Апта басында Кеңес Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының келіні, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» атты кітаптардың авторы Зейнеп Ахметова киелі Әулиеата өңіріне келіп, жұртшылықпен жүздесті.
Қазақы ғұрып, салт-сана, әдеп-иба тақырыптарында қалам тербеп жүрген жазушы әуелі Тараз қаласының орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағындағы Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қайта жаңғыртылған демалыс орнын тамашалап, таңданысын жасырмады.
– Бұрындары атамыздың ескерткіші театрдың бір жақ шетінде елеусіздеу болып тұрушы еді. Қазір еңсесі көтеріліп, биік тұғырда нағыз орнын тауыпты. Оның үстіне ескерткіштің артқы жағында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тақтасына, ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің белгітастарына қарап, атаның жауынгерлері тұрғандай бойымды ерекше бір сезім толқытты. Бұл Әулиеата елінің қасиеттілігін, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінгендігін көрсететін киелі орын болады деп ойлаймын, – деді З.Ахметова.
Сол күні жазушы «Баласағұн» орталық концерт залында облыс жұртшылығымен кездесіп, еркін форматта сұхбат құрды. Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен тағылымы мол кездесуді басқарма басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізді.
«Аманат арқалаған жан» атты шараны көруге келген халықтың қарасы көп болды. Зейнеп Ахметова әңгіменің әлқиссасын батырға келін болудың жауапкершілігі жөнінде бастады.
– Аллаға шүкір, мен Қазақстанның талай жерін араладым, еліміздің оңтүстік-солтүстігі, батыс-шығысы түгел мені арнайы шақырып жатады. Талай елдің дәмін таттым. Бұның барлығы менің мықтылығымнан емес, атаға жасалып жатқан құрмет деп білемін. Бір үлкен кісі «Шуақты күндерді» сатып алып, орысшалау, тікбақайлау келініне алып келіп, «Мә, мына кітапты оқы! Бәукеңнің келініндей келін бол!» деп ұсынбай ма, сөйтсе келіні: «Бәукеңнің келініндей келін болу үшін, Бәукеңдей қайыната болуы керек» деп айтқан екен. Мінекей, сол секілді менің Зейнеп апа, қазақтың келіні атанып жүруімнің барлығы сол атаның биік рухы, қасиетінің арқасы. Атамды ардақтаған, құрметтеген қазақ деген текті халықтың жүрегінен таралып жатқан ұшқындарының маған да шарапаты тигендей. Әйтпесе, кімге кім келін болмай жатыр? Бірақ, мені елдің бәрі біледі, көшеде келе жатсам таниды. «Сіз Зейнеп Ахметовасыз ба?» дегенде «Ол кім еді?» дегендей абдырап тұрып қаламын. Ал, енді «Сіз үлкен кісінің келіні емессіз бе?» десе елпең етемін. Шынында да, егер ата болмаса мен кіммін? Мың жерден кітап жазайын, басқа болсын, мұның барлығы атамның қасиеті, таутұлғаны жақсы көрген халықтың ниеті. Шындап келгенде мені халықтың өзі тәрбиеледі. Өйткені, өзгенің келінінде елдің шаруасы жоқ, Момышұлының келіні қалай жүріп-тұрады, тіпті қалай киінеді, барлығы халықтың назарында. Сондықтан, «Атаға көлеңке түсіріп алмайын, атына сөз келтірмейін» деп түзу сызықпен жүруге тырысамын, – деп Зейнеп әжей ағынан жарылды.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ер Бәукеңнің айтқан өсиеттерін де тебірене жеткізіп, әңгіме барысында адам бойындағы мінездер жайлы келелі ойын ортаға салды.
– Атам кейде үстелді тарс ұрып, «Көзіме қара!» дейтін. Ол кісінің көзіне қарау қайда, ол дегенің өрттің ішіне секіріп кеткенмен бірдей. Дегенмен, сескеніп қарағандай боласың. Сонда: «Жақсы адамның жақсылығын айтсаң да жағымпазданба, жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да жала жаппа», «Қатарыңнан ассаң да халықтан аса алмайсың. Халықтың алдында басыңды иіп жүр» дейді. Ал, үлкен кісіден бұдан артық қандай өсиет керек?
Мені біраз мақтап жібердіңіздер. Мақтау дегенге адам сеніп қалуы мүмкін. Мақтау деген бірінші кезекте адамды ұялтады, екінші рет сәл ғана ыңғайсыздандырады, үшінші рет пендеге ұнай бастайды. Төртінші рет айта түссе екен дейсің, бесінші рет жаныңа тіпті жағып кетеді. Содан кейін адам үйренеді. Ал, мұнан соң біреу мақтау сөз айтпай қойса, ары қарай қалай болатыны белгілі. Мақтауға үйренбеу керек. Ал, мен қанша мақтаса да қорықпаймын. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, оның бәрі атаға арналған. Егер атаның келіні болмағанда осынша мақтауды естімес едім, – деді З.Ахметова.
Рухани әңгімеге шөлдеген көрерменмен 2 сағаттық сырласу барысында Зейнеп Ахметова қаруы мен қаламын қатар ұстаған қайын атасы Бауыржан Момышұлы жайлы қызықты да тартымды әңгімелерімен қоса, бала тәрбиесі, келін мен ененің қарым-қатынасы, бүгінгі қазақы тойлардың форматын өзгерту мәселелері жөнінде кеңінен айтып, қазақтың салт-дәстүріне қайшы кейбір әдет-ғұрыптарды да сынап өтті.
– Тұсаукесер жоралғысын алайық. Оны еліміздің әр жерінде әртүрлі етіп өткізеді. Бүгінгі күні көпшілік тұсаукесерде сәбидің аяғын байлайтын жіптің неге ала болатынын білмей жатады. Мәселен, бұл ырымды «біреудің ала жібін аттамасын» деген мағынада түсіндіретіндер бар. Ол дегеніңіз мүлде дұрыс емес. Ала жіптің мәні тіпті үлкен. Ала жіп, ол – өмір, тіршіліктің нышаны, символы. Құдай жалғыз, қалғанының барлығы екіден, ер мен әйел, ыстық пен суық, қараңғы мен жарық деп кете береді. Яғни, бірінсіз бірі жоқ. Мінекей, бақыт басына қонған кезде асып-тасымасын, қайғы келгенде жасымасын деген ниетпен екеуін тең кеседі. Қайшымен кесуге болмайды, себебі, қайшы деген екі жүз. Сол себепті, пышақпен кескен. Қазақ ештеңені ойсыз шығармаған, – деді жазушы.
Залға жиналған халық сұхбат барысында көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Қаламгер ертесінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жастарымен жүздесіп, салиқалы әңгіменің тиегін ағытты. Сондай-ақ, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында болып, зиялы қауыммен сырласты. Ал, бүгін Б.Момышұлы ауылының мәдениет үйінде жуалылық жұртшылықпен кездесу өтті.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ