Жасампаз елдің жауһар мөрі | arainews.kz

Жасампаз елдің жауһар мөрі

199

Тәуелсіздіктің тұғырын тайға таңба басқандай алты құрлыққа айшықтап, Мәңгілік елдің мәңгілік екенін дүние жүзіне дәлелдеп тұрған Ұлы даладағы тарпаң халқымыздың алтын қазығы, мемлекетіміздің маңдайына біткен жауһар мөрі, бұл – ардақты Ата Заң екені айтпасақ та түсінікті. Қазанаттай қоғамымызда оның басты қазынасы – адам өмірі. Өткен мен болашақты, бірлік пен бейбітшілікті, ырыс пен ынтымақты, ұлттар мен ұрпақтарды жалғап, біте қайнаса байланыстырып тұрған кемеңгер Конституциямыздың халық қалауымен қабылданғанына биыл табаны күректей жиырма үш жыл толып отыр.

Тәуелсіз ел тіршілігінің һәм өміршеңдігінің төлқұжатына айналған айбарлы Ата Заңымыздың тағылымды тарихы да, кемел келешегі де мазмұнды, мағыналы. Ол заман талабын қанағат­тандырып, егемен ел үшін қалтқысыз қызмет етуде. Кең далаға кіндік қаны тамып, өмірге шыр етіп келген әрбір шақалақты өзінің қанатының астына алып, бесігін берік қолына ұстап, оның жан-жақты жетілуіне, білім алып, бәйтеректей биікке бекінуіне жағдай жасайтын да, жарқын болашақтың алтын кепілі де – Ата Заң.
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» һәм ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келген Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді дала заңдары бұл күнде ел шежіресіндегі құқықтық ескерткіш, жәдігерлерге айналды. 1688 жылы небәрі 25 жасында Қожаберген жырауды Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары ордабасы етіп сайлағаны да, оның сол кезде:
Мұқияттап хаттадым,
Әз-Тәукеге қызмет қып,
Жаздым «Жеті Жарғыны».
Салыстырып талдадым,
Бергі менен арғыны, – деген жыр жолдарын қалдыруы да осының айғағы.
Осынау бір шумақ жыр бабалары­мыздың жан-жақты данышпан болғандығын да аңғартып тұрған жоқ па? Осындай бекзада бабалардың бүгінгі ұрпағы да осал емес, керісінше озық ойлы оғлан екендерін оң істерімен дәлелдеуде.
Жалпы, дала заңдарынан кейін ең алғашқы Конституция Қазақ Автономиялы Республикасы кезінде 1926 жылы 18 ақпанда қабылданса, одан кейін 1937, 1978 және 1993 жылдары бекітілді. Ал, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Бұл құнды құжатты талқылауға
3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деп баса айтқан еді.
Баһадүр бабалар өз заманының заңғар заңдарын Қожабергенше жырласа, бүгінгі азат елдің арқалы ақыны Маралтай Райымбекұлы қазіргі Конституцияны:
Ата заңым – iргесi нық, ұлы елiм,
Ата заңым – жанды жерiм – жүрегiм.
Ұрпақ үшiн лайықты өмiрдi,
Қамтамасыз ететұғын тiрегiм!
…Ата заңым – сырт жауыңнан қорғаған,
Ата заңым – ел мұратын қолдаған.
Бұл далада толыққанды, жүйелi,
Бұған дейiн осындай заң болмаған, – деп тебірене толғайды. Әрине, дәл осындай заң болмағанына тағдырлы тарихымыздың өзі куә.
«Біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, саналуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды. Ізденіс географиясы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік. Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді… Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», – деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында.
Содан бері әлемдегі ең жас Ата Заңымыз азат елдің ар-намысына, ел өмірінің өркениетті дамуына бағдар беретін, қоғамдық қарым-қатынастардың кез келген үлгісін әмбебап реттеуге күші жететін және Қазақстанның әлемдік аренада лайықты мәртебеге ие болуына септігін тигізетін маңызды құжатқа айналды. Мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтарға мәртебелі мүше болып, экономикасы мен саясатын, мәдениеті мен руханиятын қайта жаңғыртты.
Бүгінгі Конституциямызды ел жастарының жанашыры деп толық сеніммен айтуға болады. Себебі, оның арқасында Ұлы Дала жастары білімнің сарқылмас теңізіне, танымның тартылмас мұхитына желкен жайып, өнер мен спортта, ғылым мен шығармашылықта байрағымызды биіктетуде. Өзге тілдің барлығын меңгеріп, өз тілін құрметтеуде. Шетелде тәжірибе жинап, туған жерге ту тігуде. Адал еңбек етіп, берекелі отбасын құрып, баспаналы болуда. Жарқын болашақтың жауынгер, бәсекеге қабілетті, санасы ұлтының салт-дәстүрінен сусындаған, рухы халқының құндылықтарына суарылған ұрпақ тәрбиелеуде. Осының барлығына айбынды Ата Заң мол мүмкіндік беріп, бар жағдайды жасап отыр. Ал, енді оны құрметтеу– әрбір ұрпақ үшін азаматтық міндет, перзенттік парыз.

Нұржан Қадірәлі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.