Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады | arainews.kz

Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады

114

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мейрам барлық елде 1950 жылдан бері тойланып келеді. Мақсаты – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасауды тағы бір еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

Бұл күні жер-жерде балаларға арналған мәдени шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйланады.  Мәселен, жуырда ғана жаздың жаймашуақ мерекесіне орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің балаларына арналған кең көлемді мерекелік жиын өтті.

Департамент бастығы, әділет полковнигі Нияз Рыспаевтың бастамасымен ұйымдастырылған балдырғандарға арналған мейрамда департамент қызметкерлерінің балаларына арналған шат-шадыман концерт қойылды.

Жиында сөйлеген сөзінде Нияз Қанатұлы:

«Тәуелсіз еліміздің болашағы бүлдіршіндер деп білемін. Бүгінгі бала, ертеңгі жас. Жастар ұлтымыздың ар-намысы, беделі мен қайраты. “Тәрбие тал бесіктен” демекші, қазірден тәртіпті бойға сіңіріп өссеңіздер патриоттық сезімі мол азамат болып қалыптасатындарыңызға сенім зор.

Құрметті бүлдіршіндер, өскелең ұрпақ!
Мерекелеріңіз құтты болсын! Бақытты балалық шақтың базарында күліп-ойнап жүре беріңіздер. Жүздеріңізді шаттық кернеп, ата – аналарыңыздың сенімін ақтап, ел туын көкке көтерер азамат болып өсіңіздер. Денсаулықтарыңыз мықты болып, оқуда алғыр, қатарда озат болып, күміс күлкілеріңізбен айналаны нұрға бөлеп, жаздай жадыратыңыздар» – деп, жүрекжарды тілегін білдірді.

Сонымен қатар, кеш барысында балаларға түрлі сыйлықтар табыс етіліп, театр артистері бүлдіршіндерге арнап қойылымдар көрсетті. Балдәурен, балғын шағын бастан кешіп жатқан балақайлардың мерекесіне ауа райының қолайсыздығы да кедергі бола алмады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.