Көз тие ме, сөз тие ме? | arainews.kz

Көз тие ме, сөз тие ме?

270

Қазақ халқы ежелден нәрестеге, сұлу бойжеткенге, жүйрік атқа, тіпті зәулім үйі мен атақ-абыройына көз тиеді деп, алдымен «тіл, көзден сақта» деп Аллаға жалбарынып дұға тілеген. Біз бұдан жас балаларға қатысты айтылатын «көз тию», «тіл тию», «сұқ өту», «аш кіру» деген сөздердің негізсіз еместігін аңғарамыз. Осы сынды тіл-көз тию ұғымы тек біздің түсінігімізде ғана емес, жер шарын мекендеген біраз халықта кездеседі. 
Ал, осы тіл-көз тиюдің белгілері қандай? Бұл психологиялық құбылыс па, тылсым ба, әлде адамдар арасындағы наным-сенім бе? Адам өзіне көз тигенін қалай сезеді және одан айығудың жолдары қандай? Біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Тараз қаласының тұрғыны Мөлдір Әбілқасымова­ның тұңғышы 1 жастан асар кезде еш себепсіз мазасызданады. Үйде ем-домын жасаған ана, шырылдап жылаған нәрестесін алып ауруханаға да барады. Дәрігерлердің жасаған емшарасынан соң, баланың аздап беті бері қарағанымен түні бойы шошып оянуын қоймайды. Содан шарасыз ана ғаламтордаға ақпаратты ақтарып отырып, балаға көз тигенін біледі.
–Бала күнімізде үйге қонақтар келсе, «көз тиеді» деп апаларымыз көзмоншақ тағып, маңдайымызға қара күйе жағып қоятын. Алайда, кейінірек оны ескіліктің бір белгісі деп мән бермейтін болдық қой. Бірақ, өз басыңнан өткен соң еріксіз сенеді екенсің.

Тып-тыныш томпаңдап ойнап жүрген баламның бірден сұлқ түскенін көргенде қатты шошыдым. Дәрігерлер де баланың бұлай мазасызданғанын түсіне алмады. Содан зерттемек болып ғаламторды ақтарып осыған ұқсас жағдайларды оқыдым. Сонда ғана балаға көз тиюі мүмкін деген болжамға келдім. Ойланбастан, мешітке апарып, молдаға дем салдырдым. Сенесіз бе, бір оқығаннан кейін балам белгісіз дерттен айықты. Түнде шошуын, себепсіз мазасыздануын қойды. Содан бері ұлыма дем салдырып тұрамын, – дейді Мөлдір Бақытқызы.
Ал, Жамбыл ауданының тұрғыны Марина Серікова көз тиюге қатысты басынан өткен оқиғасын былай баяндады.

– Тараз қаласындағы №11 шағын ауданда тұрып жатқан кезімде балаларды мектепке шығарып салып, көрші келіншектің үйіне бардым. Кірсем араласатын бірнеше құрбысын шақырып, бастаңғы жасап отыр екен. Ойымда ештеңе жоқ. Өзім қатарлы келіншектермен танысып, әңгімеміз жараса кетті. Бірақ, олардың ішінде бір келіншектің маған көз алмай қарап отырғанын байқадым. Оның бұл қылығын ұнатпасам да, мән бермеуге тырыстым. Біраз отырып, үйге қайтып келіп енді төсекке жайғасқаным сол еді, қолымның саусақтары мен сырғалығым қыши бастады. Қолдарыммен түсінбей уқалап қоямын. Бір кезде құлағым мен саусағыма таққан таза күміс әшекейім көз алдымда опырылып, сынып түсті. Түскені сол еді, қолдарымның қышығаны тоқтап, жаным тыныш тапты. Бұл оқиғаны молдаға айтсам, әлгі бейтаныс әйелдің көзі тиіп, оның әсерінен күміс сынып түскенін айтты. Және күміс бөгет болмағанда науқастанып қалуым мүмкін екендігін ескертті. Содан бері «көз тиді» десе, сол оқиға есіме түседі, – дейді Марина.

Әлемде көздің өткір нұры болатынына, оның адамға тиетініне Еуразия, АҚШ, Канада, Африка, Түркия, Иран, Үндістан елдерінің халқы да иланады. Тіпті, қазіргі таңда екінің-бірі сәл ауыра қалса, болмаса ойлаған ісі жүзеге аспаса да «көз тиді» деп топшылап жатады. Бұл жөнінде ғылым не дейді?

Кей психолог-зерттеушілер назар тиюін көп жағдайда көздің жағымсыз сәулесі, яғни қандайда бір адамның қызғанышынан пайда болатын құбылыс ретінде болжайды. Ал, Канада университетінің ғалымдары көз тиюді ғылыми жолмен тәжірибе жасау арқылы анықтаған. Сөйтіп, олар еріктілерден бірнеше адамды жинап, олардың өздеріне екінші бір адамның көзінің тигенін қалай қабылдайтындығын тексерген. Сол кезде, қатысушылардың 95 пайызы бөгде адамның көзінің тигенін бірден сезген. Олардың кейбірі көз тигенде тура көк желкеден жеңіл бір нәрсемен ұрғандай күй кешкенін айтса, енді екіншілері құдды самал жел соққандай болғанын жеткізген.

Тағы бір дерек, Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химиктерінің бірі барон Карл фон Рейхенбах сезімтал адамдардың басқаларға қарағанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын анықтаған. Сөйтіп, ол көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болады деген қорытынды жасаған.

Ал, Исламда көз тию мәселесі үлкен маңызға ие. Көз тиюдің бар екендігі және одан сақтану туралы көптеген хадистер де бар. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Көз тию, расында, бар нәрсе», «Бір нәрсеге таңырқаған мұсылман «Бәракаллаһу фиһ» десін», – деген. Тағы бір хадисінде: «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, көз тию болып, тағдырды өзгертер еді», – деген. Тіл мен көз кейде тіпті кісінің қайтыс болуына дейін апаруы ықтимал. Бұл жөнінде хадистердің бірінде: «Көз тию түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді», – деп айтылған.
«Көз тигендерді емдеудің бір жолы – шипа ретінде Қалам сүресінің 51-52 және Мұминун сүресінің 97-98 аяттарын оқып дем салу керек» дейді Ислам діні. Ал, ғалымдар мұндай жағдайда дәрігердің көмегіне жүгініп, медициналық жолмен емделуге кеңес береді.
Ал, сіз қалай ойлайсыз? Жалпы, «Көз тиді» дегенге сенесіз бе?

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.