанға барып, жүзім өсірудің қыр-сырын көріп қайтты. Енді алдағы уақытта жер телімдерін бөліп, білікті агрономдарды шақыртуды қарастырып жатырмыз.
Қысқасы, біз Үкімет бөлген ақшаны сұраныс артып тұрған, артта қалып кеткен шаруашылыққа бағыттамақшымыз. Мәселен, соңғы үш жылда облыста 13,2 миллиард теңге қаржы мал шаруашылығын дамытуға берілген екен. Бірақ мал саны небәрі 8,7 пайызға ғана көбейді. Егер шаруалар алған қаржыны тиімді пайдаланған болса, жайлауымызда бұдан да көп мал жайылып жүрер еді. Сондықтан қанға сіңіп қалған атакәсіп қой деп бар қаржыны тек мал шаруашылығына бағыттай бермей, бау-бақша жаққа да бір қарайласып қойғанымыз жөн. Себебі қырғыз топырағында өскен құлпынай, таңқурай біздің жерге шықпай ма? Әлде жамбылдықтардың ебі жоқ па? Таңқурай мен құлпынайдың 90 пайызын өзбек ағайындардан, 10 пайызын көрші қырғыздан тасимыз. Айтайын дегенім, қаржыны тиімді бизнеске жаратқан экономикаға да, кәсіпкерге де әлдеқайда табысты болмақ. Мәселен, лимонды жылда еге бермейсіз. Сосын ол төртінші жылы елу келі, алтыншы жылы алпыс келі жеміс береді. Сөйтіп, жылдық өнімділігі сексен келіге дейін жетеді. Ол он-жиырма жылға дейін тұрақты жеміс беріп тұрады. Таңқурай өсіру бойынша Алматы облысынан бір шаруашылықпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар өз шарттарын қойып, көшет беруге келісті. Бізде 50 гектарға таңқурай егіп көруге ниетті шаруашылықтар табылып тұр.
– «Жас кәсіпкер» жобасы туралы айтып өтсеңіз. Биыл облыста бұл жоба қаншалықты жүзеге асып жатыр? Алғашқы нәтижелері бар ма?
– Біз биыл 1 000 жасты оқытып біттік. Соның 415-і өзінің жеке бизнесін ашты. Бізде «Еңбек» бағдарламасы аясында
1 800 адамға арналған 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі гранттар бар. Осы бағдарлама аясында жоғарыдағы 415-тің 300-ге жуығы палатадан қайтарымсыз грант алды. Грант берерде жас немесе үлкен деп бөлмейміз. Бірақ биыл Жастар жылына байланысты басымдықты қоғамның осы тобына қарай бұрдық.
– Жастарға облыстық бюджеттен берілген 3 миллион теңгеге дейінгі гранттар бойынша айтып берсеңіз? Әрине, өтініш білдіргендер, жобасын ұсынғандар өте көп болды. Олардың ішінен үздігін анықтау комиссияға оңайға түспегенін де білеміз. Сіз неліктен ол жобадан кетіп қалдыңыз?
– Бұл жобаға палатаның еш қатысы жоқ. Ол облыстық бюджеттен қарастырылған қаржы есебінен берілетін грант. Бұл жобаның ұйымдастырушысы – облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы. Мен онда комиссия төрағасы болғанмын. Бірақ о бастан менің осы жобаның жүзеге асуына, аяқ алысына көңілім толмады. Сондықтан комиссияға төрағалық етуден бас тарттым. Оның үстіне палата жұмысынан қол да тие бермейді. Уақыттың тығыздығына байланысты да кейде өз шаруамызға үлгермей жатамыз. Одан да өзіміздің 500 мың теңгелік грантымызды жоспарлаған 1 800 адамға жыл соңына дейін үлестіріп бітсек, соның өзі палата жұмысы үшін үлкен олжа.
– Кәсібін жүргізе алмай жатқан, я болмаса бизнес бастауға жүрегі дауаламай қорқақтап жүрген азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Рас, кейбір азаматтардың істі неден бастаймын деп жүріп, уақытын өткізіп алатыны бар. Мәселен, жоғары оқу орнында бірінші курста жалпылама база бойынша білім береді де, кейінгі курстарда нақты мамандықты тереңдетіп, жан-жақты оқытады. Бизнесте де солай болу керек. Алдымен кәсіпкерлік негіздеріне көзіңізді ашып аласыз, яғни бизнес-жоспар жасауды меңгересіз. Одан кейін барып немен айналысатыныңызды шешіп, сол бағытта мамандармен кеңесіп, курсын оқып, біліміңізді нығайтып алғаныңыз жөн. Палата бірнеше бағыт, кезең бойынша мұның бәрін оқытады. Бізден алған сертификатыңызбен несие рәсімдей беруге болады. Ең бастысы – адамның өзінің ішкі құлшынысының, ниетінің болуы.
– Өткен айда бау-бақшасы бізге қарағанда жайқалып тұрған Өзбекстанға қандай мақсатпен сапарлап қайт­ты­ңыз­дар? Жергілікті кәсіпкерлермен кездестіңіздер. Сапар қаншалықты сәтті болды?
– Өзіңіз білесіз, елімізде шоколад өнімдерін шығаратын екі-ақ үлкен зауыт бар. Оның бірі Алматыдағы «Рахат», екіншісі қостанайлық «Баян Сұлу». Болды, басқа жоқ. Сол сияқты қонақ келсе ғана дастаханға қоятын бадамша дәнін (миндаль) бізде ешкім өсірмеген де, өсірмейді де, өсіруге ниеттеніп жүрген шаруа да жоқ. Ал өзбек ағайындар соның көл-көсір пайдасын көріп отыр. Бір келісін саудагерлер көтерме бағамен 3500-3800 теңгеге әкеліп жатыр екен. Ал дүкендегі бағасы 5500 теңгенің төңірегінде. Қарап отырсақ, біздің климатта бадамшаны өсіруге болады екен. Осыны әкімдікпен бірігіп, пилоттық жобамен Жамбыл топырағына егіп көрсек дейміз. Облыс әкімімен бірге ауылдарды аралап көргенде көз жеткіздік, көп тұрғын ауласындағы 10 сотық жеріне жоңышқа егіп қойып, тып-тыныш жатыр. Ал соның орнына бадамшаны неге өсірмеске? Аулаға еккен әр талың бірнеше жыл тамыр алып, жерсініп, төртінші жылы сегіз келі дән береді екен. Енді 8 келіні 10 талға көбейтсек, 80 келі өнім шығады. Осы өнімді көтерме бағамен сатқан күннің өзінде он талдан жылына 200 мың теңгеден астам пайда көресіз. Осы тәжірибені көріп қайттық. Сол сияқты лимонды да зерделедік. Тиімділігіне көз жүгірттік. Қысқасы, сапарымыз сәтті болды деуге болады. Біз үлкен оймен қайттық. Енді осыған күш салу ғана қалды. Өзбек ағайындар көмектесеміз деп отыр. Қазірдің өзінде 10 000 түп бадамша көшетін әкелу жұмыстары жүруде. Бұйыртса, қараша айында алғашқы бадамшаны егеміз деген жоспарымыз бар. Алдымен Жамбыл ауданының Айша бибі ауылындағы өзіміздің агроаумаққа егіп, қалғанын Меркі жеріне жерсіндірмекпіз.
– Осы сапар барысын жеткізген бір ақпаратта сіздің сөзіңізге қатысты аздап шу шығып кете жаздағанын білеміз. Оны жұрт әлеуметтік желіде іліп әкетіп, өзбек шаруа­ла­ры­на елімізден жер беріледі екен, мал кіргізеді екен деген қауесет желдей есті. Ол кездесуде жерге қатысты, жемшөпке қатысты не әңгіме болды? Соны өз аузыңыз­дан естісек…
– Әрине, бұл езу тартар бір қызық жағдай болды. Менің бар ойым сол, Тараздағы жылына 73 мың тоннадай жем шығаратын «Good zhem» компаниясымен бірігіп серіктес кәсіпорын ашайық дедім. Ол кәсіпорын онсыз да Өзбекстанға жем экспорттап отыр. Мен осы қарқынды үдетсек деймін. Ол үшін бізбен бірігіп фабрика ашудың дұрыстығын жеткіздім. Одан шыққан өнімнің бір бөлігі Қазақстанда қалса, қалғанын Өзбекстанға экспорттауды меңзеген едім. Бұл фабрикаға өзіміздің жергілікті диқандардың да жүгері, арпа-бидайын өткізу жағын ұсындым. Өкінішке қарай, менің сөзім мүлдем бұрмаланып, басқа мағынада шығып кетті. Ертесі күні сайт редакторына хабарласып, не айтқанымды түсіндіріп бердім. Содан кейін олар кешірім сұрап, мақала мәтінін өзгертті. Жалпы, өзім де бизнесте жүрген азамат ретінде еліміздің жерінің қызығын өз отандастарымыз көрсін, тірлік етсін деп жүрген адамдардың бірімін.
– Әңгімеңізге рақмет! Жамбылдық жобалардың, палатаның жоспарларының сәтті жүзеге асуына тілекшіміз!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.