Алашағың аз ба мына дүниеден, Болашағың емес пе | arainews.kz

Алашағың аз ба мына дүниеден, Болашағың емес пе еді зор, ғажап?!

234

Алаш арыстары… Ұлы Дала елінің әрбір ұрпағы һәм сіз бен біз осынау ұлы тұлғалардың алдында мәңгілік қарыздар екеніміз айдан анық. Ен далада ең алғаш рет мемлекеттіліктің негізін қалаған, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезеңінде қарағайға қарсы біткен бұтақтай қажыр-қайрат танытқан, атыларын, асыларын білсе де, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қайраткерлердің ерлік пен өрлікке толы өмірі өшпес өнеге. Осы орайда, газетіміздің бетінде жаңадан ашылған «Алаш ақиқаты» айдарында Алаш зиялыларының ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды мақсат тұтып отырмыз. Әңгіменің әлқиссасын Алаш үкіметінің құрылу тарихынан бастағанды жөн көрдік.

 

Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
Шын бақытқа жеткізетін жол да ұзақ.
Алашағың аз ба мына дүниеден,
Болашағың емес пе еді зор, ғажап?!
Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
Сілкінші бір қанатыңды қомдап ап!
Ауырыңды арқала да, алға бас,
Бауырыңмен не көрінді жорғалап?! – деп жұрттың жігерін жанып, қажыр-қайратын қамшылап, намысын қанаттандырған Міржақып Дулатов зауалы мол заманның зынданында қалып қойған ұлт санасына іргелі жырымен де, ілкімді ісімен де сәуле шашып, нұр құйып кеткені тарихтан да, әдебиеттен де белгілі.
Жалпы, Алаш үкіметі не үшін, қандай мақсатта құрылды? Оның сыралғы сыры аға буын өкілдерінің көпшілігіне таныс болғанымен, астарлы ақиқаты, бастау бұлағы бүгінгі жастарға беймәлім. Түсіне білгенге Алаш арыстарының ел ертеңі үшін атқарған істері ауқымды, еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан асқан уағында қаузалып отырған латын әліпбиіне көшу мәселесін 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұл көтеріп, оның тиімділігін сол заманда-ақ дәлелдеп берген болатын. Баһадүр Махамбет айтпақшы, «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай» һәм «Түн қатып жүріп, түс қашпай, Тебінгі теріс тағынбай, Темір қазық жастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?». Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біздің ендігі міндетіміз – осы тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек» деп айрықша атап көрсетуі тарихи тұлғаларға берілген лайықты баға екендігі даусыз.
Расында да, XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сабақтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты озық ойлы оғлан ұлдар тұрса, солардың ізін басқан болашақтың наркескен намысшыл нарқасқалары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтер одан әрі жалпақ жұртты жарыққа жетелеп, жұмыр жүйені жан-жақты жетілдірді.
М.Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары қоғамдағы ең өзекті өткір мәселелерді талқылап, оның ортақ шешімін табу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Нәтижесінде, жалпықазақ кеңесі шақырылып, онда ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді қарау, соған сай, лайықты саяси партия құру ісінің алғышарттары ақпан революциясынан кейін қалыптасты. Осылай ескі күнтізбе бойынша 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында, жаңа күнтізбеге сәйкес 18-26 желтоқсанда Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ съезі өтті. Бұл, сол жылдың шілде айында, сол жерде өткен І жалпықазақ съезінің жалғасы болатын. Жалпықазақ съезіне Ұлы даланың әр аймағынан келген болыстық, уездік, облыстық 68 съезден іріктеліп шыққан делегаттар қатысқан. Құрылтайға ресми саны 82, жалпы саны 300-ге тарта адам тартылған. Ал, басқосуды ұйымдастырушылар – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов, Міржақып Дулатов еді. Маңызды жиында қаралған өзекті мәселе Алаш Республикасын құру болатын.
Ел тағдыры талқыға түскен съездің күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: Алаш автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды. Алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулы бойынша қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды. Баяндама бойынша съезд: Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөлімдеріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ – қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-территориялы автономия құрады. Онда «Қазақ автономиясы «Алаш» деп аталсын», «Ұлт Кеңесі құрылсын, мұның аты «Алашорда» болсын», «Алашорданың тұратын орны – Семей қаласы болсын» деген талаптар ескерілген еді.
1918 жылдың 22 қаңтар күні Алаш арысы Әлімқан Ермеков «Сарыарқа» газетінде жариялаған мақаласында Алаш Республикасының құрылғаны туралы «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді…автономия бізге өмірлік мақсұт еді» деп еске алған екен. ІІ жалпықазақ съезі 15 министрден тұратын Алашорда үкіметінің құрамына ұлттың маңдайына біткен марғасқа саясаткерлерді сайлайды. Атап айтқанда Бөкей ордасынан –Уәлитхан Танашев (1887-1968), Оралдан –Халел Досмұхамедов (1883-1939), Ақмоладан –Айдархан Тұрлыбаев (1877-1937), Торғайдан – Ахмет Бірімжанов (1871 – 1927), Семейден – Халел Ғаббасов (1888-1931), Жетісудан – Садық Аманжолов (1889-1941), Сырдариядан – Мұстафа Шоқай (1890-1941), Арқадан – Әлихан Бөкейхан (1866-1937), Орал облысынан – Жаһанша Досмұхаметұлы (1887-1930), Қарқаралыдан – Әлімхан Ермеков (1891-1970), Жетісудан – Мұхаметжан Тынышбаев (1879-1937), Бөкей ордасынан – Бақтыгерей Құлманов (1859-1919), Лепсіден – Базарбай Мәметов (1888-1946), Шығыс Қазақстаннан – Отыншы Әлжанов (1873-1918). Олардың бірі мұғалім, экономист, енді бір тобы заңгерлер еді. Байқасақ, аталған Алаш ардақтыларының барлығы дерлік көзі қарақты, ғылыми-интеллектуалды, сайдың тасындай саясаткер азаматтар. Бұл құйысқаны берік құраммен «күн көсем» Ленин бастаған большевиктердің өресі мен интеллектуалдық деңгейі мүлдем салыстыруға келмейтінін, себебі алашордашыларымен таласа алмайтынын көптеген тарихшы ғалымдар да бүгінде растап отыр.
Алашорда үкімет мүшелері сайланған соң, Алашорданың төрағасын сайлау рәсімі өткізілді. Яғни, бұл дегеніміз – қазақ мемлекетінің тарихындағы тұңғыш республикалық негіздегі демократиялық принциптерге сай жүргізілген баламалы әділ сайлау болатын. Сонымен Алаш Республикасының президенттігіне 3 үміткер сайлауға түседі, олар: Бақтыгерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев, Әлихан Бөкейхан. Сайлау қорытындысы бойынша: Құлмановқа – 19, Тұрлыбаевқа – 20, Бөкейханға – 40 адам дауыс беріп, Әлихан Бөкейхан Алаш Республикасының президенті болып сайланды. Бұл туралы Президент Н.Ә.Назарбаев 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты кітабында «Қазақстандағы алғашқы баламалы сайлау нәтижесінде, мұны атап өту керек, тәуелсіз Қазақстан Үкіметінің – Жалпықазақ Ұлттық Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды» деп тайға таңба басқандай жазғаны бар. Әрине, әрбір мемлекеттік құрылымның нығаюына құқықтық нормалардың арқау болатыны сөзсіз. Ал, Алаш Республикасының Конституциясын – «Қазақ елінің уставы» деген ұлттық-либералды еңбекті Петерборда оқыған, білімді һәм білікті, тәжірибесі мен түйгені мол заңгер Барлыбек Сырттанов тұңғыш рет 1911 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен жазып шыққан еді. Бұл туралы да Елбасы «Біз қазір 1917-1919 жылдарда күшінде болған Алаш үкіметінің бағдарламалық құжаттарының өзі кеңестік үлгідегі барлық Конституцияға қарағанда неғұрлым көбірек конституциялы болғанын барынша айқын айта аламыз» деп лайық бағалаған еді.
Жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де атсалысып, өздерінің ыстық ықыласын, бірлік нышанын білдіргендігі жайлы: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» – дейді. Жиында мінберден Ә.Бөкейханның сөйлеген сөзі де сүйектен өтеді. Онда қаранар қайраткер «Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере-бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп баса айтқан екен. «Алаш баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген Әлихан Бөкейхановтың армандаған ақ сәулесі бүгінгі ұрпақтың маңдайына нұр болып құйылғандай.
Ғұмыры қысқа болса да, тұғыры төмендемейтін, керісінше зау биікке өрлей беретін «Алаш» партиясының белгілі дәрежеде дайындалып қойған шартнамасы, яғни өзіндік жарғысы да болған. Жарғыда: «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шындықтан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тіліп берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, «Алаш» жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн» деп анық көрсетіліпті. Алаш арыстарының қай-қайсысы да осы аталған шарттарға әбден лайық бола білгеніне тарихтың өзі дәлел.
Тіпті, сол уақытта «Қазақ» газетінде Ж.Досмұхамедовтың хаты негізінде «Алаш партиясы» деген бас мақала жарияланып, онда партияның Алаш деп аталуына қатысты: «Әр саяси партия өз ұранын шақырып, өз ұраны атынан список түзеп, сайлау ісіне кірісе бастады. Қазақ партиясының программасы жасалмағанымен, жалпықазақ съезінің қаулысы жасалмақ программаның негізі болсын делінген еді. Съезд қаулысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партияның атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогы деп жүргізулері керек» делінген дәйекті дәлел де бар.
Қорыта айтқанда, Алашорда үкіметі осыдан бес жарым ғасыр бұрын Әулиеата жерінде іргесі қаланған Қазақ хандығының жалғасы, сол тарихи алғашқы мемлекеттілік құрылым мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің арасын жалғап тұрған дара даңғыл, алтын көпір іспетті. Сол заматта қазақтың мүйізі қарағайдай марғасқа жазушысы, төл әдебиетіміздің классигі Бейімбет Майлиннің соты небәрі он бес-ақ минут, атап айтқанда әйгілі жазушыны айыптайтын сот отырысы 26 ақпанда 12.30-да басталып, 12.45-те аяқталғаны, небәрі үш-ақ адамның шешімімен атылып кеткені де санаға салмақ, жүрекке жүк артады.
Қалай дегенмен, тау тұлғалар уақыт өткен сайын биіктемесе, аласармайтыны айдан анық. Себебі, Міржақыптар айтқан мірдің оғындай жырдың, Бейімбеттердің батыл сөзімен жүз жыл бұрын оянған жанартаудың жалыны әлі де өшкен жоқ. «ХХ ғасырдың алғашқы ширегiндегi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi Алаш партиясының алатын орны мен қызметiн зерттеу – отандық тарихымыздың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi. Өйткенi, кезiнде «Алаш» партиясының жетекшiлерi ұсынған қағидалары күнi бүгiнге дейiн өз маңызын сақтап отыр» деп Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тағдыры тағылымды, өмірі өнегелі Алаш ардақтылары қай заманда да өскелең өрімтал ұрпақ үшін, Ұлы Даланың азат ойлы жастары үшін нағыз патриотизмнің апогейлері болып қала бермек.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.