Жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүргізіліп келеді   | arainews.kz

Жұмыссыздықпен күрес жүйелі жүргізіліп келеді  

198

Сарысу ауданында облыс экономикасының өзегі саналатын іргелі өндіріс ошақтары орналасқан. Қаратаудың иен байлығын игеруді мақсат еткен «ЕуроХим», «ҚазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірқатар өнеркәсіп нысандары орналасқан аймақта жұмыспен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп отыр. Бұл орайда нәтижелі жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламаларын сарысулықтардың айқын сезініп жатқанын атап өткен жөн.

 Жалпы жыл басынан бері Сарысу аудандық жұмыспен қамту орталығына «екі қолға бір күрек табу» мәселесімен қайырылған  1 784 адамның 755-і тұрақты жұмыс орнын тапқан. Жұмыссыздық мәселесі алаңдатқандардың 1 115-і ауыл тұрғыны екен. Ауылда  жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларына 1 851 адам тартылды.

Өз кезегінде жұмыссыздықпен күресте азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыс орнын ұсыну тәжірибесі де өз нәтижесінен беруде. Жыл басынан бергі 9 айда 398 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, олардың әрқайсысына 91 401 теңге еңбекақы тұрақты төленіп тұрды.

Жастар жұмыссыздығындағы табысты қадам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында сезілуде. Жыл басынан бері бұл бағдарламаның шарапатын көруден үмітті 158 сарысулық жас маман 6 айлық жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Мемлекет тарапынан олардың қызмет орнына қарамастан әрқайсысына  47 219 теңгеден айлық төленіп тұрді.

Әлеуметтік жұмыс орындары арқылы  қаңтар айынан бері 144 жұмыссыз уақытша жұмысқа орналасты. Өз кезегінде дәл осы  мақсатқа мемлекет тарапынан бөлінген қаражат толықтай игерілді. Жұмысшы әрі еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар бойынша есепті мерзім ішінде қысқа мерзімдік кәсіптік оқытудан 200 адам жолдау жоспарланған. Сәйкесінше бұл жоспар артығымен орындалып 233 адам кәсіптік оқытумен қамтылды. Осылайша кәсіптік оқыту шараларына қаралған  22 миллион 900 мың теңге қаржы толық игерілді. Бүгінгі күнге дейін 4 мамандық бойынша 70 азамат оқуын аяқтап, тиісті құжаттарына иелік етті. Ал қалған 130 адам өз мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіріп жатыр.

Жұмыспен қамту шараларының негізігі бір бағыты кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдау десек, тоғыз ай ішінде 50 сарысулық шағын несие алып, шаруасына дөңгелетудің алғы шартын жасады. Жұмыссыздарға кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасымен 195 адам  оқытылды. Бір сөзбен айтқанда Сарысу ауданында жұмыспен қамтудың түрлі шаралары нәтижесінде 755 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.