17 ауыл әкімінің есебі тікелей эфирде көрсетілді | arainews.kz

17 ауыл әкімінің есебі тікелей эфирде көрсетілді

967

Халықпен етене байланысу, олардың талап-тілегіне құлақ түру мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған болатын. Нәтижесінде, жергілікті орган басшылары тұрғындармен жүздесулерді тікелей эфирлерде өткізіп, олардың сауалына ашық түрде жауап беруде. Бұл бұқара мен биліктің арасын мейлінше жақындастыруға бағытталған бастама десек, Жамбыл ауданында 20 қаңтарда бастау алған Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес басталған ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулері сөзімізді салмақтай түскен. Қалай дейсіз ғой? Бұл жолғы әкімдердің есебі бөлек форматта өткізілді. Мысалға, ауылдық округ әкімдері тек қарашамен жолығып, жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап қана қоймай, жергілікті округтің әлеуметтік желідегі Facebook және Instagramm парақшаларынан түскен сауалғада назар аударды. Көптеген себептермен келелі кездесуді мүлт жіберіп алған жұртшылық әлеуметтік желіге кіріп, округтің ресми парақшасына сауалын жолдап, жауап алуда. Қазіргі таңда бұл формат ауданға қарасты 17 ауылдық округінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл форматты аудан әкімінің 28 қаңтарда бастау алатын есептік кездесуі ауданның бас парақшасы мен тиісті округтің парақшаларында тікелей эфирде көрсетілімге шығарылатын болады. Алдын ала мекенжайлардың сілтемелері де әзірленген. Дәл бүгінгі күнге Қаратөбе, Айшабибі, Ақбастау, Жамбыл, Бесағаш, Аса, Гродиково, Көлқайнар, Қарасу ауылдық округтерінің әкімі ел алдында есептік кездесуін өткізді. Ал, кездесулерде қандай мәселелер қозғалды? Бұл туралы төменгі жазбада айтатын боламыз.
Өткен сәрсенбі және бейсенбі күндері ауданға қарасты Айшабибі, Қаратөбе, Аса, Ақбастау, Жамбыл, Бесағаш ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді. Басқосуда әкімдер осы жылы атқарылатын игілікті істер бойынша да айтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне назар аударды.

КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛСА…

Айшабибі ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әзімхан Жарылғаповтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі әуелі Әулиекөл ауылында өтті. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев пен ауыл тұрғындары қатысқан жиында Әзімхан Сейсенұлы өткен жылы округте атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алда ел игілігі жолында қолға алынатын тірліктерге тоқталды. Басқосуда ауыл азаматтары жеке бастың мәселесін емес, елдік мүдде жайында айтты. Ауыл тұрғыны Әсілбек Ұлтарақов соңғы жылдары ауылдағы жан жадыратар тірліктердің атқарылып жатқанын айтып, елді мекендегі көшені жарықтандыру мәселесі жайында сөз қозғады. «Ауылымыздағы көше осыдан бірнеше жыл бұрын жарықтандырылған. Бірақ, соңғы уақытта мүлдем жанбай тұр. Осыны назарға алсаңыз», – деді ауыл тұрғыны. Жиында сөз алған ауылдың белсенді азаматы Қуаныш Байменов округ әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысын жоғары бағалады.

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Әзімхан Жылғаповтың келесі кездесуі Қаратау ауылында жалғасын тапты. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев қатысқан басқосуда Әзімхан Сейсенұлы тұрғындар алдында 2020 жылы округте тиянағын тапқан тірліктер жайында баяндады. Осы жылы қолға алынатын жұмыстарға тоқталды. Жиында ауыл тұрғыны Ерғали Құдайбергенов сөз алып, округте атқарылған игілікті істерге оң бағасын берді. «Қаратау ауылының тұрғындары мал және егін шаруашылығына ерекше ден қойған. Қазіргі таңда ауылымыздағы үлкен каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте айтарым, сол каналдың үстінен мал өтетін көпір салып берсе», – деді ауыл тұрғыны. Бұл жөнінде сөз алған Қайрат Әнуарбекұлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігермен келісім жасайтынын айтты.
Ауыл тұрғындарын толғандырған тағы бір проблема – жер телімі. «Бұл мәселе алдағы уақытта кезең-кезеңімен қолға алынады», – деді ауыл әкімінің міндетін атқарушы.
Ауылға таза ауызсу келеді
Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Қайрат Жатқанбаевтың алғашқы кездесуі Бәйтерек ауылында өтті. Аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Маржан Байгелди және ауыл тұрғындары қатысқан жиында Қайрат Есенбекұлы өткен жылы атқарған жұмыстарды баяндап, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.
Басқосуда сөз алған ауыл тұрғындары құбыры тартылып жатқан таза ауызсу жүйесі қашан пайдалануға берілетінін және осы уақытқа дейін пайдаланып келген су есептегіш құрылғысын қайта ауыстырамыз ба деген сауалын жолдады. «Қазіргі таңда құбырды тарту жұмыстары 85 пайызға аяқталды. Ал, су есептегіш құрылғысын «Аса-су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері тексеріп, ескіргенін және жарамсызын ауыстырады», – деді ауыл әкімі.
Ауыл тұрғыны Н.Егізбаев елді мекендегі орталық көше қашан асфальтталатынын сұрап, ауылдан қалаға қатынау қиын екенін жеткізді. Бұл жөнінде сөз алған ауыл әкімі орталық көше асфальтталған жағдайда Шөлдала-Тараз бағытындағы қоғамдық көлікті ауыл ішімен жүргізу жағын қарастыратынын айтты.

АЗАМАТТАР ӘКІМІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ

Бұл күні Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Қайрат Жатқанбаев Қызылшарық ауылының тұрғындары алдында да есеп берді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Маржан Байгелди және ауыл тұрғындары қатысқан жиында ауыл әкімі 2020 жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстар жайында кеңінен баяндады. Осы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Ауыл әкімінің баяндамасынан өткен жылы округте бірқатар жұмыстар атқарылғанын аңғардық. Есепті жиында ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салды. Жергілікті жұрттың басым көпшілігі жер телімі, таза ауызсу мәселесін көтерді. Ауыл тұрғыны Қ.Қарасай елді мекеніне қашан таза ауызсу берілетінін сұрап білсе, М.Абдулин кезекте тұрған азаматтарға ертерек жер телімі берілсе деген өтінішін жеткізді. Тұрғын М.Тлеубаев ауыл ішіндегі арық-атыздарды тазалау керектігін алға тартса, М.Оспанов Жамбыл көшесінің бойындағы жаяу жүргінші жолы талапқа сай келмейтінін, жолға жақын орналасқанын айтты.
Қайрат Есенбекұлы есеп беру кездесуінде көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын, алдағы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс істейтінін айтты.

ЕЛДІ МЕКЕНДЕ КЛУБ СОҒЫЛАДЫ

Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзееваның Шоқай ауылы тұрғындарының алдындағы есеп беру кездесуі №3 орта мектепте өтті.
Басқосуда тұрғындар округ әкімінің есебін мұқият тыңдап, өткен жылы атқарылған жұмыстардан құлағдар болды. Ортақ мәселелерге баса мән беріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айдар Хаджимуратов жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан ауылдық клуб мәселесін көтерді. Ауылға клуб қашан соғылатынын, құрылыс жұмыстары қашан басталатынын сұрады. Тұрғынның бұл сауалына Нұрсұлу Лутфуллақызы: «Шоқай ауылына жаңа клуб ғимараты «МакроСтрой» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Әділет Ережепбаев пен «КнауфГипсТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мырзабай Бекназаровтың демеушілігімен салынады», – деп үн қатты.
Ауыл ақсақалы Бекзатхан Қожабеков округ әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады.

ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ ТАРТЫЛАДЫ

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қапал ауылында былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Атамұра, У.Қайназаров, Тұран, Игілік көшелері орта жөндеуден өтті. Ал, биыл ауылға интернет желісі тартылмақ. «Транстелеком» мекемесімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары мен мекеме басшылығы өзара келіскен жағдайда интернет желісі тартылады.
Бұл туралы округ әкімі Бақыт Садырбаев ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен есеп беру кездесуінде айтты. Есепті баяндамасынан кейін тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді.
Жиынға әлеуметтік желі (инстаграм) арқылы қатысқан тұрғын Нұрлан Қосыбаев кешкі уақыттарда электр желісі қуатының әлсіз болатынына байланысты жаңа трансформатор орнатылып берілсе деген тілегін тілге тиек етті. Ауыл тұрғыны Бақытжан Игіліков ауылға келетін жолдағы көпірді кеңейту қажет екенін сөз етіп, осы мәселені назарға алуын өтінді. Тұрғындардың «Қапал ауылын кеңейту мақсатында жер телімдері беріле ме? 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені қалай алуға болады?» деген сауалдары жауапсыз қалмады. Округ әкімі бұл бойынша құзырлы мекемелерге сұраныс хат жолдайтынын, қажетті қаражат бөлінсе, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Соңынан сөз сөйлеген зейнеткер Есенгелді Ошақбаев округ әкімінің есебіне оң бағасын берді.

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛІП, КӨШЕЛЕР ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Әлемді әбігерге салған қауіпті індет әлі де өршіп тұр. Өткен жылы пайда болған індеттің салдары ел экономикасына кері әсерін тигізді. Десек те, сын сағатта елдігімізді көрсеттік. Сол кезде Түрксіб ауылының тұрғындары да жұмылған жұдырықтай болып, бірлігі мен тірлігін көрсетті. Ауылдық мешіттің ұйымдастыруымен, жамағаттың және жомарт жандардың демеушілігімен осал топ өкілдеріне, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жалпы саны 72 отбасыға бір жолғы көмек (азық-түлік жиынтығы) берілді. Бұдан бөлек, басқа да мекеме-ұйымдардың қаржылай қолдауымен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілді.
Бұны Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев Түрксіб ауылында өткізген есеп беру кездесуінде атап өтті. Сонымен қатар, ауылдағы Жайлау көшесіне, Р.Рүстемов көшесінің 1, 2-бұрылыстарына жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі туралы айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қ.Қалдыбекұлы көшесі жарықтандырылатынын, Желтоқсан көшесінің 1, 2-бұрылыстарына, Р.Рүстемов көшесінің 3-бұрылысына, Қ.Қалдыбекұлы, Ынтымақ көшелерінде орналасқан КТП-ға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілетінін сөз етті.
Басқосуда ауыл тұрғындары – Әділбек Шымырқұлов Желтоқсан көшесінің бұрылыстарына электр бағаналары қашан орнатылатынын, Асима Айнабаева түрксібтіктерге жер телімі қашан берілетінін сұрап білсе, Мұрат Көбеев қаңғыбас иттердің көзін жою керектігін алға тартты.
Ауыл ақсақалы Шәбден Байғабылов округ әкімінің есебін жақсы деп бағалады.

ЕЛГЕ ОРТАҚ МӘСЕЛЕЛЕР СӨЗ БОЛДЫ

Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов округке қарасты Рахат ауылының тұрғындары алдында өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, былтыр рахаттықтар көтерген ауылды газдандыру, мектеп соғу, ағын су мәселесін шешу секілді мәселелердің мәнісін ашып айтып, түйткілдің түйінін тарқатты.
– Рахат ауылында ауылішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Биыл табиғи газ пайдалануға беріледі. Ауылдың бас жоспарына сәйкес 120 оқушыға арналған мектеп пен 80 балаға арналған балабақша орны көрсетілген. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ал, ағын су мәселесіне келсек, бұл күнде 4 каналдың (Аса, Рахат, Хамзат, Тұрсынбай) құжаттары рәсімделіп, «Қазсушар» РМК Аса өндірістік бөлімшесінің теңгеріміне өткізілуде. Шаруалар басым бағыттағы дақылдарды егетін болса, біз өз тарапымыздан ағын судың тұрақты жеткізіліп беруін қадағалайтын боламыз, – деді Бауыржан Құттыбайұлы әр мәселеге жеке тоқталып.
Өз кезегінде рахаттық ақсақал Асқар Бейсенбек пен ауыл белсендісі Ержан Шәлімбетов ауылды интернет желісіне қосу, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне демеушілердің көмегімен газ кіргізіп беру, көшелерді жарықтандыру, балабақша соғу секілді мәселелерді көтерді. Бұған округ әкімі: «Интернет мәселесі бір-екі күнде толығымен шешіледі. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балабақша мәселесіне келетін болсақ, жобалық-сметалық құжаттары дайын. Аудандық бюджетті нақтылайтын кезде ұсынып көреміз», – деп нақты жауап берді.

ШАЙДАНАЛЫҚТАР РАЗЫ МА?

Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаевтың есеп беру кездесуі Шайдана ауылдық клубында өтті. Тұрғындар әкімнің жыл ішінде атқарған жұмысына разы емес екенін айтты. Жыл ішінде округке қарасты Шайдана ауылына шақырымға жетпес жол ғана асфалттанғанын тілге тиек еткен жүртшылық көгілдір отын мен мектептің жайы қашан шешімін табатынын басып айтты. Алдағы аудан әкімінің есебіне қатысатынын сөз еткен шайданалықтар ауылдың жайы жақсарса деген пікірін орындайтын адамды іздейтінін жеткізді

 

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.