Агросаланы алға бастыру – маңызды міндет

Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы А.Мырзахметовтың қатысуымен өткен жиында өңірдегі өзекті саланың бірі саналатын ауылшаруашылығы мен жер қатынастары басқармаларының 2018 жылдың 12-айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Өткен жылы Жамбыл облысының ауылшаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Барлық сала 102-106 пайызға дейін артығымен орындалған. Тек, кейбір жекелеген аудандарда инвестиция тарту мен ет экспортында төмен көрсеткіш байқалды. Алайда, ол жалпы облыстық көрсеткіш есебімен толықтырылып отыр.
Бүгінгі жиында сол артта қалған аудандар жөнінде де сөз болды. Бұл жаңа форматтағы жиын болғандықтан, әр аудан әкімінің осы салаға қатысты орынбасарлары орындарынан тұрып жауап беруге тура келді. Мәселен: Мойынқұм өңірінде ет экспорты төмендеп, ауылшаруашылығы саласындағы несие беру жағы кері кеткен. Ал, Талас пен Жуалыда инвестиция тарту жұмыстары алға жылжымай отыр. Бұдан бөлек, облыс басшысына 12-айдағы барлық саладағы ахуал жеке-жеке баяндалды.
Ауылшаруашылығы өңір экономикасын арттыру бағытындағы негізгі сала болғандықтан оған артылар жүк те жеңіл емес. Жыл басында берілген тапсырмалардан бөлек, облыс әкімі бүгінгі жиында негізгі екі мәселені көтерді. Ол ауылшаруашылығы кооперативтерін құру және несие беруді арттыру. Сонда ғана жұмыс жүйелене түспек. Мәселен: қазір өңірімізде 30-ғана кооператив жұмыс істейді екен. Бұл 153-ауылдық округке тым аз. Қажет болатын болса, біз сол 153- ауылдық округтердің бәріне кооперативтер құруымыз керек. Ол қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуы тиіс, — деді Асқар Мырзахметов. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылды жерде тұрып жатқан әрбір тұрғынның күнкөрісіне тиісті қолғабыс жасау керектігін тілге тиек етті. Яғни, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру өз алдына, біз үшін ұтатын тағы бір мәселе мал шаруашылығына қатысты өнімділікті арттыру. Қолда өнім бар, өнімділігі төмен. Өйткені, жағарыда айтылғандай оның өңдеуі жоқ. Ал, кооперативтер соны шешудің бірден бір тетігі. Ал, несиеге келсек, ол бүгінде барынша жеңілдетіліп отыр. Ешқандай, екінші деңгейлі банк шаруаларға ондай жеңіл несие бермейді. Соны түсіну керек, — деді облыс әкімі.
Жиында ет экспортын арттыру мәселесі, шаруашылықтарды минералды тыңайтқыштармен қамту жағдайы қаралды. Ал, осы саладағы өзекті мәселені бірі болған қант қызылшасы дақылын өсіру жұмыстарында да бірқатар кемшіліктер орын алған. Мәселен: жыл басында 8400 гектар жерге тәтті түбір егілді деп есеп берілсе, оның 6300 тоннасы ғана қант зауыттарына өткізіліп отыр. Кооперативтер құру мен ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру бойынша жауапты басқарма мен аудан әкімінің орынбасарларына нақты тапсырма берілді.
Дәл осы жиында қаралған екінші мәселе Жамбылдағы жердің жағдайы. Суармалы егістік көлемі мен пайдаланылмай жатқан жер телімдері қанша? Жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына орай жерлердің ғарыштық түсірілім жасалып, нәтижесінде 46 мың игерусіз жатқан бос жерлердің бар екендігі анықталған. Ал, Жамбылда шаруалар 40 мың гектардан астам жер сұрап, өз шаруашылығын дөңгелетіп әкете алмай отыр деді облыс басшысы. Осыған байланысты нақты талдау жасауды ұсынып, жауапты басқарманың 12- айда атқарған жұмысының есебін тыңдады.
Қорытынды жиын соңында барлық айтылған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар күтетінін айтқан аймақ басшысы, берілген тапсырманың орындалуы жөнінде бір айдан кейін тағы бір кеңес өткізетінін еске салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.