Әлемдегі ең қауіпті спорт түрлері | arainews.kz

Әлемдегі ең қауіпті спорт түрлері

509

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді дана қазақ. Шынында, әр мемлекеттің, ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Олардың ішінде тарихы тереңнен тамыр тартқан қызық әрі қауіпті спорт түрлері де аз емес. Ендеше, бүгін назарларыңызға өзге елдердің осы ұлттық ойындарын ұсынамыз.

Олимпиада ойындарынан ауылы алыс, алайда, әлем елдерінің кейбірінде ойналатын ойынның бір түрі – «түйенің үстінен секіру». Жарыс ережесі бойынша өркешімен есептегенде орташа биіктігі 170 сантиметр болатын үш түйе қатарынан тұрғызылады. Осы белестен бәсекеге қатысушылар секіріп өтіп, өз ептілігін байқатуы керек. Бұл ойын бүгінде Йемен мемлекетінде кеңінен ойнатылады.

«Тоқпақ лақтыру» ойыны Шотландия­дан шыққан. Олар салмағы 15 келі­ден асатын тоқпақты76 метрге дейін лақтыра алады. Алайда, қызығы осындай алып күш иелері Олимпиада ойындарына енген дискіні лақтыру сынды жеңіл атлетика спортына қатыспайды. Өйткені, шотландықтар ұлттық ойыны саналатын тоқпақты лақтыруды бәрінен артық көреді.

Шотландияда ойналатын тағы бір қызықты ойын – «ағаш діңгегін лақтыру». Бұл спорттық жарыста қолданылатын ағаш діңгектерінің ұзындығы 6 метр, ал салмағы 90 келіге дейін барады. Қатысушылар осындай үлкен ағашты лақтырған кезде ол көкте бір айналып, бастапқыда жоғарыда болған басымен жерге қайта түсуі тиіс. Осындай әдісті жасай алған спортшы ғана жеңіске жетті деп есептеледі. Бұл ойынның қиындығы соншалық, ағаш діңгегін лақтыру жарысы үш-төрт күнге дейін созылады.

Қазіргі таңда әлемдегі ең танымал ойын футбол болса, индонезиялықтар кокосты жандырып доп сияқты тебетін ойын шығарған. Қатысушылар отқа оранған кокосты жалаңаяқ теуіп жүріп, қақпаға гол соғуы қажет. Индонезиялықтардың ұлттық ойынының қауіптілігі соншалық, жарыс кезінде адам тірідей жанып кеткен жағдайлар да орын алған.

Жапондардың «онабашира» ойынын көпшілік естімегені анық. Мұны спорт емес, көбіне фестиваль деуге келеді. Ол алты жылда бір рет өткізіледі. Фестиваль үшін арнайы 200 жылдық қарағай кесіледі. Ұзынынан жатқызылған ағаштың үстіне еріктілер мініп, таудан төмен қарай сырғанайды. Әр кез оның астында қалып, мерт болып жатқан адамдар да болады. Дегенмен, ұлттық құндылықтардың жойылмауы үшін фестиваль тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Жапондардың тағы бір ойыны – «ботаоши» деп аталады. Бұл ойын түріне 75 адамнан тұратын екі команда қатысады. Олардың бірі тік тұрған ағашты құлатуы тиіс. Ал, екіншісі бірінші командаға қарсылық көрсетуі керек. Нәтижесінде нағыз төбелес орын алады.

 

Италияндықтардың «флорентийлік кальчо» ойыны да өте қызық. Бұл ойында екі команда бір допқа таласады. Соңы кәдімгідей төбелеске ұласады. Бұл ұлттық спорт түрі туралы Карл V: «Кескілескен айқас үшін мұны спортқа жатқыза алмаймыз. Ал, көлемді болмағаны үшін соғыс деп те айта алмаймыз. Әйтеуір, алаңда бір-бірінің тұмсығын бұзып жатқан халық» деп таңырқапты.

 

Жапондардың сумосы да әлемдегі ең қауіпті спорт түрлерінің біріне баланады. Себебі, қазіргі сумошылар алып денелерін соғыстырып күресетін болса, бұрын бойына қоңыр аюдай май жинаған спортшылар бір қолын жерге тіреп, қос аяғын көтеру арқылы тепе-теңдікті сақтау бойынша сайысқан екен. Бұл спорт түрінен көптеген қатысушылар жарақат алуына байланысты кейін күрес түріне ауыстырылған.

 

Малайзия жерінде «Паку Джави» немесе бұқалармен жарысу спорты кеңінен танымал. Бұл дода күрішті жинау науқаны аяқталғаннан кейін ұйымдастырылады. Нақтырақ айтсақ, дәл күріш егілген сулы аймақта екі бұқаға ағаш тақтайды жегіп алған спортшылар бәсекелеседі. Кейбір жағдайда бұқалар қақтығысып, қатысушылар жануарлардың табанының астында жаншылып қалатын болған. Бірақ, малайзиялықтар үшін бұл жағдай «Паку Джави» ойынын науқан сайын ойнауға кедергі болмауда.

Міне, әлемде осындай адам таңғаларлық ойын түрлері бар. Бірі адам өміріне қауіпті болса, енді екіншілері ұйымдастырылуы жағынан өте қызықты. Әрине, бұл спорт түрлерінің әлемдік деңгейге танылмайтыны белгілі. Бірақ, бұл тұтас бір ұлттың салт-санасымен сабақтасып жатқан сайыстар. «Әлемде талай қызық бар» деген осы…

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.