Ақкөлдегі кейбір тұрғын үйлер неге жылу жүйесімен қамтылмаған | arainews.kz

Ақкөлдегі кейбір тұрғын үйлер неге жылу жүйесімен қамтылмаған

168

Аудан орталығындағы барлық көпқабатты тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін «Ақкөл қаласының Шығыс шағынауданындағы жылу жүйесі мен қазандықтарды қалпына келтіру» жобасына республикалық және облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы қажет.

Ақкөл қаласында әлеуметтік нысандарға жылу беру маусымы 2018 жылдың 25 қыркүйегінде басталып, 35 білім нысаны, 28 денсаулық сақтау нысаны және 28 әлеуметтік нысанға толық 100 пайыз жылу берілді.

Қазанның 1-нен бастап, 60 тұрғын үйдегі 1416 пәтер жылумен қамтамасыз етілді.

Ақкөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.

Мәселен, 2011 жылы жылу қазандығы салынса, 2012 жылы Шығыс шағынауданындағы жылу жүйелері қалпына келтірілді. Жылу қазандығы арқылы Нұрмағамбетов, Иманов,  Булавский және Абылайхан көшелерінің бойындағы көппәтерлі 16 тұрғын үй жылытыла бастады.

«Қазіргі кезде, көппәтерлі 17 тұрғын үй жылу жүйесіне қосылды. 2013 жылы тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынған Иманов көшесінің бойындағы 4 қабатты №9 тұрғын үй қосылды. Ал, Нұрмағамбетов көшесінің бойындағы 9 және 13 көшесінің бойындағы тұрғын үйлерге келетін болса, бұл нысандар 1994 жылдан бастап, пеш және электржылытқышты пайдаланып келеді. Өкінішке қарай, Шығыс шағынауданындағы өзге тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға жылу қазандығының қуаты мүмкіндік бермейді. Бұған қосымша қаражат қарастырылмаған» деп түсіндірді ведомстводан.

Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Владимир Елисеевтің мәліметінше, қаладағы барлық көпқабатты тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін «Ақкөл қаласының Шығыс шағынауданындағы жылу жүйесі мен қазандықтарды қалпына келтіру» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жобаның құны — шамамен 1 миллиард теңге.

«Бұл жоба тек республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінген кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. 2017 жылдың 12 сәуірінде аудан әкімдігі тарапынан ҚР Ұлттық экономика министрлігіне аталмыш жобаны «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасына енгізу бойынша және 2019 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы бюджеттік өтініш жолданды», — деп толықтырды ведомстводан.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.