Бірлікте берекелі тірлік бар | arainews.kz

Бірлікте берекелі тірлік бар

496

Бірлік ауылынағы «Желтоқсан» клубында өткен ауылдық округ, аудан әкімінің халық алдындағы есебі
жоғары көңіл-күйде өтті. Онда алдымен аудан әкімі М.Мұсаев ауылда ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған, жақында 70 жасқа толған Ермұрат Асанбаевқа облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын тапсырып, зор денсаулық тіледі.

Ауылдық округтің әкімі Қанат Көпбаев пен аудан әкімі Мәден Мұсаев халық алдында 2019 жылы округте, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ осы өңірде биылғы жылы атқарылатын жұмыстар да назардан тыс қалмады.

Есепті тыңдаған ауыл халқы оған бас шұлғып отыра бермей, белсенділік танытқанында да айта кеткен жөн. Бұл округте де алдағы ауылдар секілді көптеген жұмыстар істелді. Ауыл каналдары тазаланып, егістікке су келді. Қырман соғылып, 378 гектар жерге жүгері егілді. Қырмандағы жүгеріні аршып, кептіру, оны қаптау тәрізді жұмыстарға ауыл тұрғындары ұйымшылдықпен қатысты. Жүгері орылып алынғаннан соң масақ теріп, үйіне тонналап жүгері жинап алғандар да болды. Жүгері орнына малдары жайылды. Ең бастысы елге жұмыс табылып, өз жағдайларын біршама жақсартты. Ал биылғы жылы егістік көлемін үлкейтіп, жүгеріні көптеп егуге деген құлшыныс басым. Міне осындай жақсы істерді тілге тиек еткен еңбек ардагері Амантай Нұржаубеков өздеріне жасалған осындай жақсы істері үшін аудан әкімі Мәден Мұсаевқа алғысын айтты.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары Қ.Әбдірашов, Т.Боранқұлов, А.Шамшатова, Т.Құрманәлиев, М.Тоқсабаев,
А.Молдабаев, Е.Жұмабаев, М.Сейтімбетовалар сөйлеп, ауылда жыл ішінде көптеген жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ауыл, аудан әкімдерінің есебіне оң бағаларын берді. Сөйтіп,
ауылдағы мал басын қайта санақтан өткізу, жайылымдық жайы, газ, ауыз су, жол, спорт алаңшасы, техника жөндеу орталығының жарығы, 505 мың теңге қайтарымсыз грант туралы ойларын ортаға салды.

Үш ауылда өткен есепті жиындарда аудандық соттың төрағасы Б.Абуев өткен жылдың соңына қарай Қазақстан Республикасының «Қылмыстық», «Неке және отбасы туралы, «Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы» Кодекстеріне енгізілген өзгерістер туралы, ал аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Әйтішев биылғы жылдан бастап әлеуметтік-медициналық сақтандыру тәртібі туралы арнайы слайд арқылы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиындарға Жамбыл облысы әкімдігінің бас инспекторы Ж.Жақсылық, аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков, аудандық соттың төрағасы Б.Абуев, аудан
прокуроры Н.Әділов, тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысып, өз салалары бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.