7 баланың анасы жастарды халық санын ұлғайтуға шақырды | arainews.kz

7 баланың анасы жастарды халық санын ұлғайтуға шақырды

144

Жастарымыз көпбалалы болудан қорықпаулары керек. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік ұрпақтары» Жастар жылының ашылуында 7 баланың анасы 27 жастағы Жазира Тұрғынова айтты.

«Дана халқымызда «Бір қозы дүниеге келсе, бір тұп жусан артық шығады» деген сөз бар. Менің атым — Жазира. Жасым 27-де, Түркістан облысының тұрғынымын. Алланың қалауымен 7 сәбиімді өмірге әкелдім. Әр баламның өмірге келуімен қатар біздің үйде үлкен қуаныштар орын алады. Балаларымнң күлкісінен өмірге деген құштарлық аламын. Қазірі таңда балаларымның үлкені 11 жаста, ол менің бірінші көмекшіме айналды. Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған осынау байтақ қазақ елімізде сәбилердің көп болғанын қалаймын», — деді ол.

Жазира Тұрғынова өткен жылы Елбасының Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, орталығы ретінде Түркістан қаласы бекігендігін атап өтті. Қазіргі таңда облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналып, мемлекеттік нысандар мен балабақшалар, спорт, денсаулық сақтау нысандары, мектептер салынып жатқанын айтты.

«Мен бүлдіршіндерімнің келешегіне сенімдімін. Еліміздің жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын. Әр бала өз несібесімен келеді», — деді Жазира Тұрғынова.

Айта кетейік, Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп жатыр.

Шараға Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айттты. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.