«ARAI»-дағы әзілдер | arainews.kz

«ARAI»-дағы әзілдер

414

Түрмеге барудың жолы

Қамар Қарасаева бір жолы шығармашылық топтан «Осы Тараздағы түрмелер қай жерлерде? Сол түрмелерге қалай баруға болады?» – деп сұрайды. Шамасы, түрмедегілердің тағдыры жайлы мақала жазуға бекінген болуы керек. Сол кезде менің:
– Түрмеге дейсің бе? Түрмеге барудың бір ғана жолы бар. Қылмыс жаса, – деп әзілдегенім бар.

«Домалақ үстелге» бара жатырмыз»

Фототілші Алтынбек Қартабай газет тілшісімен бірге облыс әкімдігіндегі бір «дөңгелек үстел» жиынына барады. Жиналыс жаңадан басталып кеткен екен, бұл кісілер 5 минуттай кешігеді. Есіктегі күзет қызметінің өкілі «арайлықтарды» ішке жібере қоймайды. Сонда аңғал, ақкөңіл Алтекең:
– Жігіттер, біз «домалақ үстелге» келдік. Онсыз да кешігіп жатырмыз, жібере беріңіздерші, – депті. Күзетші әуелі «домалақ үстел» дейсіз бе, а-ааа, иә, жиналыс қой, «дөңгелек үстел» десеңізші, – деп, бұл кісілерді ішке қарай өткізіп, өзі күлкіге көміліп қала беріпті.

«Сексен пайызын түсінбеймін»

«АRAI» газетінің жаңадан ашылған кезі. Бөлім меңгерушісі Азамат Есалы – мінезді жігіт. Бір күні бас есепші Бақыт Төлегеновамен келісе алмай қалады. Жазықты Азамат секілді. Бақыт әпке орыс мінезді, ол кезде көп сөзді орысшалап жіберуші еді. Бақыт әпке үлкендігін жасап, Азаматқа ренішін айтып, орыс тілінде біраз ұрсып алса керек. Сонда Азамат:
– Ұрыссаңыз ұрыса беріңіз, бәрібір 80 пайызын түсінбеймін, – депті.

Әзілдер Есет Досалының «Жастар басылымындағы жылдар» атты кітабынан алынды

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.