Жолдау: Мемлекеттік басқару академиясы «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын әзірлеуге кірісті

45

Түрлі саланың сарапшылары Астанада өткен ғылыми кеңесте Елбасының биылғы халыққа Жолдауын талқылады.

Елбасының жаңа Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі  басты басымдыққа айналуға тиістігі көрсетілген. Мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы — адамның даму мәселесі болып отыр.

Осы аталған мәселені кеңінен талқылау мақсатында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: қоғамдық келісімді нығайтудың негізі» атты ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақпараттық-ресурстық орталығында ғылыми сарапшылық кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс жұмысына экономика, қоғам, әлеуметтану салалары бойынша сарапшы мамандар қатысып, Жолдауда айтылған Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру мен табысты елге айналудың алғышарттары мен негіздері мәселесі сөз болды.

«Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда академияның алдында көптеген міндеттер тұр, атап айтқанда Жолдау мемлекеттік басқару және орындаушы органдар арқылы жүзеге асырылатын болғандықтан, мемлекеттік басқарудың негізгі стратегиясы мен табысты тәжірибесі туралы нақты түсінік беру, басым және даму мақсаттарын анықтауымыз керек. Қазақстан үшін мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың өз алдына қойылған міндеттерін іске асыруда нығайту қажет», — деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева


Сонымен қатар, вице-ректор Мемлекеттік басқару академиясының Назарбаев Университетімен бірлесіп Елбасы Жолдауында айтылған «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу жұмыстарына кірісіп кеткенін де тілге тиек етті.

Президент өз Жолдауында үздік шетелдік компанияларда жұмыс тәжірибесі бар немесе әлемнің жетекші университеттерінде білім алған жеке сектордағы кәсіби мамандарды тарту маңызды екенін айтып өткен болатын.

«Жолдаудың қабылдануы мен оның орындалуы арасында көптеген процестер бар, атап айтқанда халыққа жеткізе білу мен тапсырманы орындауда неден бастау керектігін түсініп алу. Сондықтан экономика, қоғам, әлеуметтану ғылымдары бойынша ғылыми сарапшылардың кеңестік отырысын ұйымдастырып, талқылаудамыз. Біздің мақсат — ғылыми тұрғыда талқыдан өткізіп оны тиісті аудиторияға ұсыныс түрінде жеткізу», — деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, сарапшы маман Айгүл Сәдуақасова.


Ұйымдастырушылардың айтуынша жиын барысында айтылған сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары жинақталып Жолдаудың жүзеге асыру барысында ескерілетін болады.

Еске сала кетсек, Елбасының 5 қазандағы халыққа Жолдауында Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу қажеттілігі айтылған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.