Дәкеннің дипломдық жұмысы | arainews.kz

Дәкеннің дипломдық жұмысы

390

«ARAI» газеті алғашқы саны жарыққа шыққан уақыттан бері қалың көпшіліктің көзайымы болып келеді. Жастар басылымы жамбылдық жұртшылықтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ғылыми тұрғыда жас ізденімпаздың зерттеу нысанына да айналып, профессорлардың оң бағасын да алды. Дәлірек айтқанда, осыдан 6 жыл бұрын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультеті — журналистика мамандығының 4-курс студенті Шерхан Дәкен өзінің дипломдық жұмысында осы басылымды зерттеген еді. Бұл «ARAI» газеті туралы жазылған алғашқы дипломдық жұмыс болатын.
Талапты жас газеттің қалыптасу кезеңі мен жазу стиліндегі беталысы және фотожурналистикадағы орнын кеңінен зерттепті.
– Зерттеу жұмысымның барысында «ARAI» газетінің алғашқы бас редакторы, белгілі қаламгер Болат Бекжановпен жүздестім. Жазушы-драматург басылымның қалыптасу кезеңдері туралы көп мағлұмат берді. Мысалы, бастапқыда редакцияның ғимараты жоқ болғандықтан, ең алғашқы 4-5 адамнан тұратын ұжым жоспарлау жиынын Тараз қаласының орталық алаңында өткізіп, ақылдасқан. Осындай мәліметтер мені одан әрі қызықтыра түсті. Редакцияда еңбек еткен өзге қызметкерлермен де пікірлесіп, тақырыпты ашуға тырыстым. Нәтижесінде жақсы еңбек жазып шықтым, – дейді Шерхан Дәкен.
Дайындаған жұмысын университетте қорғаған сәтінде оқытушы-профессорлар оң пікірлерін білдіріп, студенттің еңбегін 5-ке бағалапты.
– «Жамбыл облыстық «ARAI» жастар газетінің іс тәжірбиесі және тарихы» атты дипломдық жұмысымды белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, танымал журналистер Досан Баймолда, Жұмахан Махановтар қабылдады. Еңбегімді қорғар кезде «ARAI» газетінің
2 нөмірін алдыртқанмын. Соларды оқып көрген ғалым, қаламгерлер «Қазақ журналистикасында тыңнан сүрең салған басылым екен» деп бағалады. Сол нөмірлерде Тараз мемлекеттік университетінің жақсы бір жаңалығы және облыс жастарының үлкен бір мәселесі қозғалған екен. Соны оқыған ұстаздарым «Әр өңірдің жастарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, түйткілді жайттарын тарқата айтып, жетер жеріне жеткізіп отыратын осындай тілі өткір, мінезді басылым қажет-ақ» деген еді. Дуалы ауызды кісілерден «ARAI»-ды мақтаған сөздерін естіген сайын іштей марқайып тұрдым. Себебі, бұл басылым менің туған өлкемнің жастарының үнпарағы ғой, яғни менің де мерейім, – деп Шерхан Мұратбекұлы қанаттанған сәтін қуана еске алып, шабыттана әңгімеледі.
Ол диломдық жұмысының зерттеу нысанына «ARAI» газетін бала кезден оқығандықтан таңдапты. Кейіннен өзі де осы ұжымда еңбек етті. Ал, қазір облыстық «Jambyl» телеарнасы арқылы жамбылдық жұртшылыққа танылуда. Әріптесіміз тележурналистикада тер төгіп жүрсе де, жастар басылымының тұрақты оқырманы екенін жасырмайды. Өйткені, ол үшін «ARAI»-дың орны бөлек.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.