Алыпқашпа әңгіменің ақиқаты қашан айтылады? | arainews.kz

Алыпқашпа әңгіменің ақиқаты қашан айтылады?

505

Былтыр Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдық мерейтойы еліміздің әр өңірінде аталып өтті. Ал, биыл аталған үкіметтің әскері құрылып, іс жүзіне кіріскеніне бір ғасыр толып отыр. Шын мәнісінде ұлттық үкіметтің ең маңызды делінген шешімдері 1918 жылы қабылданып, іс жүзіне асқан болатын. Сондықтан, біз «Алашорданың тойын өткен жылы атап өттік қой» деп биылғы маңызы бар тарихи күндерді ұмытып кетпеуіміз керек. Жалпы, Алашқа қатысты дүниелерді үнемі назарда ұстап, бұқаралық ақпарат құралдарында жазып отыруға тиістіміз. Ендеше, облыстық «АRAI» жастар газетінің Алаш ақиқатына тұрақты айдар арнап, мақалалар топтамасын ұсынып отыруы құптарлық дүние.

1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтайы өтіп, Қазақ-Қырғыздың Алаш автономиясы жарияланған болатын. Алаш автономиясының төрағалығына Бақтыкерей Құлманұлы мен Айдархан Тұрлыбайұлы және Әлихан Бөкейханның кандидатурасы ұсынылады. Шынайы демократиялық жағдайда өткен сайлауда 79 депутаттың 40-ы Әлихан Бөкейханды жақтап дауыс береді. Осылайша, ол Алашорда үкіметінің премьер-министрі болып сайланған болатын.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Әлихан Бөкейханның саясаткерлігінен бастап ғалымдығына дейін сан қырлы қасиеті жазылды. Бізді бұл жолы қызықтырған нәрсе Әлихан Бөкейханның отбасылық жағдайы болып отыр. Қайраткердің жеке өміріне қатысты көпшілікті қызықтыратын оқиғалар жетерлік. Айталық, ол дүниеге сүндеттеулі күйде туылып, 6 жасқа дейін тілі шықпаған. Сондай-ақ, ұлт көсемі өз заман-дастарына қарағанда әлдеқайда кеш үйленген. Ер-азаматтың 35 жасқа дейін үйленбей, салт басты жүруі – ол заманда сирек кездесетін оқиға. Ал, Ә.Бөкейхан өзінің сүйген жарын кеш жолықтырып, 35 жасында отбасын құрған екен. Тағы бір қызық жағдай, ол әйелі қайтыс болғаннан кейін 16 жыл бойы үйленбей жалғыз тұрған. Ұзақ уақыт үйленбеуі құдай қосқан қосағы Еленаға деген шынайы махаббат па, жоқ әлде қиын-қыстау замандағы мәжбүрлік пе еді?
Жалпы, алты Алашты аузына қаратқан азаматтың қазақтан да, орыстан да қыз алып, отбасын құруына талай мүмкіндігі болған сияқты. Әйтсе де, ол 1921 жылдан бастап ату жазасына кесілген, 1937 жылға дейін үйленбей өмір сүрді. Белгілі әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, қыр баласы – Әлиханның ұзақ уақыт үйленбей жүруінің бірнеше себебі бар. Оның ең біріншісі Әлихан мен Еленаның арасында үлкен махаббат болса керек. Олар жиырма жыл бірге ғұмыр кешкен.
– Әлихан Бөкейхан 1916 жылдың ақпанында қазақты атты әскерге алу және халқына сайлау құқын қайтару жұмысымен Самарадан Санкт-Петерборға кетеді. Сол кеткеннен 1918 жылдың көктемінде, араға екі жылдан астам уақыт салып, бала-шағасымен Алаш қаласында бір-ақ қайта табысады. Егер Әлихан әйеліне сенім білдірмесе, бірнеше жыл сыртта емін-еркін жүре алар ма еді? Елена Әлихан үшін от пен суды кешіп, көптеген қиыншылық көреді, – дейді әлихантанушы.
Соңғы кездері Әлихан мен Еленаның үйленуіне оның қайын атасы қарсы болған деген әңгіме айтылып жүр. Әлихантанушы ғалымның айтуынша, бұл – жаңсақ пікір. Яков қызына «Әрине, Әлихандай күйеу саған табыла қоймас. Алайда, Әлихан мұсылман, ал сен христиан дінін ұстанасың. Бұған Әлиханның туған-туыстары қалай қарайды, сенің ортаң оны қалай қабылдайды? Осыны ойлан да, өзің шешім қабылда. Мен батамды беремін» деп батасын беріпті.

АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АҚИҚАТ

Мұсылман мен христиан діні өкілдерінің шаңырақ көтеріп, өмір сүруінің қиын сәттері болмай қойған жоқ. Бұл арада Еленаның әкесі Яков Севастьяновтың «Әлиханның туған-туыстары саған қалай қарайды?» деп алаңдауы расталған тәрізді. Себебі, Әлихан Бөкейханның орыс қызына үйленгеніне оның анасы қарсы болған көрінеді. Алаш арысы шешесінен бата алуға барған кезде «Мойнына крест таққан келінімнің қалай маңдайынан сүйемін? Табалдырығымнан аттамасын!» деп қабылдамай қойыпты. Кейінірек қайраткер ауылына барған кезде Еленаны Шәкәрімнің ауылына тастап, өзі бала-шағасын алып, үйіне барады екен.
Бұл оқиға болашақ ұлт көсемінің жүрегіне қаяу түсіруі әбден мүмкін. Десек те, бұдан да қиын жағдай Елена мен Елизаветаның арасында орын алған болатын. Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты ренжіген көрінеді.
– Сырым Бөкейхановтың әйелі Александра Борисовнаның айтуынша, Елизавета анасының есімін ешқашан аузына алмайтын көрінеді. Бірде маған Александра Борисовна «Елизавета шешесінің мұсылман дінін қабылдамағанына қатты наразы болған. Сондықтан да ол Еленаның барлық суретін жойып жіберген» дегенді айтып еді. Шынында таңғалатын жайт: Еленаның бір ғана суреті сақталып қалды ғой. Оның неліктен бұлай жасағаны мен үшін жұмбақ. Ал, өзі «Анам әкемді шын сүйсе, мұсылман дінін неге қабылдамады?» деп ренжіген деген ой да туады, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Елизавета анасының мұсылман дінін қабылдамағанына қатты наразы болуы әбден мүмкін. Дегенмен, Әлихан Бөкейхан «мұсылман дінін қабылда» деп Еленаны күштемегені анық. 1921 жылы Семейде қайтыс болғанда Әлихан оны христиан дінінің барлық рәсімі бойынша жерлеген. Бұл оның Еленаға деген ерекше махаббаты болса керек.

ЕКІНШІ РЕТ ҮЙЛЕНДІ МЕ?

Әлихан Бөкейхан 1921 жылдың күз мезгілінде Еленаны жерлегеннен кейін туған жері Желтауға барып, бірнеше ай жатады. Міне, сол кезде Әлихан Бөкейхан екінші рет үйленіп, қызды болған деген алып-қашпа әңгіме айтылып қалады. Алайда, ол екінші рет үйленгенін көпшіліктен қатты жасырған көрінеді. Кеңес өкіметі Ә.Бөкейханды 1922 жылдың желтоқсанында Мәскеуге мырзақамаққа алып кеткенде әйелі мен қызын тастап кеткен көрінеді.
– Әйтсе де, бұл сөздің шындыққа жанасатындай ешқандай дәлелі жоқ. Егер де шынымен мұндай жағдай орын алса, Әлекең әйелі мен қызын өзімен бірге алып кетер еді. Бұл – бір. Екіншіден, Әлихан Бөкейхан артынан ерген Алаш арыстары алдында өзін адамгершілік және моральдік жағынан үлгі ретінде ұстады. Егер ол екінші әйел алып, оны тастап кеткен болса, өзінен кейінгілерге жаман үлгі болар еді, – дейді Сұлтан Хан Аққұлы.
Өз заманында Әлихан Бөкейханның айналасындағы жақын адамдары оған екінші рет үйлену туралы ұсыныс айтпай қоюы мүмкін емес. Алайда, ол төсек жаңартуға құлшыныс танытпаған көрінеді. Мұның негізгі себебі, Еленаға деген махабаттан бөлек, қиын-қыстау кезеңдегі мәжбүрлік болуы әбден мүмкін. Себебі, Кеңес өкіметінің қатаң бақылауында болғандықтан, оның екінші рет үйленіп, мамыражай өмір сүруіне мүмкіндігі болмады. Болған күннің өзінде ол «екінші рет үйленсем, оның басына қатер төндіріп алмаймын ба?» деп сақтануы да әбден мүмкін. Бұдан бөлек, большевиктер өздері жау деп санаған азаматының сыртынан оның өз әйеліне тыңшылық жасатып, күзеттіріп қойған болатын. Талай құйтырқылықты көрген әккі саясаткер екінші рет үйленуді «басы артық мәселе» деп санаса керек. Ұзын сөздің қысқасы, Ақтоғай ауданынан шығып, Алты алаштың ардақтысына айналған ұлт көсемінің екінші рет үйленбеуі – біз үшін жұмбақ.
Бір анығы, Әлихан Бөкейханның басқаруымен 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың тамызына дейін жұмыс жасаған Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі қыруар шаруа атқарды. Оның ең басты еңбегі қазіргі Қазақ елінің негізін, берік іргетасын қалап берді. Мысалы, 1920 жылдың 26 тамызында Қазақ кеңестік автономиясы Алаш автономиясының негізінде құрылып жарияланды. Сондай-ақ, 1920-1927 жылдар аралығында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері қазіргі қазақ елінің шекарасын анықтауға бар күш-жігерін салып, ата-баба жерінің денін қорғап алып қалды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ,
журналист

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.