Мұғалімдер әулетінің мәртебесі асқақтады | arainews.kz

Мұғалімдер әулетінің мәртебесі асқақтады

140

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде соңғы бес жылда «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Мұндағы басты мақсат – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге көрсету. Бұл тұрғыда үлгі тұтуға тұрарлық жанұялар жетерлік. Мысалы, биылғы байқауға қатысуға 3 мыңға жуық отбасының өтініш білдіруі осы сөзімізді айғақтай түссе керек. Әрине, барлық үміткердің де жүлдегер атанғысы келетіндігі айдан анық. Дейтұрғанмен, «Мерейлі отбасы» байқауының биылғы республикалық сайысында қазылар алқасының таңдауы жамбылдық Өмен Ниязқұловтың отбасына түсіп, мұғалімдер әулеті жеңімпаз атанды. Отбасы күніне орай Астана қаласында ұйымдастырылған марапаттау рәсімінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мерейлі отбасы мүшелеріне құрмет көрсетіп, су жаңа шағын автобустың кілтін табыс етті.
Әулеттің отағасы Өмен Ниязқұлов ғұмырының 40 жылдан астам уақытын ағартушылыққа арнаған ардақты ұстаз. Өмен ата мен Баян апаның шаңырақ көтергендеріне биыл табаны күректей 62 жыл толып отыр. Ерлі-зайыптылар отбасында он екі бала сүйіп, тәрбиелеген. Бүгінде 8 ұл мен 4 қыздан тараған 33 немере, 20 шөберенің сүйікті ата-әжесі атанып отырған қариялардың отбасы шынында да көпке үлгі.

– Өзім ұзақ жылдар ұстаздық еттім. Балаларымның барлығы ұлттық дәстүрді бойларына сіңірген. Ұрпақтарым әрбір салада еңбек етіп жүр. Біздің жолымызды 6 келінім, тоғыз немерем жалғастыруда. Жастарға айтарым, отбасы құрыңдар, ұрпақ өсіріңдер! Аянбай еңбек етсеңдер бейнеттің зейнетін көресіңдер! Елбасына рахмет! Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға зор көңіл бөлінуде. Елімізге тыныштық тілеймін! – деп 83 жастағы Өмен ата марапаттау рәсімінде ақ батасын берді.
Өмен Ниязқұловтың зайыбы Баян әже де педагог. Олар өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, бірге еңсерді.
– Күйеуім ағарту саласында қызмет еткен соң, мен де сол мамандықты таңдаймын деп шештім. Содан Тараз қаласындағы педагогикалық колледжді бітіріп, бастауыш сыныптың мұғалімі болдым. Содан зейнетке шыққанша 30 жылдай жұмыс істедім. Ол уақыт пен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Бүгінгідей балабақша жоқ. Барлығы қойшының балалары. Оларға әріп танытып, жазуды үйретуден жалыққан жоқпыз, – дейді Баян Ниязқұлова.
Отағасы қазір құрметті демалыста болғанымен, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Т.Рысқұлов аудандық газетінің штаттан тыс тілшісі. Бір қызығы, бұл отбасының 8 ұлы кіл мұғалім қыздарды жар ретінде таңдаған.
– Менің келін болып түскеніме 25 жыл болды. Мамандығым басқа болатын, бірақ педагогтар отбасына келін болып түскеннен соң ұстаздық жолға аңсарым ауды. География пәнін таңдап, атамның жолын қудым. Ол кісінің өмірі мен әрбір айтқан сөзі біз үшін өнеге, – дейді әулеттің келіні Манат Жапбасбаева.
Иә, Ниязқұловтар әулетінің өмір жолы көпке үлгі-өнеге екені даусыз. Оны жамбылдық отбасы республикалық байқауда да дәлелдеп, бас жүлдені жеңіп алып отыр. Лайым, осындай отбасылардың қатары арта берсін!

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.