Балаға балық бергенше, қармақ бер! | arainews.kz

Балаға балық бергенше, қармақ бер!

352

Кез келген ата-ананың бала тәрбиелеуі тек тыйымнан ғана тұрмаса керек. Баласының есі кіргеннен еңбекке баулып, кәсіпке бейімдеуден жапон, неміс, қытай халықтарының өмірлік тәжірибесі жиі айтылады. Бұл ретте, қазақ халқы да баланың тәрбиесіне, белінің дұрыс қатайып, еңбекке араласуына бей-жай қарады дей алмаспыз. Ұлттық тәрбиемізде баланың болашағына барынша жауапкершілікпен қарағанымыз рас.

Бүгінде заман басқа, заң басқа дегендей, нарықтық қатынас кім-кімге болса да кәсіппен айналысуға міндеттемесе де, мәжбүрлеп келеді. Егемендік алғалы елімізде экономиканың түрлі тетіктері тұрмыс-тіршілігімізге еніп, әркім қал-қадірінше кәсіптің көзін іздеп кетті. Ұлттық экономикамыз көпвекторлы бағытқа бет бұрып, шағын және орта бизнестің әлеуетін көтеру көп жылдан бері күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Мұның төңірегінде бизнес ашудан бөлек, халықты сол бизнеске баулу, кәсіпкерлік негіздерін меңгерту сынды өзекті дүниелерді де мемлекет міндетіне алып отыр.
Бұл ретте, яғни кәсіпкерліктің тасын өрге домалатуда негізінен кәсіпкер құқығын қорғаумен айналысатын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сіңіріп отырған еңбегі аз емес. Елдегі кәсіпкерліктің дамуына аса мүдделі бұл палата осы күнге дейін бірталай жобаны жүзеге асыра алды. Биылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігімен пилоттық режимде бірлесе қолға алған «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін мектепте оқыту бастамасы құптарлық қадам.
Палата алдымен тәлімгерлерді түгендеді. Былтыр еліміздің әр аймағынан Астанаға мұғалімдерді жинап, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні бойынша 10 күндік курс өткізді. Осы мақсатта ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, пәнді қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мұғалімдерді дайындауға арналған бағдарлама жасалды. Мұғалімдер тренинг форматында өткізілген 108 сағат ішінде бағдарламамен танысып, оқу бағдарламасы бойынша негізгі білімді игерді.
Тың пәннің әдістемесімен «қаруланып» шыққан ұстаздар қауымы былтырғы оқу жылынан бастап «Кәсіпкерлік негіздерін» 10-11-сынып оқушыларына таңдау пәні ретінде оқыта бастады. «Атамекен» ҰКП бастама етіп көтеріп, оны әрмен қарай ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдаған жоба өзінің титтей де болса тиімділігін дәлелдесе керек. Былтырғы оқу жылында бір ғана тоқсанмен шектелген пән биылғы Білім күнінен бастап оқу аяқталғанша оқытылады. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталған оқу пәні 2019-2020 оқу жылында еліміздің барлық мектептерінде аптасына екі рет қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Әзірге еліміздегі таңдаулы 16 мектепте оқытылып жатқан пән біздің облыста Тараз қаласындағы №9 орта мектепте ғана өтуде. Тарих, экономика және құқық негіздері пәндерінен біраз тәжірибе жинақтаған Ержан Рәпілбаев қазір аталған мектептің оныншы сынып оқушыларын аптасына екі сабақ кәсіпкерлікке баулып келеді.
– «Қазіргі таңда еліміздегі 16 мектепте апробациядан өтіп жатқан бұл пәннің маңыздылығына министрлік назар аударып отыр. Оқу пәнінің ерекшелігі: біріншіден, оқу бағдарламасының 40 пайызы теориядан, 15 пайызы әртүрлі нақты мысалдары бар кейстерден, 45 пайызы практикалық материалдардан тұрады. Екіншіден, дәрістер әлемдегі бар геймофикация (ойын түрінде) үрдісіне сәйкестендірілген. Үшіншіден, оқушы қаржылық сауаттылықты игеру арқылы өзін-өзі таныстырып, ішкі қабілеттерін дамытады. Төртіншіден, неткворкинг жүйесі бойынша топта жұмыс істеу негіздерін де жетілдіреді. Қазір мектептегі 10-сыныптың оқушыларына кәсіпкерліктің әліппесін үйретіп жатырмыз. Әрине, мектепте алған біліммен оқушының бәрі кәсіпкер болып кетеді деген сөз емес. Бірақ, болашақта балаларға бағыт болсын деп, егер жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жағдайда босқа уақытын өткізіп, сағы сынып қалмауы үшін осы пәннің әйтеуір бір көмегі болары анық. Өйткені, оқушы кәсіптің не екенін, оны қалай бастау керектігін, ақшаны қалай жинап, қалай жұмсаудың алғышарттарын меңгеріп шығады, – дейді Е.Рәпілбаев.
Бұл пәнге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі жылдан бері дайындалды. Себебі, пән мұғалімдері өз саласының маманы болғанымен, бизнестің нарықта тәжірибесін әлі көрмеген. Сондықтан, жаттықтырушылар мұғалімдерге кәсіпкерлік туралы баяндап, сабақ берудің заманауи әдістемесін де түсіндірді.
– Бұл пәнді оқытудың басты мақсаты оқушыдан кәсіпкер мен бизнесмен дайындау емес. Басты міндет – өмірлік қиындықтар мен мәселелерді мүмкіндік ретінде қабылдап, алған білімді өз қызметінің күнделікті саласында пайдалануы үшін оқушылардың кәсіпкер ретінде ойлануын дамыту. Оқу пәнін дайындау барысында «Атамекеннің» бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бастау Бизнес» жобасына кәсіпкерлердің тәжірибелері де негізге алынып отыр. Оның үстіне оқушылар бизнес негіздерін өздері секілді мектеп партасында отырған әрі жаңадан ғана түлеп ұшқан вайнерлер мен жас кәсіпкерлердің үлгісінде де оқиды. Мұның барлығы оқушыларға таза бизнес-процестерді таныстырып, болашақта жеке кәсіп бастауға ынталандыратыны сөзсіз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Ақбота Батырбекова.
Әрине, өзі құралыптас жас буынның шағын кәсіп ашып, шарапатын көріп отырғанын көрсе, оқушының оған еліктемеуі мүмкін емес. Өйткені, бүгінгі нарықтық қатынас заманында кәсіпке ерте араласудың пайдасы болмаса, зияны тимесі анық.
Пән республика бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқытылып жатқанымен, Тараз қаласындағы №9 орта мектеп оқушылары орыс тілінде білім алуда. Апробация түрінде өтіп жатқан бұл дәріс бойынша биылғы оқу жылының соңында пән ұстаздары министрлікке есеп бермек. Онда тиімділігі мен кемшін тұстары ашық айтылуы тиіс. Өйткені, пилоттық жоба ретінде жете зерделенуі қажет.
Десек те, қазақ тіліндегі оқу бағдар­ла­ма­сында ата-бабаларымыздың кәсіппен айналысқандығы, Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық, қазақ оқымыс­ты­ларының кәсіпке баулуды насихаттайтын еңбектерінен нақты мысалдардың қамтыл­ғаны қуан­та­ды. «Кәсіпкерлік негіздері» оқулы­ғын әдіс­кер­лер, мектеп және жоғары оқу орнының оқытушыларынан бөлек, бизнеспен айна­лы­сатын кәсіпкерлер, отандық және халық­ара­лық ұйым өкілдерінен тұратын жұмыс тобы әзірлеген.
Одан бөлек, «Атамекен» ҰКП сәтті тәжірибелік жұмыс үшін кәсіпкерлерді қатысуға және өз өнімі туралы ақпаратпен, кейстермен бөлісуге шақырады. Өңірлік деңгейдегі кәсіпкерлер де өз жетістіктері туралы бөлісіп, оқушыларға бизнес-процестері мен әлемді өзгертудегі кәсіпкерліктің әлеуетін таныстыруына болады. Кәсіпкерлерге дәрістерге дайындалу үшін көмек ретінде дидактикалық материалдар ұсынылып, өз кезегінде оқушылар өңірлердегі өндіріс орындарының ішкі жұмысымен де таныса алады.
Жамбыл облысы кәсіпкерлер палата­сы­ның адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Мая Ажмағамбетованың айтуын­ша, кәсіпкерлік негіздерінің мек­теп бағдарламасына экономикалық тер­ми­но­ло­гия, бизнес-жоспарды дайындау, заңды тұлғаны тіркеу, қаржылық есеп және бизнесті құқықтық реттеу тақырыптары енген.
– Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жастарды бизнеске үйрету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның бірі осы пәннің мектеп бағдарламасына енгізілуі. Мұндағы мақсат – мектеп бітірген соң оқушының өзін-өзі жұмыспен қамтуына бағыт-бағдар беру. Олардың осы салаға деген қызығушылығын арттырып, білімін жетілдіру. Сондай-ақ, палатада жыл сайын «Жас кәсіпкер» байқауы өткізіліп, үздіктерге қолдау да көрсетіліп келеді. Яғни, келер жылы өңірге қажет бизнес-идеяларын өткізіп, бақтарын сынауға шақырамыз, – дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Мая Ажмағамбетова.
Тараз қаласындағы №9 орта мектептің «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің мұғалімі Ержан Рәпілбаевтың айтуынша, аталған мектептің 10-сыныбының барлық 17 оқушысы кәсіпкерлік әліппесін түгел оқып жүр. Былтырғы оқу жылында тек бір тоқсанмен шектелген білім ұясы биылдан бастап толық оқу жылы біткенше аптасына екі рет оқытпақ. Болашақта пәнді оқыған түлектері нарыққа жұмыс іздеуші емес, жұмыс беруші болып барып жатса таңғалмайық.

Жасұлан Сейілхан

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.