Алқабилер тізімінде қайтыс болған тұлғалар да бар — Жоғарғы сот | arainews.kz

Алқабилер тізімінде қайтыс болған тұлғалар да бар — Жоғарғы сот

206

ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллин алқабилер сотына үміткерлер тізімін жасау тәртібін қайта қарауды ұсынды.

Оның айтуынша, соттың әділ өтуін қадағалайтын тәуелсіз алқабилер сотына үміткерлерді әкімдіктер анықтайды және жыл сайын тізім ұсынады.

«Алайда, іс жүзінде сот сапасыз алқабиге тап болады және бұл сот процесін ұйымдастыруға елеулі ықпалын тигізеді. Судья іс қаралымы басталар кезде алқабилерді іріктеу үшін 100-150 үміткерді бірден шақырады. Кейде 25 адам әрең жиналады және арасынан 10 негізгі және 2 қосымша алқаби іріктеледі. Кейде тіпті қажетті алқабилер саны жиналмайды және сот процесі тоқтайды», — деді А. Рахметуллин алқабилер сотын жетілдіруге арналған форумда.

Алқа төрағасы мұның бірнеше себебін атап көрсетті.

«Алқабилер сотына үміткерлер тізімінде үміткерлікке құқығы жоқ немесе қайтыс болған немесе көрсетілген мекенжайда тұрмайтын адамдар бар. Мұның барлығы әкімдіктердің Заң талаптарын сақтайтынына, тексеру жүргізіп, нақты үміткерлер тізімін беретініне күмән туғызады», — деді ол.

Кейде алқабилерді жұмыс берушілер сот отырысына жібермей қоятын жағдайлар да кездескен.

«Бірақ, алқабидің сот отырысына баруына кедергі келтірген жұмыс берушінің жауапқа тартылуы туралы еш факті жоқ. «Алқабилер туралы» заңның талаптарын орындау мақсатында үміткерлер тізімін жасақтау рәсімін қайта қарастырған жөн. Бүгінгі шарада нақты ұсынымдар шығарып, заңнамалық деңгейде қарауға жібереміз», — деді А. Рахметуллин.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.