Дін мен діл | arainews.kz

Дін мен діл

1 339

Бүгінгі таңда халқымыз егемендікпен бірге өзінің дәтүрлі мәдениетіне, діліне, тіліне толыққанды ие болды. Өшкені жанып, ұмытқаны жадына қайта жаңғырды. Мұның өзі еліміздің ұстанған бағытының дұрыстығын, ата жолдан айнымағандығын білдіреді. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғат жолындағы мазһабымыз, сенім мектебіміз  жоғалтқанымызды түгендеп, үзілгенімізді жалғап берді.

Әуел бастан Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстардан бөлек етіп, қоғамдасып, бірігіп өмір сүретін етті. Ақылды, саналы әрі парасатты қылды. Осылайша адамдардың өздеріне тән салт-санасы қалыптасып, ұстанған діндері болды. Жаратушысын танымаған қауымның өздеріне заманына сай қоғамды түзейтін пайғамбарлар жіберіп, сананы жаңартып отырды. Қасиетті Құранда:  «Әй адамдар! Сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық, бір-бірлеріңмен танысуларың үшін, ұлттар мен нәсілдерге бөлдік» (Хужурат-13) делінген. Осы аятқа көз жүгіртсек, әр ұлттың белгілі бір түсінігі, ұстанған діні, тұрмыстарына сай әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі болатынын түсінеміз. Олай болмаса бір ұлт екіншісінен қалай ажыратылар еді?

Дін дегеніміз екі дүниеде де жақсылыққа жетелеп, Алла Тағаланың ризалығына жеткізер қағидаттар болса, діл — сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыздың ұстанып келген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері. Міне осы тұрғыдан келер болсақ «Жер бетін кезіңдер де жаратылыстың қалай болғанын көріңдер»-деген. (Анкабут-20) Аятта көріп, үйрену арқылы өзге ұлттарды танып, адамның санасын өсіруге жетелейтінін анық көруге болады.

Діннің көздеген мақсаты өзге адамдармен жақсы қарым-қатынаста болып, әділетті  мейірімді өмір сүру. .  Өз халқының діні мен дәстүрін қадірлеп, өзге ұлтты бағалай білген халықпыз. Өйткені әр ұлттың өзіндік дүние танымы, ұлттық ерекшеліктері,  тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Айша анамыздан жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың: «Өз қауымының әдет-ғұрпын берік ұстанушы еді»-делінген. Алла елшісінің осы бір өсиетінде, бір қоғамда өмір сүріп жатқан халық өзге ұлттардың құндылықтарын, діни ұстанымдары мен наным-сенімін құрметтеп, оларға зұлымдық жасаудан аулақ болуы міндеттелген.

Қазақтың діні мен ділі өзге мұсылман елдерімен салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келетіні белгілі. Өйткені барлық иісі мұсылман халықтардың наным-танымы Құран мен Хадиске негізделген.

 Адамның діні мен ділінің дамуы үшін де ең әуелі білім үйрену міндетті.Хәкім Абай өзінің өлең шумағымен:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және сүй хақ жолы осы деп әділетті» дегені осы тұсына сай келеді. Құранның ең алғашқы келген аяты «Оқы» деп басталып, соңғы түсірілген аяты «Аллаға қайтарылатын күннен қорқыңдар» деп тәмәмдалған. Дін ғалымдарының «білімсіз іс қылу- қылмыс» қағидасы білімсіздіктің нәтижесін көрсетсе керек. Мейір-махаббат та, сүйіспеншілік пен шапағат та, білім мен өнердің туындысы екенін ұмытпаған жөн.

Ғ.Ахметов,

«Кеңесхан қажы» мешітінің Бас имамы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.