Алғыс арқалаған атты взвод

90

Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқықбұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны анық. Елбасы сөзімен айтсақ, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігі мен тыныштығы – тұрақты дамуымыздың кепілі. Ал, ішкі қауіпсіздігімізді қадағалаудың айнасына айналған жол-патрульдік полициясының атты взводының атқарып жатқан қызметі өлшеусіз. Бұған газетіміздің «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында көпшілігімізге бейхабар саланың тыныс-тіршілігімен танысқанда анық көз жеткіздік.

Келісілген уәде бойынша таңертеңгі сағат 10.00-де жол-патрульдік полициясы атты взводының базасына табан тіредік. Жылы шыраймен қарсы алған взвод командирінің орынбасары, полиция аға лейтенанты Рафхат Файызрахманов амандық-саулықтан кейін қора-жайға қарай жол бастады. Жалпы, қызметкерлердің күнделікті жұмысы жылқыларды жуындырып, ер-тұрманын әзірлеп, бабын келтіруден басталады екен. Қазіргі таңда взводта бәйгеге қосар сәйгүліктей жарап тұрған 29 жылқы бар. Арғымақтардың күтіміне де айрықша назар аударылған. Мал дәрігері, атбегі мамандар жылқылардың денсаулығы мен күтіміне жауап береді. Мұнда бір жылқыға күніне 8 келі жем және 10 келі шөп беріледі екен.
Біз де уақыт оздырмастан «Науат» атты арғымақты шылбырынан жетектеген күйі көп қызметкердің қатарына қосылдық та кеттік. Арнайы әзірленген орында «Науатты» шомылдырып болғаннан кейін ер-тұрманын ретке келтіруге кірістік. Әбден ерге қажалған таралғыны ауыстырып, аттың арқасына батып, жауыр қылмас үшін тер сіңген тоқымды да тазалап алдық. Жылқыларды жолға дайындап болғанша арада бір сағат уақыт сырғып өте шықты. Дайындығымыздың тастүйін екенін аңғарған Рафхат Ережепұлы сапқа тұруға пәрмен беріп, бүгінгі жұмыс жоспарын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Аға лейтенанттың бұйрығы бойынша алғашқы бағыт «Жансая», екінші бағыт «Самал», үшінші бағыт «Қарасу» ықшамаудандары болып бекітіліп, тапсырма алған қызметкерлер екі-екіден бөлініп жолға шықты. Ал, біз Рафхат Ережепұлының қатарына қосылып, өзімізге тиесілі «Қарасу» ықшамауданын бетке алдық. Осылайша, атты взвод сапындағы жұмыс күніміз сағат 11:00-де басталды.
Атқа қонысымен әңгіменің тиегін ағытқан Рафхат Файызрахманов взводтың құрылу тарихымен жалпы қызметтік міндеттерін тілге тиек етті.
– Жол-патрульдік полициясының атты взводы 2002 жылы құрылды. Сол уақыттан бері өздеріне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып, абырой биігінен көрініп келеді. Жалпы, атты взводтың қоғамдық тәртіпті сақтауда атқаратын еңбегі орасан. Сондықтан да болса керек, қажеттілігіне көз жеткен соң кейінгі жылдары еліміздің өзге облыстарында да ашылып жатыр. Ықшамаудандардағы, қоғамдық және өзге де демалыс орындарындағы көлік жүре алмайтын жерлерге атты взвод жіберіледі. Ал, көзге елене бермейтін, назардан тыс қалатын жерлерде түрлі қылмыс жасалады, адамдар маскүнемдікке салынып, бұзақылыққа барады, саяжайлар тоналады. Ондай сәттерде автокөлікпен немесе жаяу жету қиын. Сол себепті, атпен жүріп бақылау әлдеқайда қолайлы. Мәселен, ішкі істер департаментінде қаланың қай нүктесінде қылмыстың өршіп тұрғанына сараптама жасап отыратын арнайы мамандар бар. Егер де қылмыс көбейіп тұрған мекенжайлар анықталса, ең алдымен атты взводтың көмегіне жүгінеді. Осыдан-ақ біздің қызметкерлердің жұмысының қаншалықты қауіп-қатерге толы және үлкен сенім жүгі артылғанын байқауға болады.
Бүгінде қала аумағы 28 атты патрульдік бағыттарға бөлінген. Мекемедегі 39 қызметкер бекітілген кесте бойынша жұмысқа түсіп отырады. Қызметкерлердің орташа жалақысы 90 мың теңге көлемінде, – деді Р.Файызрахманов.
Саладағы қарбалас жұмыс барысына құлақ түре отырып, діттеген «Қарасу» ықшамауданының аумағына да кіріп үлгердік. Алдымен аталған ауданның шеткерірек тұсында орналасқан зиратты шолып өтпек болып, ат басын іркідік. Себебі, қасымыздағы серіктеріміздің айтуынша, зираттың айналасы мен «Қарасу» каналының бойы қаңғыбастардың тұрағына айналып кеткен. Сондықтан, үнемі назарда ұстап отырмаса жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екен.
– Біздің бүгінгі тобымыз зират айналасы, «Қарасу» каналы және №25 орта мектеп маңындағы қоғамдық тәртіпке жауап береді. Бұл маңға бекітілуіміз де тектен-тек емес. Себебі, мұнда қылмыстық оқиғалар көп тіркеледі. Қандай да бір қылмыс жасаған күдікті «Жансая» және «Қарасу» ықшамаудандарын бөліп жатқан «Қарасу» каналы арқылы қашып кетеді. Мұндай жағдайда көлікпен күдіктіні қуып жету мүмкін емес. Ал, атты взвод қызметкерлері жылқының көмегімен қылмыскерді алысқа ұзатпастан құрықтайды. Жалпы, ағымдағы жылы мекеме қызметкерлері қырағылығының арқасында 2 кісі тонаған, 2 ұрлық жасаған азамат ұсталып, тиісті жазасын алды. Сол секілді 5 мыңға жуық азамат жеке басын анықтау, 3 200-дей адам саусақ ізін алу үшін тірек пункттеріне жеткізілді. Сондай-ақ, қоғамдық орында есірткі пайдаланған 4 азамат ұсталды, – деген Рафхат Файызрахманов «Қарасу» каналының ит тұмсығы батпас қамыстарының ортасымен жол бастады. Мұнда да күдік тудыратын ешнәрсенің жоқтығын аңғарып, кері қарай бұрыла бергеніміз сол еді, қалың қамыс ішінен шығып келе жатқан жігіт көзге түсті. Атымызды сауырлай қамшылап, көзді ашып-жұмғанша күдік тудырған азаматтың қасына жетіп келдік. Аға лейтенант ат тізгінін ұстап, біз өзін Икрам Сергеев деп таныстырған жас жігіттің құжаттарын тексере бастадық. Жан-жақты тексере келе, біз ойлағандай емес, мектепке қажет болғандықтан қамыс сабақтарын іздеп жүрген Икрамның құжаттарын қайтарып, қайта атқа қондық.
– Бізге жұмысқа қабылданған азаматтарға ең алдымен тұрғындармен сөйлесу мәдениеті үйретіледі. Себебі, қызмет барысында әртүрлі мінез-құлықты азаматтармен жұмыс жасайды. Сондықтан, қандай жағдай болмасын ашуды ақылға жеңдіріп, сыпайы болған жөн. Одан бөлек, кез келген азаматпен сөйлесу кезінде бір қызметкер ат үстінде тұрса, енді бірі төмен түсіп жауап алады. Тағы бір айта кететін жайт, қызметкерлерді мүмкіндігінше бір бағытқа ұзағырақ жіберуге тырысамыз. Себебі, күнделікті бір бағытта жүрген соң ауданды бес саусағындай біледі. Тіпті, қандай тұрғындардың тұратынына дейін жатқа соға алатын деңгейге жетеді. Ал, мұндай жағдайда өзіне жақсы таныс ауданда күдікті бірден байқалады.
Қалада темірдей тәртіп орнатылғанының нәтижесінде бұрнағы жылдарға қарағанда қазір құқықбұзушылық фактілері күн өткен сайын сиреп келеді. Бүгін өздеріңіз де қатарымызда болып, көзбен көргендей, қала тыныштығын сақтауда атты взводтың да еңбегі орасан деп айтуымызға толықтай негіз бар. Алдағы уақытта да қала тұрғындарының алаңсыз күн кешіп, тыныштығымызды сақтау мақсатында жоспарлы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, – дейді взвод командирінің орынбасары.
Бізге бекітілген ықшамауданды атпен аралап жүріп және бір байқағанымыз, қарама-қарсы ұшырасқан бірнеше егде тартқан кісі еш себепсіз ризашылықтарын білдіріп, жұмысымызға табыс тілеп жатты. Мәселен, өзін «Қарасу» ықшамауданы, №17 «А» үйінің тұрғыны Аман Тұрғанов деп таныстырған ағамыз тыныштық күзетшісіндей болып жүрген атты взвод қызметкерлерінің жемісті жұмысының нәтижесінде ауданда қазір тура бір ауылдағыдай қоңыр тіршілік орнағанын айтады.
Күнұзаққа тиісті орындарды аралап жүріп, сағат тілінің кешкі 18.00-ді соғып, жұмыс уақытының қалай аяқталғанын да білмей қалдық. Негізі, жаймашуақ күндері атты взводтың жұмысы таңғы сағат 11.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады екен. Ал, қысқы мезгілде жұмыс төрт сағатқа қысқарады. Егер күннің суықтығы 25 градустан асқан жағдайда қызметкерлер кезекшілікке атпен емес, жаяу шығады екен.
Шаршап-шалдығып базаға келгеннен кейін де бірден қайтып кете салмай, бір сағатқа жуық уақытымызды кешке дейін жансерігімізге айналған жылқылардың күтіміне арнадық. Әуелі отқа қойып, арада жарты сағат уақыт өтіп, терін жеген соң ғана ер-тұрманын алып, аттарды атбегілердің қолына тапсырдық. Бәйгеден келген сәйгүліктерді мәреден күтіп алған даяғашыдай арып-ашып келген аттарды жетектей жөнелген атбегілер енді жылқылардың жем-шөбін беріп, ертеңгі жұмыс күніне дайындай бастайды.
Ал, біз 7 сағат бойы ат үстінен түспестен қала тыныштығын қалтқысыз күзетіп жүрген взвод қызметкерлерінің жұмысының қиындығы басым екенін түйсініп, қош айтысып кете бардық.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.